Home » Білім және тұлға » Өмірде әркімнің өз соқпағы бар

Өмірде әркімнің өз соқпағы бар

«Жаныңда жүр жақсы адам» айдарының бүгінгі кейіпкері Талдықорған қаласындағы №45 «Арман» балабақшасының меңгерушісі  Сандуғаш Айтмұханқызы. Балабақшада балалар әуелі өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренуі керек деп білетін тәрбиешімен болған кішігірім сұхбатты оқи отырыңыздар.
-Сәлеметсіз бе, Сандуғаш ханым!
-Сәлемет пе, Дінмұхамед.
-Сандуғаш ханым, сіздің тәрбиешілік салада көптен бері қызмет етіп жүргеніңізді білеміз. Осыған орай сұрақты төтесінен қойсам… Бұл салаға  келуіңізге не себеп болды?
-Дұрыс айтасың, әрине. Менің бұл салада жүргеніме де біраз уақыт болып қалды. Кішкентай кезімізде бәріміз өз ұстаздарымызға еліктейтінбіз. Алғашқы ұстазымның шеберлігі, білімділігі, өнерлілігі әр балаға төккен мейірімділігі менің жүрегімнен өшпестей орын алып, мен де ұстаз болуды армандадым. Міне, осы арманым, балалық қиялым орындалды десем артық айтпаған болар едім. Сол арманның жетегімен мәңгі балалық шақтың мекені – балабақшада жұмыс істеймін деп шешіп, тәрбиеші мамандығын таңдадым. 1992 жылы Талдықорған педагогикалық университетінің «Мектепке дейiнгi педагогика және психология оқытушысы, мектепке дейiнгi тәрбие бойынша әдiскер» мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен тәмамдадым.  Осы жылы Талдықорған қаласындағы №45 «Арман» балабақшасына арнайы жолдамамен тәрбиеші қызметіне қабылдандым. 1994 жылдан әдіскер қызметін атқардым. 2010 жылдан меңгеруші қызметіне тағайындалдым.
— Тамаша! Өз мамандығыңыздың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
-Институтта оқып жүргенде алғашқы іс-тәжірибені өтуге балабақшаға келдім. Кіп-кішкентай балалармен бетпе-бет қалғанда олармен бірге ойнап, бірге оқып, бірге үйренудің теңдесі жоқ тамаша іс екенін ұқтым. Мамандығымның ерекшелігі: жауапкершілікті, аналық мейірімді талап ететін,  қызығы мен қиындығы кездесетін, әр баланың жүрегінен орын тауып, мәңгі сәби қалпыңда қалу деп түсінемін.
— Жалпы, сіздер балалардың  өсіп-жетілуін ғана қадағалап қоймай, оларға рухани тәрбие де бересіздер. Осы орайда, мына бір сұрақты қойғым келіп отыр: өзіңіз өмірдің мәні неде деп білесіз? -Өмірдің мәні – аяулы жар, ардақты ана, дана әже атану. Бұл дәрежеге әрине, ұрпағыңның жетістігімен жетесің. Балаларыма дұрыс тәрбие, үлгілі іс, адалдық пен шыншылдық, еңбекқорлық қасиеттерін бойына сіңіріп, адамгершілікке тәрбиелеу.
— Сіздіңше жетістік деген не?
-Жетістік дегеніміз – алдыңа қойған мақсатыңа жету. Өз мамандығыңның биік шыңына шыға білу – мен үшін үлкен жетістік. Ол үшін көп іздену, үйрену, еңбектену қажет. Өз еңбек жолымда тәрбиеші қызметін атқара жүріп, республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысып, жүлделі орынды иелендім, мектепке дейінгі тәрбие әдістерін жетік меңгере отырып, бірнеше әдістемелік құралдар әзірлеуге өз үлесімді қосып, әдіскер қызметіне келдім. Осындай жетістіктерімнің нәтижесінде меңгеруші қызметіне тағайындалдым.
— Тәрбие – тал бесіктен дейді халқымыз. Балабақшада бүлдіршіндер ең әуелі нені үйренуі, ұғынуы керек?
— Біздің заманымыз балалардың жеке бас дағдыларын дамытуды бірінші орынға қоюға міндеттейді. Қысқаша айтсақ,балабақшада бала ең алдымен өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын үйренуі керек.
— Бала тілі —  бал емес пе? Осы жерде жүргеніңізде басыңыздан қандай қызықты сәттер өтті?
-Баламен әңгімелесудің өзі бір қызық. Олар ойларын бүкпесіз ашық айтады.  Бірде екі бала ойнап отырып, томпақтау балаға екінші бала: «Сенің қолыңа жатуға болады,  өйткені қолың матрацқа ұқсайды» — деді. Баланың қолының томпақтығы соншалық матрац сияқты жұмсақ, бассаң саусағың ішіне кіреді. Баланың қиялы ғой, матрацқа ұқсатып тұрған. Томпиған бала маған жақындап, «Апай, шынымен  де, менің қолым матрацқа ұқсайды ма қараңызшы? – деп сұрады.
Тәрбиеші «Жер –ана» туралы ұйымдастырылған оқу қызметін өткізіп жатып «Жерді аялауымыз, ластамауымыз керек, жерге түкіруге болмайды т.с.с — деп түсіндірген соң, бәрі далаға серуенге шыққан кезде, Аңсар деген бала сабақта түсіндіргені есіне түсіп, аузына жиналған түкірігін толтырып: апайға қайда түкіремін деп ымдайды. «Бала тілі – бал» — деген осы шығар.
Бірде бір қыз бала ата-анасымен көлге демалып келіп, апайына: «Апай, мен көлге барғанда түтін шығып, қайық көрдім ғой» — деді. Сөйтсе, «түтін шығып» — деген сөз,  «тұншықтым» — деген сөз екен.
-Тәрбиешілер – балабақшаның негізі. Сіздіңше, тәрбиешінің  бойында қандай қасиеттер болуы керек?
— «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» демекші, тәрбиешінің бойында адами құнды қасиеттердің барлығы болу керек деп ойлаймын. Өйткені бала ақ парақ секілді не жазсаң, соны оқи аласың дегендей, тәрбиешінің бойындағы барлық қасиетін өзіне сіңіріп өседі.
— Мамандық таңдаудан жаңылдым деп ойламайсыз ба?
-Тәрбиеленушілерімнің жетістіктерін көрген сайын, таңдаудан жаңылмағаныма сенімдімін. Бір ғана дәлелі Данияр Каменовтың  “Вальтер Яноустың проблемаларын” шешкен жұмысы сенсациялық жаңалық болды. Данияр минимумды іздеп табу есебін симметрияландырылған жаңа өзгерістерге ерекше өту жолын сәтті қолданып, Вальтер Яноустың теңсіздігін толық дәлелдеді.
— Өз өміріңізді екі ауыз сөзбен түйіндесеңіз.
-Әркімнің өз өмір соқпағы бар, оны дара ету өз қолыңда!

Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН,
«Білім айнасы»,
Талдықорған қаласы.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.