Home » Мақалалар » Өмір сүру үшін өзгере білу керек

Өмір сүру үшін өзгере білу керек

Өмір сүру үшін өзгере білу керек

       Қазіргі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектепке енгізілетін өзгеріс орасан зор адамдар ресурсын және уақытты қажет етеді. «Өрлеу» Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығы» Акционерлік қоғамының филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында өзекті бағыттардың бірі – педагогтеріміздің кәсіби біліктілігін арттыру ғана емес, мүмкіндігінше сол педагогтермен бірлесе отырып білім беру бағытындағы өзекті мәселелерді анықтау, оны жақсарту жолдарын табу. Осы бағытқа сай сындарлы оқытуға негізделген педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру Бағдарламалары облыс педагогтері үшін өзін-өзі дамытуға және кәсіби орта құруға ұйытқы бола алды. Біліктілік арттыру курстарынан өткен ұстаздар өздерінің кәсіби әлеуеттерін табысты оқытуға бағыттайды және өз оқытуының көшбасшысына айналады. Осы дағды ұлттың рухани жаңғыру жағдайымен тұспа тұс келуі кездейсоқтық емес. Тарих көшінде сүбелі орнымен ерекшеленетін білім беру ісінің нағыз майталмандары сахна тасасында қалып қойып жатады. Елбасының «..Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын..» деген идеясының жалғасы ретінде, бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды жөн санадық.
Қазіргі мектеп ұстаздары мектеп оқушыларының ертеңгі өзгермелі өмірге қажетті дағдылар мен икемділіктерді меңгеруіне жауапты. Бұл өзгерісті мұғалім өзінің оқыту мен оқу тәжірибесінен бастауы тиіс. Осылайша, олар өз тәжірибелеріндегі кемшіліктер мен жетістіктерге сыни көзқарас білдіре отырып, оны әрі қарай жақсартудың жолдарын қарастырады. Ал мұғалімдердің тәжірибесіндегі ол өзгерістің табысты болуы тек сертификатталған ұстаздарға ғана емес, сонымен қатар мектеп басшыларына, мектептегі әріптестеріне, оқушылар мен ата-аналарға да қатысты. Міне, осындай өзгеріс кезеңінде үздіксіз дамумен қатар сәтсіздіктер мен жетістіктерді бірге ала жүріп табысқа жеткен ұстаздардың еңбегі жоғары бағалануы тиіс. Мұндай мұғалімдердің табысқа жету формуласы қандай болды… деген мәселелер жас мамандарды және сол мұғалімдердің әріптестерін қызықтыратыны сөзсіз. Осы бағытта мағыналы бір іс-шара ұйымдастырғалы жатырмыз.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идесын жүзеге асыру аясында 2018 жылдың 1-28 ақпан аралығында «Менің жетістігімнің формуласы…» Республикалық үздік эссе байқауын өткізуді жоспарлап отыр.
Білім беру ісінің дамуына зор үлес қосқан педагогтерді анықтау және олардың табысқа жету тарихын насихаттау, белгілі адамдардың нақты тәжірибелері арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстандық педагогтің келбетін жарыққа шығару байқаудың мақсаты болып табылады.
Ал байқаудың міндеттеріне: тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен жетістікке жеткен педагогтерді рефлексия жасауға бағыттау; өз жетістігінің формуласын жеткізуде мұғалімдердің таным көкжиегіне қозғау салу, интеллектуалдық байлығын көрсетуге мүмкіндік жасау; ел дамуына зор үлес қосқан мұғалімдердің өздері мен олардың табысқа жету тарихын насихаттап үлгі ретінде тарату жатады.
Институт ұстаздардың педагогикалық ұстанымдарында, кәсіби тәжірибесінде орын алған сапалы өзгерістерді анықтауға үлкен мән береді. Өйткені ұстаздар оқушыларға қалай оқу керектігін үйрету тәсілдерін біліп, қолданып қана қоймай, әрбір оқушыға үміт артып және олардың білімдік жетістіктеріне жағымды үлес қоса алуы тиіс.

 

 

Карымбаева Сағадат Мейрамбаевна,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы
акционерлік қоғамының филиалының
деңгейлік бағдарламалар орталығының жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.