Home » Мақалалар » Өзін-өзі тану – рухани адамгершілік білім ордасы

Өзін-өзі тану – рухани адамгершілік білім ордасы

 

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ойлансаң, барша адамзат – туған бауыр» дегендей, адамзат атаулының бәрін өмір атты тұтастыққа біріктіретін Жер деген ғаламшардың  тұрғындарымыз. Дей тұрғанмен, әр жердің өз биігі, әр заманның өз тұлғасы болатыны белгілі. Жаңа технологиялар дәуірінің  талабына қарай үрдіс те, мінез-құлық та, білім де жаңаша. Осындай жаңартылған  білім  мазмұнына  сай  маусым айының 11-23 аралығында «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбындағы  «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығында қысқа мерзімді курсты тәмамдадық.

Қазіргі таңда Қазақстандағы  білім беру жүйесі руханилық пен адамгершілікті  дамытуға  бағытталғаны  белгілі.  Әрине, бұл «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасымен ұштасып жатыр. Мұндағы мақсат – бала бойына ізгілік пен адамгершілік шуағын шашып, жалпыадамзаттық  құндылықтарды  қалыптастыруға негізделген болатын. Осы  қағидаларды жүзеге асыру үшін  ең әуелі мұғалімнің тұлғалығының биік болуы, жанының  мейірімділікке   толы болуы маңызды-ақ.

Дәріс беруші кураторымыз  Рысгүл  Жұмажанқызы жалпыадамзаттық  құндылықтардың  ұлтқа , нәсілге, тұратын ортасына қарай бөлінбейтінін әр сөзінде қайталап отырды. Рухани-адамгершілік білім беру – адамның ішкі жан дүниесінде болатын өзгеріс екендігін, ал адамның жан дүниесі сүйіспеншілік болғанда ғана өзгеріске түсетіндігін  атап  көрсетті. Курс барысында түйгенім,  өзін-өзі тану адамның риясыз сүйе білу қабілетін ашып  және қоғамға қызмет ету дағдысының жоғарлауына  ықпал ететіндігін түсіндім.

Ұлы философ Әбунасыр әл-Фараби : «Жүрек — басты мүше, мұны тәннің ешқандай мүшесі билемейді. Ми да басты мүше, бірақ үстемдігі бірінші емес» деген екен. Шындығында да  айналаның кемелдігін көру үшін , көкірек сарайымыздың кеңдігін жетілдіру маңызды орында. Гуманист-педагог Я.Корчактың сөзімен айтқанда «Оқушыны ең алдымен көруге, түсінуге және сүюге үйрету қажет, оқуға үйрету одан кейін келеді». Ақиқатында егер оқу мен тәрбие процесі үйлесімді ұштасқанда ғана ұрпағымыздың бойындағы құндылықтардың сақталатынына кәміл сенемін. Ойымды қорыта келе, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша курсқа келіп, жақсы дос, жақсы орта тапқаныма, рухани-адамгершілік  білім беру саласына  педагог ретінде үлес қоса алатын тұлға болып қалыптаса алатыныма  қуаныштымын. Тағы да  керемет күннің бір парағын жауып, қатысушыларды үлкен қимастықпен өз ортамызға аттандық. «Рақмет саған, «Өзін-өзі тану», рақмет сізге, Рысгүл Жұмажанқызы!» дегім келеді.

 

                                     Беккалиева Айнұр
Мұнайлы ауданы
№4 «Балапан» балабақшасы
әдіскері

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.