Мақсаты:
1. Өмірге деген бейімділік, табандылық қарым-қатынаста болуын қалыптастыру, өмірдің құндылығын сезіндіру.
2. Түрлі мәселелер туралы психологиялық білім беру, олардың алдын алу.
3. Адамның өмірі өз қолында екенін түсіндіріп, өмірді сүюге дағдыландыру.
4. Қайырымдылыққа, білімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Міндеттері:
— өмір жолының, өз алдына қойған өмірлік мақсат-мұраттары мен жалпы адамгершілік құндылықтардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру;
— оқушыларды өз өмірінің мәнін түсіне білуге, рухани өсуге және жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата отырып, өмірлік айқындамасын белгілей білуге үйрету;
— оқушыларды өз өміріне, өз сөзі, ойы және әрекетіне мұқият болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, слайд, жағдаяттар, постерлер, жіп, әуе шары.
Барысы:
1. Кіріспе сөз
2. Бейнебаян
3. Ойланайық, пікірлесейік
4. Ой қозғау «Ұлылардан ұлағат»
5. Жағдаяттарды талқылау
6. Назар аударайық. Бейнебаян
7. «Жүректен – жүрекке»
Психологиялық көңіл күй «Өрмекшінің торы»
— Біз қазір «Өрмекшінің торы» ойынын ойнаймыз. Мен жіптің басын ұстап, өзімнің аты-жөнімді айтамын да, өмірлік ұстанымымды айтамын. Осылайша кезектесіп жіпті бір- бірімізге береміз. Біздің жібімізден өрмекшінің торы шықты. Жаймен саусағымыздан жіпті шығарып, осы бір команда ретінде сабағымызды бастайық. Бұл тренингтің бір ерекшелігі – өз ойыңызды ортаға салу, еркін сөйлеу.
1. Кіріспе сөз
Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар және ұстаздар!
Бүгінгі тренингімізді Тұманбай Молдағалиев ағамыздың өлеңімен ашқым келіп отыр.
Адам күліп қарсы алады таң нұрын,
Адам жырлап жөнелтеді әр күнін.
Сәл қайғырса, ол ұғына түседі,
Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.
Адам күліп қарсы алады таң нұрын,
Адам жырлап ұзартады әр күнін.
Сәл қуанса, шығарады ол естен,
Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.
— Осы өлеңде не жайлы жырлаған?
Әрине, өмір жайында. Ендеше бүгінгі біздің тренингіміздің тақырыбы «Өмір, мен сені сүйемін!» деп аталады.
1. Пікірталас сұрақтары:
• Өмір дегенді қалай түсінесіңдер?
• Өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?
• Өмір адамға несімен қымбат?
• Адам баласы не үшін өмір сүреді?
• Сіздің өмірдегі мақсатыңыз қандай?
• Сіз өмірді сүйесіз бе?
Міне, осы сұрақтарға сіздердің берер жауаптарыңыз қандай болмақ? Сөз кезегі өздеріңізде.
Өмір дегеніміз – адам баласының туған күнінен бастап осы күнге дейінгі жүрген жолы. Өмір былайша алып қарағанда, төрт-ақ әріптен тұратын сөз. Алайда осынау сөзге қаншама ұғым сыйып жатыр десеңізші. Оның әрбір мезеті сынақтан тұрады. Қиындық пен қуаныш кезектесіп жетіп отырады. Бір ағамыз: «Өмір сырын білгізбейтін тентек ат секілді, қай жағыңнан келіп тебетінін білмей де қаласың» деген екен. Иә, шынында да солай. Басқаша алып қарағанда өмір шеті де, шегі де көрінбейтін үлкен өзен тәрізді. Ал біз – сол өзенде ақырын жүзген қайықпыз. Олай болса, Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осы қамшының сабындай қысқа ғана өмірде бір-бірімізбен тек сыйласып өткенге не жетсін.
2. Ой қозғау «Ұлылардан ұлағат»
Әр кластан бір билеттен алып, ұлылардың өмір жайлы айтқан сөздерін оқып, ой қозғайды немесе ойды аяқтайды.
•«Өмір деген – бұйым емес қолдағы, Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы». /М. Мақатаев/
• «Өмір — теңіз, өтіп кетем демеңіз, Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» /Рудаки./
• «Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын» / Қадыр Мырзалиев /
Өмір жайында жақсы ой-пікірлеріңді тыңдадық. Енді келесі жағдаятты қалай шешер едіңіздер? Соған тоқтала кетейік.
4. Назар аударайық: Бейнебаяннан не түсінгенін сұрау.
Оқушыларға ақ парақтар таратылады, оларға болашақтағы өмірін қалай елестетер еді, сол туралы өздерінің ойын параққа түсіріп, бірер сөзбен суретін қорғау.
5. Жүректен – жүрекке.
Міне, өмір дегеннің не екенін талдадық, олай болса:
«Өмірдің қызығын көрудің бір-ақ жолы бар, батыл болып, жеңілістер мен ауыртпалықтардан қорықпау» дей келе, сіздердің бүгінгі кештен не түйгендеріңізді және осы күнге тілектеріңізді тыңдағым келіп тұр.
(Оқушылардың ойларын, тілектерін ашық айтуы)
Олай болса, мен сіздерді мына ұранмен өмір сүруге шақырамын.
Барлығы қосылып:
Біз өмірді сүйеміз!
Бақытты өмір сүреміз!
Біз бәріміз біргеміз!
Сөз соңында «Адамды өмір үйретеді, үйретпесе күйретеді» дегендей, өмірдің ащысына төзе біліп, тәттісін ұғына білейік.
Ал енді осы тренингтен алған әсерлеріңізді айта кетсеңіздер. Келесі кездескенше сау болыңыздар! Уақыттарыңызды бөліп, психологиялық тренингке қатысқандарыңызға рахмет!