Home » Баяндамалар » ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ САБАҚТАРЫНЫҢ БАЛА ДАМУЫНА ТИГІЗЕТІН ӘСЕРІ

ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ САБАҚТАРЫНЫҢ БАЛА ДАМУЫНА ТИГІЗЕТІН ӘСЕРІ

 Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында «Өзін-өзі тану» пәні функционалды тұрғыдан маңызды пәндердің бірі болып табылады. Бұл пәнді оқыту «Адамның үйлесімді дамуы» институты (Алматы, «Бөбек» ҰҒПББСО) дайындаған, ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген орта білім беретін мектептерге арналған оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.

«Өзін-өзі тану» пәнінің басты мақсаты — рухани-адамгершілік білім беру, дамыту арқылы адамның бойында төмендегідей түйінді құзыреттіліктердің үйлесімді қалыптасуына ықпал ету:

-әр баланың өзінің өмірлік позициясын анықтауы;

-өзіне, адамдарға және қоршаған ортаға ізгілікті қарым-қатынас жасауы;

-адамдарға қолдан келгенше көмек көрсетуі;

-өзімен-өзі үйлесімділікте өмір сүруі; ойы, сөзі және іс-әрекетінің шынайы болуы;

-азаматтық, отансүйгіштік және толеранттық қасиеттерді таныта білуі.

«Адам балалық және жастық шағында екі ұдай өмір сүреді, балалықтан жастыққа қонақ күткен баладай құмарлықпен, қиялдана, күдікпен және қарама-қарсы ой үстінде жетеді», — дейді психолог-ғалымдар.

Өзіндік сананың дамуы өтпелі кезеңдегі негізгі психикалық процесс болып табылады. Сондықтан өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі:

— Бұл процестің қозғаушы күші неде?

— Жеке тұлға қалай қалыптасады?

— Өзіндік сана сезімі қалай дамиды?

— Өзінің келешегі туралы жасөспірім не ойлайды? — деген сұрақтарға еркін жауап бере алатын деңгейде болуы қажет.

Бала өсе келе, өзіне-өзі қызығушылықпен қарап, өз дене бітімін көріп ер жетеді, өзіндік сана қалыптасады. Айналасындағы адамдар баланың ер жетіп келе жатқанын мінезінің өзгерісіне, іс-әрекетіне қарай отырып байқайды. Бұның өзі балаға:

— Мен кіммін?

— Мен өскенде кім боламын?

— Мен кім болғым келеді?

— Кім болуға тиіспін? — деген өмірлік сұрақтарға жауап іздеуге, табуға талпынуға итермелеп, оның өмірге деген белсенділігін, сенімін, қызығушылығын қалыптастырады.

Білім берудің бастапқы сатысында (1-4-сыныптар) «Өзін-өзі тану бақыты» тақырыбындағы бірінші тарауда оқушылар «Өзін-өзі тану» пәнінің ерекшеліктері туралы мағлұмат алады. Олар оқушы мәртебесімен, сыныптастарына, мұғалімдерге және мектепке деген жаңа көзқарастармен танысады.

Өзінің сыртқы келбетіне дұрыс қарауға, өзін-өзі түсінуге, өз мінезі, өздері орындап жүрген әлеуметтік рөлдер туралы ойлануға, өз эмоцияларын түйсінуге және оны басқаруға дағдылануына мүмкіндік алады.

Баланың жаңа әлеуметтік рөлі, яғни мектеп оқушысы болуы іс-әрекеттің (оқудың) жаңа түрін түбегейлі игерумен ғана емес, баланың қызығушылықтары, құндылықтары, өмір салттарының өзгеруімен де байланысты. Осы жастағы балалар негізінен түрі мен мазмұны тартымды ойын түрлері арқылы білім алады. Осыған байланысты оқытудың ойын әдісін кеңінен қолдану, жағдаятты, шығармашылық іс-әрекетті ұғынуға қатысты түрлі тапсырмалар беру, коммуникативтік, іс-әрекеттік дағдыларын дамытуда пікірталас элементтерін пайдаланған тиімді. Кез келген оқушының коммуникативтік іс-әрекетке бейімділігі, шығармашылық іс-әрекетті ұғыну деңгейі оның тәбиелілігі мен даму деңгейіне байланысты. Бұл бағытта баланы тәрбиелеу ата-анасын тәрбиелеуден басталуы қажеттілігі, баланы тәрбиелеу — барлық уақытта өзіңді тәрбиелеу деген сөздің баламасы екендігі, ал мұғалімде қиындық туындайтын болса, ол маманға психология, педагогика саласында өзінің білімін көтеру керек екендігі есте болуы қажет.

Оқушының коммуникативтік дайындығы мен шығармашылық дағдысының қалыптасуында адамдарға сенім қағидасының рөлі өте зор. Адамға деген сенім балаға ана сүтімен дарыған болса, ол қасиетті білім беру ұйымы қабырғасында дамыта алса, бала қоғамның болашағы үшін жауапкершілікті өзіне ала алатын тұлға болып өседі.

Бала үшін ең жақсы тәрбие мен даму дегеніміз отбасылық махаббат пен отбасы мүшелерінің бір-бірімен ашық, сенімге негізделген қарым-қатынасты қалыптастыра білу мүмкіндігі болып табылады. Ата-аналар үшін ең бастысы — бала тәрбиесі. Әкесі баланы ғұлама етуі мүмкін, ал анасы одан физикалық және рухани қабілеті бір-біріне сай жақсы адамды өсіріп шығарады. Ең бастысы — ері мен әйелі арасында үйлесімді одақ пен үйде жақсы психологиялық атмосфера жасай білу.

Әлемнің «екінші ұстазы» Әл-Фараби: «Дүниедегі ең оңай нәрсе — ақыл айту, ең қиыны — өзіңді-өзің түсіну», — дегенде, сәбидің даму ортасына, әсіресе ата-анасынан бастап барша адамдарға еліктеу барысында өзін-өзі танитындығына меңзейді. Сондықтан, мұғалімнің жүзі жарқын, сөзі мейірімге толы жүрекке жылы тиетін болса, бала одан мол үлгі алады. Мұғалім қайырымдылық, мейірімділік, адалдық, т.б. адами құнды қасиеттердің мағынасын жете меңгеруі тиіс. Баланы сүйе білетін, өзге жұрттың баласын өз баласындай жақсы көре алатын, сүйіспеншілік сезімі мол адам болуы керек.

Рухани-адамгершілік қасиеттерімізді қалыптастыратын бұл пәнді бүкіл қауым болып қолдап, мектептің ең өзекті пәндерінің біріне айналдыру керек.

Ардақ Тынымжанқызы СИСЕНОВА,
Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ,
Мұғалімдердің кәсіби дамуын
психологиялық-педагогикалық
қолдау кафедрасының аға оқытушысы,
«Өзін-өзі тану» пәні бойынша тренері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.