Home » Білім және тұлға » «Өмір бойы оқу, үйрену» қағидасын ұстанамын

«Өмір бойы оқу, үйрену» қағидасын ұстанамын

       Еліміздегі беделді білім ордаларының бірі – Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы. Аталған мектептің беделі білім сапалылығының жоғарылауымен артқаны көпшілікке бесенеден белгілі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұстанған сарабдал саясаттың өркендеуіне, білім саласының кемелденуіне едәуір үлес қосқан мектеп ұжымы білікті әрі талапшыл ұстаздарымен шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан. Өйткені мектеп оқушылары республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанып, шыңның жүзін бағындыруда! Мектеп қабырғасында шәкірттеріне әрі әріптестеріне нақты бағыт-бағдар сілтеп отырған педагогтардың бірегейі – Есімханова Жазира Есімханова. Ол — директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары. Ендеше кейіпкерімізбен жүргізген сүбелі сұхбатымызды оқи отырыңыздар.

  —    Құрметті Жазира Есімханқызы, өзіңіз әрі еңбек жолыңыз жайлы сыр шертсеңіз, мұғалімдік мамандықты оның ішінде математика, информатика пәнін таңдауыңызға не себеп болды?

 

—    Мен, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Сарыөлең ауылында 1980 жылы 1 ақпанда жанұямызда 10-шы бала болып дүниеге келіппін. Мен дүниеге келгенде анам алтын алқа тағып, батыр ана атаныпты. «Дүние есігін алтынмен ашты, өмірінің әрбір жаңа кезеңін алтынмен бастап отыратын «Мықты қыз» болар деп ырымдапты. Сонымен, көрші-қолаң, кейін ауыл-аймақ мені «Мықты қыз» деп атап кетіпті, мектеп табалдырығын аттағанда ғана азан шақырып қойған атым Жазира екенін білдім. Анам ырымдағандай кейін мектепті де үздікке бітірдім. Математика, информатика пәнін мектепте сүйіп оқыдым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, бұл пәндерді ерекше жақсы көруіме себепші болған Сағиева Айман апайым — А.Жданов (қазіргі Б.Момышұлы атындағы мектеп) атындағы мектептің математика пәні мұғалімі мен Мустафина Фарзана А.Байтұрсынов атындағы мектептің информатика пәні мұғалімі.

—   Ал жас маман болып еңбек жолымды алғаш бастағаннан бері шыңдаған өмірлік ұстаздарым – Турабаева Риза Юрийқызы (Д. Қонаев атындағы мектептің директоры), тәлімгерім Ділданова Гүлжанат, Төлеу Салтанат Ерсағатқызы (қазіргі Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия директоры), Ниязбекова Айша Бердешқызы (Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының бұрынғы директоры) болса, қазіргі директор Шортанбекова Фарида Советбекқызынан да үйренерім көп. Жалпы, бүгінгі заман қарқынына ілесу үшін «өмір бойы оқу, үйрену» қағидасын ұстанамын.

       —   Педагогика саласында қандай жетістіктерге жеттіңіз? Арнайы марапаттарыңыз жайлы айта кетсеңіз.

—    Мұғалімнің жетістігі дегенді оқушысының алған асулары деп есептеймін. Оқушыларыммен жүргізген үздіксіз жұмысымның нәтижесінде 2014 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Зерде» ғылыми жоба байқауынан оқушым Умурзак Аяулым ІІІ орын, 2016 жылы халықаралық «Шығу жолы бар!» логикалық олимпиадасынан оқушыларым Ербол Аңсаған, Шырақбай Жарас І орын, 2016 жылы халықаралық «Көктемгі Олимп» логикалық олимпиадасынан Қадырбеков Тамирлан ІІІ орын, Шырақбай Жарас ІІ орын, Жұмамұрат Асанәлі ІІІ орындардыиеленді. Оқушыларым Умурзак Аяулым мен Әлімхан Айбек ТарМПИ ұйымдастырған «Жас ғалым-2013» V халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында І дәрежелі дипломмен марапатталса, 2016 жылы облыстық ғылыми жоба байқауынан ІІІ орын алған.

2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген VІІI республикалық инновациялық идеялар фестивалінде «Логика» пәнінен ұсынған авторлық бағдарламам ІІІ орын алса, 2014 жылы «Жаңашыл педагог» номинациясымен марапатталдым. 2015 жылы КИО олимпиадасынан І орын, 2016 жылы «Шығу жолы бар!» халықаралық мұғалімдер арасындағы логикалық олимпиадасынан І орын алдым. «Логика» пәнінен жазған авторлық бағдарламамды сәтті шыққан жұмыс деп есептеймін, себебі осы бағдарламамен дайындалған 16 оқушым Назарбаев зияткерлік мектебіне түссе, 12 оқушым қазақ-түрік лицейлерінде, 4 оқушым О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатында білім алды.

Мұғалім әріптестерімен үнемі тәжірибе алмасып отыру керек деп ойлаймын. Осы мақсатта 2014 жылы «Мектептегі инновациялық ғылыми-әдістемелік жұмыстар: дамуы мен перспективалары» облыстық семинар-практикумында тренинг өткізсем, 2017 жылы ПШО-ның Тараз қаласындағы филиалы мен НЗМ бірлесе ұйымдастырған «Іс-әрекеттегі зерттеу – даму үшін негіз» облыстық конференциясында мазмұнды баяндамаммен бөлістім. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының 2014, 2015 жылдары өткізген «Білім берудегі инновациялар: ізденіс және шешім» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларында ғылыми мақалаларыммен бөлістім. 2015 жылы республикалық «Педагогикадағы инновациялар» журналының №11-12 санына «Тайм-менеджменттің 5 ережесі», 2017 жылы республикалық «Мектеп директоры» журналының №1-2 санына «Мектепті дамытудағы басты бағыт» тақырыбындағы мақалаларым жарияланды.

2016 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы халықаралық «Большая энциклопедия» жинағының «Лучшие в образовании» бөліміне енгізді.

     —   Бүгінгі уақытта Тараз қаласы Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарысыз. Мектебіңіз туралы сөз қозғасаңыз.

Азаттығымызға алғашқы қадам жасалған сол бір қиын-қыстау кездерде 1986 жылы іргетасы қаланған білім ордамызға – 31 жыл. Гимназия өміріндегі маңызды оқиғалар хронологиясына келсек,

2000 жылы республикадағы алғашқы мектептердің бірі болып оқушыларды ізгілікке, рухани адамгершілікке тәрбиелейтін «Өзін-өзі тану» пәні бойынша эксперименттік алаң ашылды.

2013 жылы қазіргі заманның ең үлкен келелі мәселелерінің бірі – оқушыларға функционалдық сауаттылыққа үйрету, яғни өзгермелі қоғамда әрқашан өз орынын таба білулерін қалыптастыратын оқушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған эксперимент алаңы ашылып, жұмыс жасап отыр.

2013 жылы Электрондық оқыту жүйесі енгізіліп, 2014 жылы республика көлемінде іс-тәжірибесі таратылып, «Мектеп жағдайында адами капиталды дамытуды басқару» тақырыбында жинақ жарыққа шықты.

Даңқты қолбасшы Б.Момышұлының атын иеленген гимназияның бүгінде республика деңгейінде танымал. 13 жыл болған ҰБТ нәтижесі бойынша гимназия 11 жылында республиканың үздік 100 мектебінің қатарында болса, соңғы 5 жылында алдыңғы 10-қа еніп, гимназия түлектерінің 75-80 пайызының жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алуы, білім сапасының жылма-жыл өсіп келе жатқаны, оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелілігі – гимназияның егемен елдің болашағына қосқан зор үлесі екені анық. Мектеп болып құрылған 30 жылдан бергі деректерге жүгінсек, 57 түлек «Алтын белгі», 10-ы «Күміс медалдың», 120-сы «Үздік аттестаттардың иегерлері» атаныпты. 2003 жылдан бері 34 жасқа Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша дүниежүзінің дамыған 25 елінде білім алуға мүмкіндік туса, 7 түлек «Болашақ» бағдарламасының магистратурасында білімін алған. Назарбаев университетін 2 түлегіміз ақтап шықса, студенттерінің қатарын толықтырып, тағы 3 түлегіміз жүр.

Қазіргі таңдағы мұғалімдердің алдында жас ұрпақтың жеке қабілеттілігін, дарындылығын, бейімділігін анықтау және оны дамыту, соның негізінде олардың болашағына бағыт беру, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін тұлға тәрбиелеу міндеті тұр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, гимназияның ұстаздары жас ұрпақтың бойындағы дарындылықты ашуда нәтижеге бағытталған жұмыстар атқаруда. Гимназияның дарынды оқушылары қала, облыс көлемінен асып, халықаралық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Халықаралық FLEX байқауының жеңімпаздары Ержігітова Сания, Алтынханова Арайлым, Зулфухарова Камиля, Балабек Маржан АҚШ-та білім алып келсе, Момбекова Нұрай АҚШ-та 11-сыныпта білім алып жатыр.

Оқушылардың білім алу үдерісінде сұраныстарын жан-жақты қанағаттандыру, сабақ үстінде жүзеге асатын тәрбие міндеттерін толықтыру, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында гимназияда 14 үйірме тұрақты жұмыс жасайды. Үйірме жұмысы оқушылардың сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталып, оларды интеллектуалдық, шығармашылық және физиологиялық тұрғыда дамытуды көздейді. Мұнда үйірмелер міндетті түрде шәкірттерден алынған сауалнаманың негізінде, оқушылардың сұраныстарына байланысты құрылады. «Аяла» хореография үйірмесі мен «Таңшолпан» халықтық би үйірмесі, фортепиано, таэквондо, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері оқушылар тарапынан әрқашан қызығушылыққа ие. Қазақ биінің ұлттық ерекшеліктерін заманауи билермен ұштастырып, жастардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, оларды би мәдениетіне, өнерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін үйірмелердің бірі — Шолпан Үштаева жетекшілік ететін «Таңшолпан» би ансамблінің ұшан-теңіз жетістіктері тілге тиек етуге болады. Спорт тақырыбы әңгімеге өзек болса, онда епті де шымыр чемпиондар Зульфухаров Медет, Зульфухарова Дана, Батырхан Серікханов, Нұрәлі Өмірзақ, Асанәлі Жұмамұрат, Перизат Әбділда, Лаура Ахатова, Мақсат Әбдіқадыров, Ерасыл Оңласынбек, Арнұр Жайлауов, Анель Алтайбек, Азамат Қалмұханбет, Қадіржан Асанбай, Ілияс Алимбеков, Диана Қалматтардың есімдері ойға оралады. Ал, білімділер аламанында суырылып шыққан Гүлназ Ердосова (ҰБТ-дан 125 балл иегері), Сұлтан Көбеев (ҰБТ-дан 124 балл алған), Саяжан Батырша, Руслан Сейсенбеков, Нұрай Қосжанова, Жұбай Ұлдана (республикалық олимпиада жүлдегерлері), Тілеш Нұрлыбек, Ерқанат Мұтаханов(халықаралық ғылыми жоба байқауының жүлдегерлері), Б.Саурыков(республикалық ғылыми жоба жеңімпазы), Нағым Өмірзақов, Мадина Раисова, Төлеген Әсем, Нұртас Аружан, Мөлдір Керимжан, Жарас Шырақбай, Ердәулет Әліпбаев, Әмір Кенжетаев, Қазыбек Шырақбай, Ақбота Әбдіқұл, Темірлан Амангелді, Бауыржан Қасымбай, Бейбарыс Қуандықов гимназияның бірден-бір мақтаныштары.

Ұжымда педагог кадрлардың білім дәрежесін жетілдіру, күн тәртібіне сәйкес қайтадан даярлау, қызметіне қарай ынталандыру ісі мақсатты жүргізіліп келеді. Дәл осылай мұғалім еңбегінің динамикасы, әріптестер арасындағы білімділік деңгейі айқындалады. Шеберлігі жоғары мұғалімдермен бірге қызмет жасау– қай ұжымға да табыс алып келері даусыз. Қиын да қызықты педагогтық еңбек барысында облыста, республикалық, халықаралық дәрежедегі білім бәйгелерінде басқалардан оза шапқан жаңа заманның жаңа ұстаздары Бошамбекова Күлпан, Өтегенова Гүлнар, Мырзабекова Қарлығаш, Шотаева Жамиля, Қаспақов Мұрат, Исраилов Нурлан, Маталиева Аида, Абдыева Бурулкан, Ермекбаева Гүлнар, Джайлаубаева Шолпан, Шолпан Уштаева, Ақмарал Бекназарова, Оразбаева Гүлжан, Ербекеева Маржан, Рақымжан Алманбетов, Ғайша Қасымбекова, Нұршат Тамабекова, Раушан Жұматай, Гаухар Есжанова, Гүлмира Тойшыбекова, Айгүл Абдымомынова, Хадиша Дербисалиева, Жанқораз Мөлдір, Құрманбаев Нуркен сынды мұғалімдердің талапқа сай қызметтеріне ерекше тоқталып өткенмен ұжымда «өз ісінің шынайы мамандары» деген дәрежеге сай ұстаздар жетіп артылады.

Ұжымның қажырлы еңбегі мен зор жауапкершілігінің арқасында №45 гимназия 2010 жылы «Адамдық борышың…» атты Шәкәрім Құдайбердіұлының мұраларын жатқа айтушылар сынында «Үздік мектеп», 2011 жылы «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен, тағы сол жылы «Халық таңдауы» сайысында «Білім беру қызметі» номинациясы бойынша марапат алса, Жамбыл облыстық білім басқармасының «Өнегелі педагогикалық ұжым — 2011» номинациясын олжалаған еді. Аталған табыстар 2013 жылы да жалғасын тауып, облыстық «Үздік білім беру ұйымы» атағы беріліп, «Газель» көлігі сыйға тартылған. 2014-2015 оқу жылының қорытындысына сай №45 гимназия қала көлемінде «Үздік гимназия», облыста «Табысты гимназия» деп танылып, осынау ұжымның озат ұстаздарына арналған ақшалай сыйлық тапсырылған болатын.

Гимназияны жетістікке жеткізген факторлар деп:

  • Гимназияның басқару жүйесінің тиімділігін,
  • кадларды іріктеу, жетілдіру, дамыту, жұмыстарының дұрыс жолға қойылуын,
  • оқу-тәрбие және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың сапалылығын,
  • гимназияішілік бақылаудың жүйелілігін,
  • қосымша білім берудің тиімді ұйымдастырылуын,
  • сыртқы байланыстардың , яғни ЖОО-мен байланыстың тиімділігін,
  • қамқоршылық кеңес жұмысының белсенділігін, яғни ата-аналардың қолдауын атап өте аламыз.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы өзекті мәселелерді іске асыру мақсатында гимназияда 4 бағыттан тұратын жоба іске қосылуда. Жоба аясында туған өлкенің қасиетті жерлеріне, Б.Момышұлының мұражайына саяхат жасаса, туған өлкенің қайраткерлері мен өнер, спортта жетістікке жеткен тұлғаларымен кездесу кештері ұйымдастырылады. Жыл көлемінде «100 кітап», «Кітапханаға кітап сыйла», «100 үздік оқушы», «100 үздік сабақ», «Үздік гимназист», «Үздік педагог», «Жомарт жүрек» жобалары, ақпараттық алаң: facebook, instagram парақшалары гимназия сайты жқмыс жасайды.

       — Осы орайда жаратылыстану пәндерін, оның ішінде математика пәнін ағылшын тілінде үйретуге қалай қарайсыз?

—   Бүгінде жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Біздің гимназияда жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту жұмыстары екінші жыл тәжірибеленуде. Жаратылыстану-математикалық пәндер терминологиясы ағылшын тілінде, биылғы оқу жылынан бастап «Физика ағылшын тілінде», «Информатика ағылшын тілінде» оқытылуда. Жахандық әлемге кірігудің басты шарты болғандықтан ағылшын тілінде жаратылыстану пәндерін оқытуды дұрыс деп қабылдаймын.

Жаңартылған білім беру мазмұнын сәтті енгізу мақсатында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру үшін кәсіби қоғамдастық тарапынан өткен оқу жылында рефлексивтік күнделік жобасы іске асса, осы оқу жылында «Іс-әрекеттегі зерттеу» күнделігі іске қосылып, мұғалімдер өз тәжірибелерін зерттеумен айналысуда.

      —   Отандық ұстаздардың мәртебесін көтеріп, оларды бағалау, халық пен үкіметтің Білім басқармалары мен Білім бөлімдерінің құзырына жатады. Осы орайда мұғалімдерді ынталандыру үшін қандай да бір ұсыныстарыңыз бар ма?

—   Біздің халқымыз «Ұстаздық ету – талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп» деп санаған, сондықтан қазіргі қоғамда мұғалім мәртебесін көтеру өзекті мәселе деп ойлаймын. Кәсіби деңгейі жоғары және әлеу­меттік тұрғыдан қолдау тапқан мұғалім – орта білім беру жүйесінде табысқа жетудің басты кепілі.

        —  Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

—  Менің  қазіргі білім  мазмұнын  жаңарту жағдайындағы  педагогикалық  ұстанымым «Маған айтып берсең – ұмытып  қалармын,  көрсетсең – есімде  сақтармын,  өзіме  жасатсаң  — үйреніп  алармын» деген Конфуций нақылы.

Ұстаздар еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан сіздердің ұжымдарыңызға шығармашылық шабыт тілейміз!

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы

Білім Айнасы,

Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.