Home » Мақалалар » Өзін-өзі тану – өмірді тану  

Өзін-өзі тану – өмірді тану  

Ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының президенті С.А.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының оқу-тәрбие үрдісіне енгізілуі жақсы бастама десек, қателеспейміз. Бұл пәннің негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны танып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі тану негізінде, адамгершілік-рухани әлеуетін көтеру, баланың өзіндік «МЕН-ін» қалыптастыру.

Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы, оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ.

Әлемдегі болып жатқан өзгерістер білім жүйесіне өз әсерін, ықпалын тигізіп отыр. Бүгінгі күні білім саласымен бірге оқушының рухани-адамгершілік тәрбиесіне және ішкі жан дүниесіне де көңіл бөлінуде. Сондықтан, бұл бағытта «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызы зор деуге болады. Өйткені, әр баланың ашылуына, оның өзіне деген сезім, құрмет, өзі жасаған қылықтарына деген жауапкершілік сезімдері пайда болады. Бала әрбір сұрағына жауап тапқаннан кейін, оның ойымен өзгелердің санасқанын көргеннен кейін өзін жеке тұлға ретінде сезіне алады. Ол өз ортасында өзінің орнын, рөлін сезінеді.

«Өзін-өзі тану» сабағының өзіндік ерекшелігі әрбір сабақта көрініс табады. Білім алушылар сыныпқа енгеннен, бір-біріне жылы лебіздер мен тілектерін тілеп, достық, сыйласымдық қарым-қатынаста болады. Мұндай қарым-қатынасты әрбір сабақты бастамас бұрын жүргізілетін «Шаттық шеңбері» мен «Тыныштық сәтінен» байқай аламыз. «Шаттық шеңберінде» оқушылар бір-біріне жылы лебіздер мен тілектер білдірсе, «Тыныштық сәтінде» оқушылар көздерін жұмып, адамгершілікке баулитын шағын мәтіндер арқылы баяу музыка желісімен саяхат жасайды. Осындай жылы қарым-қатынастан кейін оқушының сабаққа деген құлшысыны артып, көңіл-күйі көтеріліп, белсене қатысады. «Әңгімелесу» мен «Мәтінмен жұмыс» бөлімдерінде оқушылар мәтінді оқып, өзара сұрақтар қою арқылы талқылап, адам бойында қалыптастатын жақсы және жаман қасиеттерді ажыратып, өз ойларын ашық әрі тиянақты айтуға дағдыланады. «Сахналық қойылым» бөлімінде оқушылар мәтіндегі рөлдерге еніп, өздерінің актерлік шеберліктерін көрсетсе, «Жағдаяттарды талдау» бөлімінде оқушылар жеке немесе топпен, жұппен, үштікпен біріге отырып талдап, келеңсіз жағдайдың қалай шешімін және тығырықтан шығудың жолдарын тауып, бірлікке ұмтылады. Әр бөлімнен кейін оқушылар өздерінің алған әсерлерімен, ойларымен бөлісіп, қорытынды шығарады. Өз ойларын ашық айтып, еркін жеткізе алады. Бұл сабақты тек қана оқушыларға ғана өткізіп қоймай, ата-аналармен де өткізу өте тиімді. Мектебімізде «Өзін-өзі тану» пәні бойынша апталық өткізіліп тұрады. Апталық барысында төмендегідей іс-шаралар ұйымдастырылды. Мектептің барлық балаларға көрінетін дәлізінде «Тілек ағашы» ілінді. Ағашқа барлық сыныптың оқушылары, мұғалімдер өздерінің бір-біріне деген шынайы тілектерін, лебіздерін білдірді. Ал, келесі күнінде оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасында «Шынайы тілектер» күні өткізілді. Онда  оқушыларға, ата-аналарға, ұстаздарға әр түрлі көңіл күйді көтеретін жаттығулар мен тренинг-ойындар жүргізілді. Ойын-жаттығу барысында бір-біріне деген сыйласымдылық пен мейірімділік қарым-қатынастары арта түсті деп ойлаймын. «Ізгілік әлемінде» тақырыбында оқушылардың шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырылса, «Болашаққа көзқарас» тақырыбында постер қорғап, коллаждар жасады. Әр сыныптың оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай «Менің достарым менің қасымда болғанда…», «Шынайы достық – бұл…» тақырыптарында шағын эссе жазу ұсынылды. Нәтижесінде адамды ойландыратын сан қилы эсселер жазылды. Сонымен қатар әр түрлі спорттық ойындар мен флеш-мобтар ұйымдастырылды. Осылайша, оқушылар мен ата-аналарға рухани-адамгершілік тәрбиенің адам өмірінде алар орны өте жоғары екендігін іс-тәжірибе арқылы көрсете білдім. Яғни, нақтырақ айтқанда, адамға өмірде ең қажеті отбасына, ортасына деген сүйіспеншілігі, рухани-адамгершілігі, сыйластық, татулық, бауырмалдық, жылы қарым-қатынас болса, онда адам бірлікте, бейбіт өмір сүретіндігін түсінеді деуге болады. Өмірдің осыншама қызықты екенін түсінген жасөспірімдер, өмір сүруге деген құлшынысы арта түседі. Сонымен қатар әрбір сабақта оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік қабілеттерін дамыту мақсатында әр түрлі ойындар, тренингтер, шығармашылық қабілеттерін оятатын тапсырмалар орындату өте маңызды.

Баланы жан-жақты дамытып, өзінің ішкі жан дүниесін тану арқылы өмірдің мәнін пайымдауға үйретуді мақсат ететін «Өзін-өзі тану» пәні рухани-адамгершілік білімнің қағидалары мен әдістеме-нұсқауларының қайнар көзі – ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардан негіз алады. Атап айтқанда, халқымыздың аңыз әңгімесі, ертегісі, нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, ұлылардан ұлағат алу, ақын-жазушыларымыздың шығармашылық еңбертерінен тәрбиенің түйінін табу, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрену, «Өзін-өзі тану» пәнінің өзегі болып табылады. Бұл пән адамды жеке тұлға, жеке азамат ретінде өмірдің мәнін түсініп, өмірден өзіндік орнын табу үшін ішкі мүмкіндіктерін аша білуі тиіс. Сабақ барысында оқушыны өзінше ойлауға, шешім қабылдауға, өз ісіне жауапты болуға, сыйласымдылыққа, қайырымдылыққа, өзгенің пікірін тыңдай білуге, әркімнің айтқан пікірі өзінше бір құнды екенін, досының еңбегін бағалай білуге үйреттім. Осындай құндылықтарды оқушыларымыздың бойынан көріп, ата-бабамыздың болашақ ұрпаққа деп қалдырған мол мұрасын осы пән арқылы келесі ұрпаққа жеткізіп жатсақ, ол біздің мақсатымыздың орындалғаны деп ойлаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», ендеше болашақ ұрпақтың бойына рухани-адамгершілікті ұялата отырып тәрбиелеу ол біздің, яғни отбасы мен ұстаздардың міндеті екендігін ұмытпайық, ағайын!

 

Сержан Жанболат,
Павлодар облысы Аққулы ауданы
А.Баймұлдин атындағы ЖОББМ

                                     «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.