11-12 және 15 тамыз күндері республикалық дәстүрлі тамыз конференциясының аясында Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыс пен қаланың жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған семинар өткізілді. Семинардың басты мақсаты: жалпы білім беретін мектептердің 5 және 7 сыныптарына енгізілгелі отырған жаңа мазмұндағы оқу бағдарламасымен және бағалау жүйесіндегі өзгерістермен таныстыру. Облыстың барлық аудандары мен қала мектептерінен келген ұстаздарды Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Касимов Балқан Маратұлы жаңа оқу жылымен құттықтай келіп, республиканың білім саласында жүргізіліп отырған реформаның мақсат-міндетімен, ерекшеліктерімен таныстырды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері облыстың барлық түкпірінен жиналған әріптестеріне бағдарлама мен бағалау жүйесінің ерекшеліктерімен таныстырып, шеберлік сыныптарын өткізді.
Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Оқу бағдарламалары сын тұрғысынан ойлау қабілеттеріне және ақпараттарды өздігінен іздеу дағдыларына бағытталуы тиіс» делінген.
Жаңартылған оқу бағдарламасы білім алушылардың тек теориялық білім ғана емес, сыни ойлауын, зерттеу дағдысын дамытуға бағытталады. Жаңа бағдарламада тағы бір маңызды аспект оқушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға назар аударылады. Жаңа әлемдегі Қазақстанның қалыптасу жолында өсіп келе жатқан жастарға дұрыс бағыт беріп, алдымен ұлттық құндылықты, ішкі сыйластық, құрметті қалпына келтіріп, сапалы білім, еңбекқорлық, жауапкершілікті бойларына сіңіруді мақсат етеді. Жаңартылған бағдарламаның қолданыстағы бағдарламадан тағы бір ерекшелігі-барлық пәндер бойынша оқу материалдарының материалдардың жөнсіз үлкен көлемде берілмей, нақты және қажетті материалдар іріктелген. Ұсынылған оқу ресурстары жаңартылып, соңғы зерттеулер мен ақпараттар қамтылған. Жылдам өзгеріп отырған қазіргі уақытта білім саласының да мобильді болуы заман талабы.
Жаңа оқу жылында республика мектептерінде бағалау жүйесінде де маңызды өзгерістер орын алады. Білім саласының даму бағытын зерттеумен айналысатын арнайы орталықтардың жүргізген сауалнамалары мен бақылауларының нәтижесінде қолданыстағы бағалау жүйесінің кемшіліктері сараланып, төмендегідей тоқтам жасалған.
«Баға қою үшін анық критерийлер жоқ болғандықтан, әдетте, бағалар мұғалімнің еркімен қойылады. Қолданыстағы білімді бағалау жүйесіне радикалды өзгерістер аса қажет». Критериалды бағалау жүйесі білім алушының оқу жетістіктерін оқу мақсатына сәйкес нақты бағалау критерийлері және дескрипторлармен бағалау. Бұл бағалау жүйесі оқушылардың жетістіктерін салыстырмайды және бір-біріне тәуелді етпейді, сонымен қатар, әр оқушының құзыреттілік деңгейі туралы ақпарат беруге бағытталады. Сондай-ақ, оқушының өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастырып, білім алу бағытындағы әрекетіне мұғалім мен сыныптастарынан кері байланыс алуға мүмкіндік береді.
Сонымен, елімізде биылғы оқу жылында негізгі мектептің 5 және 7-сыныптарының оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесінде жаңалықтар енгізіліп, өзгерістер басталып кетті. Бұл өзгерістерден күтілетін нәтиженің сапалы және салмақты болуына барлық білім саласында жүрген азаматтар, ел болашағына бейжай қарамайтын ата-аналар қауымы бірдей жауапты деген ойдамыз.
Ибраева Алтынай Махатқызы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
сарапшы-мұғалімі
Шымкент қаласы