Home » Білім және тұлға » Өнегелі ұстаз

Өнегелі ұстаз

Алтынай Сейсенбайқызы Әзімбаева  — отыз жылдан аса еңбек өтілі бар тәжірибелі әрі білікті ұстаз, сонымен қатар, тарихы терең Тараз шаһарындағы №45 «Балбұлақ» балабақшасының әдіскері. Ол балабақшаға көбіне сертификаттарымен келген пән мұғалімдерінің  балалармен жұмыс жасауда шатысатындығын айтады.  «Бұл мектеп емес, колледж емес – балабақша. Балаларды қоршаған ортаға қалыптастыратын алғашқы баспалдағы. Сондықтан да бүлдіршіндерге тәрбие мен білім беруде жан-жақты болған жөн. Ал жан-жақтылық көбіне «мектепке дейінгі даярлық» мамандығын тәмамдаған, арнайы дипломы бар ұстаздарда баршылық», — дейді білікті әдіскер.
«Мен өзімді бақытты ұстазбын деп санаймын. Өйткені отбасымызда «педагогикалық дәстүр» қалыптасқан. Себебі артымнан ерген сіңілім мен інім мектепте мұғалім, өзімнің келінім де ағылшын тілінің ұстазы. Міне, сондықтан да өмір бойы оқып, іздену бағытын ұстанамыз» — деп сөз бастаған ұлағатты ұстаз Алтынай Сейсенбайқызы өзінің балалық шағынан есінде қалған қызықты әңгімеге көшті. Балалық балғын шағынан мұғалім немесе журналист болуды мақсат еткен кейіпкеріміз орта білімді үздік тәмамдаған,  журналистикаға құжаттарын тапсырғанымен тағдыр оны педагогика саласында қызмет етуді бұйырыпты. Шу ауданындағы кішкентай ауылда тамаша ұстаздардан тәлім алған Алтынай Сейсенбайқызы олардың дәрісімен қатар ерекше қасиеттерін де бойына сіңіріп өседі. Иә, ол заманда кеңес үкіметінің білім беру жүйесі бойынша ағылшын немесе орыс тілі балабақшадан бастау алмайтұғын. Жоғары сыныпта да ағылшын тілі аптасына бір сағат үйретіледі. Бүгінгідей үш тілділік саясат әсте жоқ. Бірақ тілге деген сүйіспеншілік ішкі дүниесінде ұстаздар арқылы қалыптасқан кейіпкеріміз  10-сыныпты оқып жүргенде тарих пәнінің мұғалімінің арнайы тапсырмасы бойынша украин жазушысы Богдан Муницкийдің кітабын аударған екен. Ал ағылшын тілінің маманы әлдебір себептермен мектепке келмей қалған сәттерде ол өздігінен тіл үйренген. «Мектепті бітірген соң, қазақ мектебін бітірген оқушы бола тұра орыс тобында оқыдым, сонда менен өзгелер:«Сіз қалайша орысша жақсы сөйлесейсіз?» — деп сұраушы еді, сонда мен өзідігімнен жұмыс жасағанымды айттым. Ал, ағылшын тілін меңгерудегі тәжірибе өз үйімде қалыптасты. Бір ай бойы ағылшын тілінің мұғалімі мектепке келмесе де өздік  жұмыс жасап, үйде ағылшын тілін қосымша үйренуші едік.  Сейсенбайдың қызының өзі үздік аттестатпен мектеп бітірді дегеннің өзі маған абырой болғандықтан жан-жақты болуды мақсат еттім.. Мектеп, оқу бітіргеннен кейін сол мектепке басатауыш сыныптың мұғалімі ретінде жұмысқа орналастым.  Көп балалы отбасында өскен соң ба, қайдам?! Әйтеуір, әке-шешеміз жақсы оқыдың ба, өзің оқуға түс дейтін, біздің әуенімізге төңкерілмейтін. Соны дәлелдеп оқуға түстік. Енді міне соның рахатын көріп, адал еңбегіміздің нанын жеп отырмыз», — деп Алтынай Сейсенбақызы балалық шағын есіне алды.
Еңбек жолын 1980 жылы Шу ауданы, Жаңажол ауылы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болудан бастаған кейіпкеріміз бір күн де жұмыссыз отырған емеспін дейді. Қиын балаларға арналған мекемеде,   кейін Шу ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте қазақ тілінің маманы болып еңбек етті. Қай білім ордасында жүрсе дағы педагогика саласында жан-жақтылықты қамтуға тырысқан, жетістік терге жетуді көздеген. Шәкірттерді  тәрбиелеп, олардың санасында жатталып қалатындай етіп, білім нәрімен сусындатқан кейіпкеріміз: «Олардың жеңістеріне шынайы қуанып отыру мықты ұстаздың келбеті. Өзім де мектепті бітіргеніме 38 жыл болса дағы ұстаздарымды ұмытпаймын. Бізде меектепте қазақ тілінен сабақ берген Гүлсім Нұржабаева деген ұстаз болды, ол кісі сенен жақсы журналист шығады дегенді айтып отырушы еді. Ол кісі маған тамаша екпін берді.  Міне, мұндай мұғалімдерді ұмыту мүмкін емес, сол секілді менің шәкірттерімнен де тамаша ұстаздар шықса нұр үстіне нұр болар еді».  Мен тек қана соның тілеуін тілеп отырамын», — дейді ағынан жарылып.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай,  адал еңбектің ешбір жамандығы жоқ. Кез-келген салада сол істің шебері болсаң жұрт сені мақтайды.  Ал, кейіпкеріміз Алтынай Сейсенбайқызы еңбек етіп жатқан №45 «Балбұлақ» балабақшасында 360 бала тәрбиеленуде. «Біздің балабақшамыз 30.08.2016 жылы ашылды, бұл бақшаны 10 жылдық тәжірибесі бар мықты маман басқарып отыр. Салимова Динара Жақсылыққызы, адамгершілік тұрғысынан өте жоғары екендігін көрсете білген кәсіби білікті басшы. Ішкі жан жылуымен елді баурап алатын мықты мамандардың бірі, ізденімпаз педагог. Қайратты, жігерлі меңгеруші Динара Жақсылыққызына сәттілік тілеймін! Өзімнен 10 жас кіші болса да үлкен ауызбіршілікпен жұмыс жүргізіп отырған жайызмыз бар. Басшы ретінде тамаша көңіл-күйімен жас мамандардың  жұмысына демеу береді. Бақшамызда қалалық, облыстық байқауларды ұжыммен бірлесіп ұйымдастырып отырамыз. Жаңадан ашылсақ та 6 ай болмай педагогтарымызды, жас мамандарды үлкен байқауларға қатыстырып отырамыз. Қали Маржан деген жас тәрбиешіміз 3 орынды алып келді. Осындай тамаша мекеме Елбасымыздың тапсырмасымен салынды. Міне,  осыған орай әдемі мекемеде үлкен сүйіспеншілікпен неге жақсы жұмыс жасамасқа?», — деп кейіпкеріміз өзі қызмет етіп жатқан мекеме туралы ақпарат берді.  «Бақшадағы тәрбиеші-педагогтар Алтынай Сейсенбайқызы зейнетке шыққан  кім бағыт-бағдар сілтейді дейміз, бірақ әдіскеріміздің бізге берген ақыл-кеңесінің өзі  үлкен жетістіктерге жетелейді»,  — деп  жас тәрбиешілер де кейіпкеріміз Алтынай Сейсенбайқызы туралы жақсы сөздерді жаудырды.
Қорыта айтқанда, әлемнің екінші Аристотелі Әбу-Насыр Әл-Фараби  «Ғақли көзбен қарасаң, дүние – ғажап, сен – есім. Жаһли көзбен қарасаң, дүние – қоқыс, сен – мешін» деп айтқандай, Тараз қаласындағы №45 балабақша әдіскері Алтынай Сейсенбайқызы Әзімбаева өмірге ғақли көзбен қарайтын мықты мамандардың бірі һәм бірегейі.

Жансая Құрманғалиқызы,
Тараз қаласы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.