Home » Мақалалар » «Өзін-өзі тану» пәні – баланың рухани әлемін байыту көзі

«Өзін-өзі тану» пәні – баланың рухани әлемін байыту көзі

Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі  орнын  анықтау үшін өте маңызды!

Сара Алпысқызы

«Өзін-өзі тану» пәні жастардың бойында өзін-өзі тәрбиелеу, өмірден өз орнын, өз бақытын табу, махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады.

Ойшыл Сократ «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.

Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс , яғни әрбір баланың, ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсымыздың орнымыз ерекше. ХХІ ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімінің түп тамыры тереңде жатыр.

Қазақ халқының ғұлама ғалымы әл-Фараби «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді және адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деген екен. Ал өзіңді алға қарай жетілдіру және бойында жақсы мінез-құлық қалыптастыру ең алдымен өзін-өзі танудан басталады. Ол – халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, тағлымдық ой-толғауларынан бастау алады.

«Халықтан асқан ұлы ұстаз жоқ» дейтін болсақ, ұлттық рухани мұралар – ұрпақтың рухани-адамгершілік азығын жетілдіретін негізгі өзегі болмақ.

Рухани байлыққа апаратын жолдың бірі – білім, екіншісі – сол білімді пайдаға асыру. Адам алғаш білімнің құндылығына сүйене отырып, өз ортасын жақсы жағынан өзгертуге әрекет жасайды. Өйткені рухани жетілудің шыңына көтерілген адам өмірдің мәні мен мағынасын жай ғана түсініп қоймай, жер бетінде ізгілік орнатуға күш салады. Қандай да болсын адамдықты, адамгершілікті бетке ұстаған қоғамның мақсаты – әр адамды рухани байлық деңгейіне жеткізу. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Біз, кез-келген нәрсені өзімізден, өзімізді танудан бастауымыз керек. Яғни, өзімізді өзіміз танымасақ, өзгені қалай танимыз?! Ақжан Машани атамыздың «… Өзіңді-өзің танысаң – істің басы, Түзеген өз ғаламын болған дана» деген сөзінің мағынасы осында жатса керек. Әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделген өзін-өзі тану пәнінен дәріс беріп жүргеніме көп уақыт өткен жоқ. Сол аз уақыттың ішінде осынау жауапты да күрделі міндет жүктелген «Өзін-өзі тану» пәнінің жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тұрғысынан білім берудегі ұтымдылығына көз жеткіздім. Шәкірт қабілеттерін жан-жақты дамытып, шығармашылығын, ізденімпаздығын, ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты білімді, жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын икемді тұлға болуы керек. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім бағдарламасы ізгілік педагогикасы бойынша, білім беруде жеке тұлғаны ең жоғары құндылық деп тану, оның еркіндігі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, оқу-тәрбие үдерісінде жеке тұлғаның танымдық және рухани қажеттіктерін қанағаттандыру, білім беру үдерісін жаңаша ұйымдастыру оның философиялық, психологиялық-педагогикалық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Жеке тұлғаның бағыттылығын, оның сенімін, дүниеге көзқарасын, идеалдарын, ұстанымын қалыптастыру, өмір салтын еркін таңдай алуын, өз бетінше іске асыратын дербес ерекшеліктерін дамыту – педагогиканың басты мұраты. Ал оның негізгі бағыты – рухани-адамгершілік білім беру: жеке тұлғаның әлеуетін барынша ашуға, өзін-өзі тану процесінде АДАМ тәрбиелеуге бағдарланған.

Адамның өмірлік өзін-өзі тану мәдениетін қалыптастыру – өмір талабы. Өмірлік өзіндік таным – өте кең ұғым, ол адамды өз бақытының және өз өмірінің субъектісі ретінде танытады. Біздің негізгі бағытымыз осы болмақ. «Өзін өзі тану» пәні – сан қырлы. Оның айтар ойы мен мақсаты мазмұнды. Жан-жақты жеке тұлға қалыптасса, Болашағы болар елдің таңы нұрлы. Өзін-өзі, өзгені де танитын, Мейірімділік, адалдыққа баулитын. Сездіретін жүректердің жылуын, Шәкірттерге бұл жақсы пән тартымды. Еліміздің ертеңі – ұрпақ тәрбиесіндегі  ортақ мүддеміз үшін жасалып жатқан барша істерге сәттілік тілейміз.

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының  әл-Фараби атындағы  №14 мектеп-гимназиясының өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Аркарбекова Жанат Ергешовна

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.