Бүгінгі күні мұғалімнің беделі туралы мәселе жиі көтеріліп келеді. Сол үшін де «Педагогтың мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, оны қабылдаудың қажеттілігін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы кезекті Жолдауында айрықша көрсеткен болатын.
Батыс Қазақстан облысы орталығынан 350 шақырым жерде орналасқан Қазталов ауданындағы Қазталов кентінің әкімшілігі 2018 жылғы 12 қазанда Алма Оразбаева атындағы мектептің 150 жылдығын атап өтті. Білім ордасы тағаны 1929 жылы қаланған. Онда Алма Оразбаеваның өзі дәріс берді. Алма Оразбаева қатардағы мұғалімнен қоғамдық партиялық қайраткер деңгейіне дейін жеткен алғашқы қазақ қызы. Алманың қатарлары өз мұраттарына адал, алға қойған мақсаттарына жауапкершілікпен қарап өз халқына қызмет етуге зор ынталы екендігімен ерекшеленеді.
Бұл Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда, туған өлкенің тарихын, сол жерде өмір сүрген аса көрнекті тұлғалардың өмірбаянын зерделеу, өсіп келе жатқан ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде қосар үлесі зор.
Аталмыш аудан әкімі Шыныбеков Абат Абайұлы өмірден өтсе де есімі ел есінде сақталған ұстаздар мен бүгінгі мұғалімдердің қоғам алдындағы беделін арттыруда өзі бас болып ұстаз абыройының маңыздылығын ұрпақтарға жеткізіп отыр.
Шындығында мұғалімнің мәртебесі оған қанша ақша төлегенімізге тәуелді емес, нарық заманында әрине ол айтарлықтай маңызды болғанмен, мұғалімнің беделін қалай жоғарылататынымыз әлеуметтің сана-сезімінде, яғни қоғамда оны үлгі тұтарлықтай етіп қалыптастыру маңызды болып табылады.
Біздің мектепте көптеген дарынды мұғалімдер жұмыс істеді. Сол ұстаздар алдынан қаншама шәкірттер білім алып, үлкен өмірге жолдама алды. Бұлар – Досмұхамбетов Сейілхан, Жақашева Сәндеш, Құдайбергенова Хадиша, Рысмағамбетов Ізбасар, Хамзина Қария, Ахметжанов Мақсот, Ыбраев Ысқақ, Нәсіпқали Ғазизов, Зоя Рахметеева, Дулатова Хауа, Ишанов Уақит, Қурманғазиева Звайда, Аронова Жания, Масалиева Күнзипа, Жұмагазиева Обиля, Киреева Асия, Холопов Владимир, Латипов Ғабдрахим, Шайымов Хасан, Шынтемірова Райса, Рысмағамбетов Ильдар, Пушанова Тұрғаным, Абдолова Роза, Салықова Бақтылы, Топанова Райса, Ыскакова Нәзипа, Қымбат Қайырқұлқызы тағы да басқалар – бәрі де бізге өздерінің мінез-құлқымен, тәлім-тәрбиесімен үлгі бола білген нағыз кәсіпқой мамандар, дана мұғалімдер.
Тағы да мектеп директоры Гұсманова Әлия Зербиқызына, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғазизова Інжумаржанға және мектептің педагогикалық ұжымына алғысымызды білдіреміз!
Сіздерге еңбекте шығармашылық табыстар және дарынды, алғыр да қабілетті оқушылар тілейміз!
Бұл күні бірнеше салтанатты іс-шаралар өтті:
- көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Хаби Жакупов атындағы сынып ашылды;
- Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің мұражайымен таныстырылды;
- авторлық ұжымымен (Исмагулова Гульжиян, Мырзағалиев Мирболат, Сейтжанова Саида, Хайрушев Нурланның) дайындалған «Мектебім – ғасырлар куәсі» атты тарихи энциклопедиялық кітаптың тұсаукесері өтті, ол 2011 жылы Абулхатина Сақыпжамалдың басқаруымен шыққан «Ұстазым менің, ұстазым» атты кітаптың логикалық жалғасы болып табылады;
- осы мектептің түлегі Л.Губашев дайындаған, Алма Оразбаева атындағы мектептің 150-жылдығына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
- ардақты мұғалімдер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Рысмағамбетов Ізбасар Әліпұлы мен Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Дулатова Хауа Аюпқызының құрметі үшін мемориалдық тақта орнатылды;
Мен жұмыс бабымен жиі іс-сапарда боламын. Сол сапарларда жерлестерімді кездестіргенде менің Рысмағамбетов Ізбасар Әліпұлы және Дулатова Хавва Аюпқызының қызы екенін білгенде, жерлестеріміз өте жылы сөздермен әке-шешемді еске алады, көбі олардың шәкірттері болып шығады.
2011 жылы «Ұстазым менің, Ұстазым..» деген кітап шықты, педагогикалық шығармашылық топты Абулхатина Сақыпжамал басқарды. Ол кітапта анамның шәкірті ― Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі ― Жақыпов Мирболат Хабиулының естіліктерін оқыдық (198 бет.). Жанұямыздан шын жүректен Мирболат Хабиулына біздің анамыз туралы естіліктеріне алғыс айтамыз!
Біздің есімізде әкеміздің әкесі ― Рысмағамбет ата және анасы Шолпан шеше. Атам дүниеден ерте озған. Ал Шолпан шешем өз балаларын және біздерді тәрбиелеп өсірген. Ол кісі «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» эпостарын жатқа білетін еді, өте әдемі, ақылды, дана әже болатын. Шешем 104 жас өмір сүрді
Біздің әкеміз – Рысмағамбетов Ізбасар Әліпұлы Казталовка ауданыныда Казталовкадан 7 шақырым қашықтықта Қапай жерінде 1915 жылы дүниеге келді (кей кезде ол өзі 1911 жылы туылдым деп айтатын). Әкем өте дарынды кісі болатын, араб тілі мен әліпбиін жақсы білетін, достарына араб тілінде хат жазып тұратын. Әкемнің алғашқы ұстаздары — Абдрахманов Шоткен, Жұмағазиев Иманбай болған. Олар Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралы» 1-2 баспасы оқулықтарымен оқыған. Бастауыш мектебін бітірген соң әкем оқуын аудан орталығында ЖКМ (жастар коммунистік мектебі) жалғастырды.
Онымен бірге Лапин, Котов, Скородумов, Исмагулов Амир деген азаматтар оқыды. Күн сайын мектепке 7 шақырым жаяу жүріп баратын. Осы мектепті 1933 жылы бітіріп, апайы Бокеева Хадишамен Алма-Атаға кетіп, Алма-Ата медицина институтының даярлау курсына оқуға түседі, курсты аяқтағаннан кейін Ташкент облысына ауылшаруашылық жұмыстарына мақта жинауға жіберіледі, ол уақыт өте қиын болған, репрессиялар кезі еді. Әкем Бухарада қалды. Бухарада ол Бухара педагогика институтына оқуға түсіп, оны «Математика мен физика мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітірді. Ол Шахрисабз қаласының орта мектебіне оқытушы болып жіберіледі, соңынан осы мектептің директоры болып қызмет атқарды. Осы мектепте ол анам Дулатова Хавва Аюповнаны кездестірді.
1940 жылы желтоқсанда ол Совет әскері қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысын 1941жылғы 22- маусымда ол Украина жерінде Брода қаласында ССРО қарулы күштер қатарында қарсы алды. 1941-1945 жылдары соғысқа қатысып, оны Чехия жерінде Прагада аяқтады. 1946 жылы Адлер қаласында әскерден таратылды. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін әкем бірнеше соғыс медальмен, ордендермен марапатталды. Балалықпен бұл марапаттардың құндылығын түсінбей, кішкентай қыз кезімде ауылада тағып жүрдім. Соғыс туралы мен аз естідім. Ол көбінесе соғыс туралы үлкен ағаларым Ильдарға, Анварға, Ақбарға және күйеуім Ермекке айтатын. Ол екі рет жарақат алды, әлі есімде жарақаттарының көлемі менің бала жұдырығымдай болатын. Соғыс әр отбасына көп қайғы-қасірет пен азап әкелді. Әкем ағаларыма кейін шегіну мен шабуылға шыққаны, фашистерді-«тілді» тұтқынға қалай алғандары туралы, қалай апталап окопта аш, азық-түліксіз отырып, немістердің дала асын өткізбей, ұрыс жүргізгені туралы, фашистерден азат етілген қала мен ауылдардың тұрғындары қуанышпен жылап қарсы алғандары жөнінде, бұндайда тіл білмеу кедергі болмағаны туралы көп әңгіме айтатын. Ерекше шаттанумен әскери техникасы -«Катюшенька» туралы, қалай ол жеңісті жақындатқанын айтатын … және өзі де «Катюша» әнін жақсы айтатын.
1999 жылы мен конкурсқа қатысып «Сорос-Қазақстан қорының» грантына ие болдым, мені екі аптаға Прагаға оқуға шақырды, мен қолма-қол әкеме қоңырау шалдым, ол қатты қуанып Белгісіз жауынгер ескерткішіне гүл қоюды сұрады, өйткені ол жерде оның көптеген жолдастары қалыпты. Әкемнің аманатын орындадым, суретке түсіріп әкелдім. Прагада болғанда әрқашан әкемді есіме алып, гүл шоғын қоямын.
Әкем математиканы тамаша білетін, шахматты жақсы ойнады. Әкемнен көмек сұрағанда бәріне жауап беретін, бірақ әрқашан «ойлан» деп айтатын, біз онымен логикалық есептер шығарып, сөзжұмбақтар шешетінбіз. Әкемнің арқасында математиканы жақсы көріп оқыдым.
Менің анам Дулатова Хавва Аюпқызы, 1923 жылы туылып, қиыншылықты көп көрген адам. Нағашы атам Аюп сауатты кісі болған, басқарушы лауазымдарда жұмыс атқарған, қаржыгер болған, репрессия басталған кезде Өзбекістанға Карши қаласына айдалып кетеді. 1939 жылы қайталап репрессияға ұшырап, ату жазасынан қаза болады. Нағашы апам жеті белі қатпаған баламен жесір қалады. Дәл сол жылы әкем анамды кездестіріп үйленеді. Анам әкем бітірген институтта оқып, «Орыс әдебиеті мен тілі » мамандығын алып шығады.
Сүйікті анамыз Хавва Аюпқызы бізді кітап оқуға баулып, адамдарға деген сүйіспеншілікке, өзгелерге өмірдегі әртүрлі қиын жағдайда көмектесуге, еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа үйретті. Оқуға тиісті кітаптар тізімін беретін, одан кейін біз онымен оқыған кітаптардың мазмұнын талқылайтынбыз. Анам ешқашан өз пікірін танытпайтын, бірақ сол өзге шығарманы талқылығанда жақсылыққа сенім жөнінде, әр тұлғаға деген құрмет туралы айтатын. Біз орыс тілі пәнінен сұрақ қойып сөзді «а» не «о» арқылы жазылуын анықтағанда, ол бірден дұрыс жазу ережесін айтатын, ал шешімін біз өзіміз табуымыз қажет болатын. Құлағымда әлі күнге дейін «Кіріспе сөз – бұл..», не болмаса «Көсемше – бұл…» деген жылы үні тұрады.
Ата-анамыз өте көп оқитын, біздің үйімізде үлкен кітапхана болды, оның ішінде сабақ беру әдістемесі туралы кітаптар болатын, мектептегі пед. мәжілістерінен кейін екеуі өз бөлмесінің есігін жауып алып, оқыту, тәрбиелеу мәселелерін, әдістемелік құралдары жөнінде көп талқылайтын. Залда үлкен шыны есігі бар кітап шкафы тұратын, оның ішінде оқушылардың дәптерлері, және үстел үстінде қызыл сия мен қалам жататын. Анамыз бізді ұйықтатқаннан кейін ертеңгі сабаққа дайындалатын, содан кейін дәптерлерді тексеретін, өзі нәзік анамыз таудай дәптерлерді үйге одан кері қалай тасып жүрді десеңіз…. Шкафқа және үстелге бізге жақындауға рұқсат берілмейтін – бұл біз үшін әулие орын болатын.
Анамда да марапаттар көп болды. Әкем мен шешем де «Қазақ ССР-ның білім беру үздігі» деген құрмет белгісіне ие болды, екеуі де оны ерекше мақтан тұтатын.
Менің әке-шешем 56 жыл некелесіп, алтын тойларын атап өтті, әрине олардың өмірлері өте күрделі болды, әкем майданға аттанғанда үлкен ағам Ильдар анамның құрсағында болатын, ол 1940 жылы туылды. Анамыз ол кезде өте жас, сабақ беретін, кейіннен оны директорғып сайлап, соңынан ол РайОНО меңгерушісі болды. Соғыс кезінде Сталиннің өкімі болған, бірде бір мектеп жабылмауы керек деген. Өлім қорқынышы астында, арқасына мылтық асып алып, анам жақын маңайдағы ауылдарды аралап, (тау арасында дезертирлер де болған), ата-аналармен балаларын мектепке жіберу қажеттілігіне түсіндірме жұмысын жасады. Ер адамдар, ұстаздар соғысқа кетіп, ал әйел ұстаздар Өзбекстанда өте аз болатын. Жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныпытарға сабақ беретін. Соғыстан кейін әкем РайОНО меңгерушісі, ал анам Хазарин орта мектебінің директоры болып жұмыс істеді.
Анамыз әкеме тек қана «Сіз» деп сөйлейтін, не болмаса «Ізака» деп атайтын. Біздің әке-шешеміз жеті бала тәрбиелеп, алты бала дүниеге әкелді. Ең үлкен апайымыз асыранды Муслима апа өзбек болатын, көршіміздің қызы, анасы қайтыс болып, әкесіне қара қағаз келген екен. Оны балалар үйіне өткізу құжаттары менің анамның қолынан өтеді. Анам әкеме хат жазып, қызды өз отбасында қалтырады. Ол кезде Ильдар ағам өсіп келе жатты. Муслима апай педагогикалық институтын бітірді, әке-шешем оны ұзатты, 12 бала-шағалы болды, ол Өзбекістанда тұрады, біз ата-анамызбен қонаққа жиі барып тұратынбыз.
Отан соғыстан кейін 1949 жылы үлкен апайым Зульфия, 1950 жылы ағам Анвар, 1954 жылы ағам Ақбар, 1958 жылы апайым Гүлмира және 1961 мен — кенже, әкесінің «ақ қызы» туылдық.
1955 жылға дейін ата-анам Өзбекістанда тұрды, 1956 году Қазталовқаға көшті. Гүлмира және мен Казталовкада дүниеге келдік.
Әке-шешеміздің ең асыл арманы бізге жақсы білім беру, жоғарғы оқу орнында оқып, жоғары білім алып, ақылды, үздік және білімді болып өскеніміз болатын.
Біз бәріміз жоғары медициналық, техникалық, педагогикалық, әскери білім алдық, өз ойымша әке-шешеміз қалағандай дұрыс адам болдық. Ильдар ағай мектепте, өндіріс орнында жұмыс істеді, Зульфия апай ұзақ жылдары дәріхана меңгерушісі болды, қазір ол да зейнеткер, Анвар ағам Іле ауданының әскери комисары, Акбар 30 жылдан астам Алматы облысы Жамбыл ауданаралық туберкулез ауруханасының бас дәрігері, Гүлмира 30 жылдан астам Атыраудағы «Балалар үйінің» бас дәрігері, мен Алматыда «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ президентімін. Сондай-ақ әке-шешем көптеген туыстарымыздың баласын тәрбиеледі, біздің үйде үнемі туысқан шопандардың оқушы балалары тұрды.
Біздің бәріміз де тамаша жанұямыз, балаларымыз, немерелеріміз бар. Біз әке-шешемізден эстафетаны қабылдап алып, өз балаларымызға лайықты білім бердік, барлығы жұмыс істейді, оқиды…
Мен 2000 жылы «Электрондық оқулықтарын құрастырудың педагогикалық қағидаттары» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғадым, мақтанышпен автореферат пен диссертацияның өзін әкеме әкеп бердім. Ол кезде көзі жаман көретін, бірақ лупамен бәрін окып шығып, маған компьютерлер, электрондық оқулықтар, арақашықтық оқыту жөнінде сұрақтар қоятын, тіпті оны бағдарламалау элементтері қатты қызықтырды.
2009 жылы мен докторлық диссертация қорғадым, оны ата-анамызға арнадым, бірақ өкінішке орай олар өмірден өтті.
Біз үлкен ризашылықпен өзіміздің сүйікті, қымбатты ата-анамызды: әкемді – Ізбасар Алипұлын және анам Хавва Аюпқызын еске аламыз және ата-анамыздан алған барлық рухани құндылықтарды өз балаларымызға беруге тырысамыз!
Тажіғұлова (Рысмағамбетова) Альмира Ізбасарқызы,
«Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ президенті,
педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Жаралыстану
Ғылымдарының Академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі