Home » Мақалалар » Өзін-өзі тану пәні адамгершіліктің бастауы

Өзін-өзі тану пәні адамгершіліктің бастауы

«Өзін-өзі тану» пәнінің басты мақсаты – рухани-адамгершілік құндылықтарды негізге алатын, ойы, сөзі мен ісі бір жерден шығатын нағыз мінезді адамды тәрбиелеу. Тіпті Абай өз заманында былай деген екен: «Білім мен ақыл-ойды сақтайтын қойма – адамның мінезі. Білімді сақтайтын берік қойма болмаса, оқудан пайда болмас». Ал тәрбиенің негізі дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеп өсіру.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде, өзіндік таңдау жасауына ықпал етуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.

Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.

Көрнекті педагог В.Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады»,-дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.

Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам»,-депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.

Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең»-деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.

Рухани адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналатын «Өзін-өзі тану» пәні баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретуге, ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген.

Қай қоғамда, қай мемлекетте болсын, қарым-қатынас адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік құндылықтар қалыптастыру кез-келген мектептің міндеті болса, баланың өзін тануына, басқаны тануына, баланың болашақ дамуына «Өзін-өзі тану» пәні зор ықпал етеді.

Алімбекова Гүлвира Пионерқызы

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Байзақ ауданы,

«Үлгілі ауылындағы орта мектеп

Ақдала бастауыш мектебімен» КММ

педагог-психолог, өзін-өзі тану пәнінің

мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.