Home » Білім және тұлға » Өнегелі ұстаз

Өнегелі ұстаз

  «Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша    

    Бүгінгі кейіпкеріміз Астана қаласындағы № 35 мектеп-лицейінің өнегелі ұстазы – Алдажар Гүлжан Жиенейқызы. Ол 1981 жылы Қызылорда обл, Қазалы ауданында дүниеге келген. 1997 – 2002 ж.ж. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің «математика пәнінінің мұғалімі» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласы Білім басқармасының № 35 мектеп-лицейі мелекеттік мекемесінде математика пәнінің ұстазы ретінде бастаған. Қазіргі таңда аталмыш мектепте ғылыми әдістемесі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарады.
Мұғалім болуды балғын балалық шағымнан армандаған едім, өзімнен кейінгі сіңлілеріме ұстаздық етіп, ойын ойнаушы едік. «Математика» пәні мені мектеп қабырғасынан бері қатты қызықтырды, өсе келе бұл сабақтан аудандық, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға да қатыса бастадым. Анамның өзі де ұстаз. Туған жерімде мектеп қабырғасын тәмамдаған соң, «математика пәнінің мұғалімі» атануды мақсат тұттым, — дейді кейіпкеріміз Гүлжан Жиенейқызы.

 
Былтырғы жылы бұл мектеп 25 жылдықты атап өтті. Ал математика пәнінің ұстазы Г.Ж.Алдажардың мұнда қызмет етіп жүргеніне бақандай 15 жыл болған екен. Алғашқы еңбек жолын қарапайым мұғалім болып қызмет етуден бастаған кейіпкеріміз дәл осы мектепте директордың ғылыми әдістемесі жөніндегі директордың орынбасарына дейін көтерілген. Әрине, оның қызметінің жоғарылауы тынымсыз еңбегінің, ізденімпаздылығының жемісі деуге әбден болады. Мектеп ішінде және мектептен тыс көптеген жұмыстарды атқарған ұлағатты ұстаз өз жанынан өлең шығарып, жыр-жинақ кітабын да жарыққа шығарған, білім саласында мықты мамандардың бірі болғандықтан Астана қаласы Білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.
— Мен, мектепке жұмысқа орналасқанымда директорымыз А.І. Жақсылықова еді, одан кейін Т.Н.Ахмедин басшылыққа келді, осы 2 басшының қарамағында көп жыл бойы түрлі қызметтерді атқардым, әуелі қарапайым мұғалім болып, түрлі іс-шараларға қатыстым, шыңдалдым десем де болады. Сол еңбегімнің нәтижесін көріп, осы қызметте еңбек етіп келемін. Оқу бітіргеннен кейін бір жерде тұрақты қызмет еттім. Мектеп әрі оның басшылығы жақсы болғандықтан ұжым да тұрақты болады, — дейді математика пәнінің ұстазы Г.Ж.Алдажар.
Астана қаласы Білім басқармасының №35 мектеп-лицей мемлекеттік мекемесінің ұжымы бірауыздан Гүлжан Жиенейқызын мақтай бастайды. Оның құжаттарға тыңғылықты жауапкершілікпен қарайтындығын, білікті маман иесі әрі қызметтік лауазымды да адал атқаратындығын барлығы да мақтанышпен жеткізген еді. Әрі функционалды басқару қабілеті жоғары, көпсөйлемейтін биязы тұлға деп сипаттады.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, жақсы ұстаздың шәкірттерінің ұстамы да мықты. Кейіпкеріміздің алғашқы шәкірттері Астана қаласындағы түрлі оқу орындарын бітірген, оның ішінде Назарбаев университетіне де оқуға түсіп, «қызыл диплом» иеленіп жатқандары да бар, көбісі жанұялы, кәсіби білікті маман иелері.
«Білімді тал бесіктен, жер бесікке дейін ал» демекші, бүгінгі таңда аталған оқу ордасында білім беру мазмұнының жаңаруына байланысты мектеп ішінде тренерлерді оқытып жатырмыз, 3 тренеріміз оқып келді, сертификаттар алып, «Өрлеу біліктілікті арттыру институтының» курстарын тәмамдап жатырмыз, — деді бүгінгі кейіпкер білім беру саласындағы өзгерістерге тоқтала кетіп. Бәрін айт та бірін айт, мектеп оқушыларының ата-аналары да математика пәнінің ұстазы Гүлжан Жиенейқызын, ерекше қадір тұтады, өйткені ұлағатты ұстаздың берері мол, әдіс-тәсілдері сан қырлы, сапалы әрі жан-жақты білім беруде өне бойы озық тұратын мұғалімдердің бірі әрі бірегейі дейді.
«Өрлеу біліктілікті арттыру» Ұлттық орталығының Астана қаласы бойынша филиалының педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, тренер Боранбаева Ләйла Қайырбекқызы кейіпкерімізді былай деп сипаттаған еді: «Математика пәнін жаңартылған бағдарлама бойынша өткізілген курс барысында Гүлжан Жиенейқызы өте белсенді қатысушы ретінде өз-өзін жан-жақты көрсете білді. Тренингте жан-жақты өзіндік тәжірибесімен көпшілікпен бөлісіп, сабақты жоспарлау бойынша тыңғылықты нәтижелерді көрсете білді. Көптеген педагогикалық тәсілдерді меңгерген жаңашыл ұстаз ерекше қабілеттілігімен көзге түскен еді».
Бүгінгі таңда кейіпкеріміз білікті маман, көптеген мақтау қағаздары мен құрмет грамоталарының, алғыс хаттардың иесі, ұлағатты ұстаз, адал жар әрі үш баланың мейірімді анасы атанып, әріптестері мен ата-аналарға, оқушыларға сыйлы жандардың бірі болып отыр.


Қорытындылай келе, білім саласында ұстаздарымыздың сапалы білім иелері атануы, көпшілікті толғандыратын түйінді түйткіл екендігі аян. Ал, Гүлжан Жиенейқызы сынды өнегелі ұстаздар жастарды тәрбиелеп, сапалы білім беріп жатса бүгінгі ұрпақ жарқын болашақтың кепілі болатындығы анық.

Жансая Құрмағалиқызы,

«Білім Айнасы»   

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.