Home » Айтарым бар » Өзін-өзі тану пәнін оқытуда өздік жұмыстарды ұйымдастыру арқылы құндылықтарды меңгерту

Өзін-өзі тану пәнін оқытуда өздік жұмыстарды ұйымдастыру арқылы құндылықтарды меңгерту

 Оқыту мен оқу, үйрету мен үйрену үнемі бір-бірімен астасып жатады. Шәкірттеріміздің бойында қандай қасиеттер мен қабілеттерді, ой-пікірлерді дамытуымыз керек? Ал, осыны жүзеге асыру үшін нені біліп, нені пайдалануымыз керек. Тегінде,  баланы  өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен ізденіп білім алуға үйрету – ең тиімді жол. Қазіргі таңда рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтың, яғни, тән қалауы бірінші орынға қойылғанын біз жасыра алмаймыз.  Бұл жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне кері әсер ететіні белгілі. Егер біз рухани құндылығымыздан айырылсақ, табиғатты сүю, ата-ананы сүю, бірге туған бауырды сүю, жалпы адамзатты сүю, өз Отанын, ұлтын сүю деген қасиеттерден қол үзіп қалуымыз мүмкін. Біз көптеген оқушылардың өзіндік пікірі, көзқарасы қалыптасуы кенжелеп, ойды еркін жеткізу қабілеті төмендеп кеткенін жасырмауымыз керек. Сонымен қатар, компьютер, ұялы телефон, ғаламтордың дамып, қолжетімді болуы балалардың көңілін аулап, оқушылардың кітап, газет-журнал оқу дағдыларын бойына сіңіруіне мүмкіндік бермей, көзқарастың тарылуына әкелді.  Қазіргі таңда жоғарыда айтылған компьютер, ұялы телефон, ғаламтор сықылды жетістіктерді балалардың рухани өркендеуі үшін пайдалануын жүзеге асыруымыз керек. Теорияда алған, жинақтаған білімді іс жүзіне асыру жолдарын қарастыру мақсатында әдістемелік тақырыбымды: «Өзін-өзі тану пәнін оқытуда өздік жұмыстарды ұйымдастыру арқылы құндылықтарды меңгерту» деп алдым.

Мақсаты:

-Бастауыш сынып оқушысының өздік жұмыстарын ұйымдастыру арқылы құндылықтарды меңгерту, өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай туғызу.

Міндеттері:

-Оқыту үрдісінде жаңа оқыту технологиясын енгізудің теориялық негіздерін қарастыру;

-Ұйымдастыру арқылы түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес сындарлы түрде шешу жолдары;

— Өзін-өзі тану сабағында оқушының рухани өсуіне, өзін-өзі тануына, шығармашылық қасиетінің дамуына, дүниетанымының кеңейуіне басшылық жасау.

Бұл пән адамды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге бағыт ұстайды. Әрбір жеке тұлға, жеке азамат өмірдің мәнін түсініп, өзіндік орнын табуы үшін ішкі мүмкіндіктерін аша білуі қажет. Осыған орай өтілген әрбір сабақ баланы өзінше ойлауға, шешім шығаруға, өз ісіне жауапты болуға баулиды. Өзін-өзі тану бойынша оқу процесін ұйымдастырудың маңызды шарты балалардың жас және психологиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес эмоциялық жайлылықты қамтамасыз ететін денсаулық сақтау ортасын құру болып табылады. [10,21бет]    Мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Озық ойлы, тапқыр да, нәзік сезімтал, пайымды шәкірттердің іскерлігін, мүмкіндігін ескеріп, бағыт-бағдар беру, ой-өрісін дамытатындай логикалық ой тастау әрбір ұстаздың міндеті. Сондықтан да әр сабаққа оқушылардың әр мәселеге сыни көзқарасын қалыптастырып, оларды ашық, еркін сөйлеуге баулу – әр ұстаздың міндеті. [5,13бет] Сабақтың тақырыбын ашу мақсатында, сабақ барысын­да тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру – мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады. Сабақ барысында балалардың өз ойын еркін жеткізуі, балалардың көбірек сөйлеуі маңызды. Мұғалім тек бағыт беріп, сұрақ қойып негізгі ойды қысқаша жеткізеді. Жеке,топтық жұмыстар әзірлеу, эссе, әртүрлі кесте, бақылау жұмыстары, пікір алмасулар сияқты танымдық-рефлексиялық әрекеттер арқылы оқушылар өздері үшін маңызды болған мәселелер туындайды.

Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуда берілетін сұрақтар маңызды. Мен оқушыларға Неге? Неліктен? Қалай? сұрақтарын қою, «Ойлан. Бөліс.Ұсын» әдісі арқылы олардың дербес пікірін қалыптастыру жолдарын қарастырамын. Мысалы, «Жаным толған жақсылық», «Жылы жүрек жақсы тілек», «Өзіңді де, өзгені де аяла» деген сияқты тақырыптарды өткен уақытта: Адамгершілік деген сөзді қалай түсінесіңдер? Қалай ойлайсыңдар, өмірде адамгершілік қасиеттер байқалатын қандай деректерді кездестіруге болады? Неге адамгершілік басты адами құндылық болып есептеледі? Кейіпкердің адамгершілік қасиеттері байқалған деректерді ата және т.б. Бұл тұрғыда әр оқушыны сұрақ тұрғысында өзіндік пікірін білдіруге талпынады. Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады,себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Сұрақ бар жерде диалог, диалог бар жерде пікір алмасу, ой бөлісу, шешім шығару, қорытынды жасауға болады. Сонымен қатар мультфильм, ертегі, аңыздарды көрсеткеннен соң қайта бағыттау сұрақтарын қою да маңызды. Ертегі-аңыздар,мультфильмдер жинақталған электронды оқулықта берілген. Сабақты қорытындылау кезеңінде оқушыларға «Бес жолды өлең», «Еркін жазу» сияқты стратегияларды орындауға болады. Проблеманы шешу дағдысын дамыту бойынша әдістер:

Миға шабуыл. Карусель. Топтық жұмыс. Топтағы оқушылар санына қарай тапсырмалар немесе проблемалы сұрақтар. Әр топ өз шешімін жазып,келесі топ оқушыларына береді, осылай шеңберді айналып жүре береді.

«Шеңбер» әдісі— оқушыларды шеңбер түрінде отырғызып, ортаға талқылауға сұрақ тасталады. Сұрақ тұрғысында әрбір оқушының пікірін білу мақсатында шар немесе басқа да заттар қолданылады.Әр оқушы сұрақ тұрғысында пікірін білдірген соң, шарды басқа қатысушыға береді. Нәтижесінде әр оқушының дербес пікірі пайда болады.

Шығармашылық тапсырмалар:

Балалардың құндылықтарды қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында тапсырманы билет арқылы беруге болады. Тапсырманың шарты: Әр билетте 3 құндылық берілген. Сұрақтар   адамгершілік сапалары жайлы болу керек. Біріншісі туралы жан-жақты жазу керек, ал қалған екеуі жайлы қысқаша жазу жеткілікті. Кітаптар, оқулықтармен пайдалануға болады. Тек көшіруге болмайды. Ең бастысы – құндылық жайлы алған әсері. Мұғалім дәл сол алған әсерлерді бағалайды. Ең жақсы жазған – «Ең мейірімді», келесі «Ең әдепті» т.б сияқты номинациялар беріледі.

«Жұлдыздар шоғыры» әдісі бойынша постер жасау-бұл әдіс топтық жұмыс түрінде жүзеге асырылады. Топтарға жұлдыз жапсырмалар мен постер таратылады. Әрбір топ жұлдыздарға берілген тақырып бойынша пікірін жазып, шоғыр құрайды. Мысалы, 3-сыныпта «Мейірімділік- асыл қасиет» тақырыбы бойынша өтілген тақырыптарда осы әдісті қолдануға болады. Сонымен қатар топтық жұмыс барысында оқушылар бір-бірімен өзара пікір алмасады, нәтижесінде әр оқушының тақырып тұрғысында дербес пікірі пайда болып, олардың сыни тұрғыдан ойлануына септігін тигізеді. Бүгінгі социумда бірлесіп әрекет ету, бірін-бірі тыңдау, көзқарасын ескеру, ескертпелерді есту, топта жұмыс істей білу аса маңызды. Бүгінгі білім беру жүйесінде монологтен гөрі диалог қажеттірек, бүгін жетелеп жұмыс істегеннен гөрі топтасып жұмыс істеу маңыздырақ. Оқушылардың өздігінен ізденуіне, шығармашылық жұмыстарға белсенділіктерін арттыруға тақырыптың мағынасын ашуға талқылау тәсілдерін қолдану да өз септігін тигізеді.

Білімді бере салу оңай, ал оқушыны ізденуге үйрету қиынырақ. Оқушыларға өз оқуларына сынмен, саналы қарауды үйрету керек. Жаңаша ізденіс, жаңаша көзқарас жалғасын тауып, ел ертеңі келешек ұрпақтың білім алудағы жетістікке жету жолында нәтижелі еңбек ететініме сенімдімін. Бүгінгі таңда өздеріміз тәлім-тәрбие беріп жатқан бүлдіршіндер ертеңгі күні тек білімді кадр ғана емес, Отанын жанындай сүйетін, ұлттық тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, рухани кемелденген азамат болып өсіп жетілуі қажет. Өзінің қазақстандық екенін, Қазақстанда туғанын әрбір бала мақтаныш ете алса ғана, біздің бұл ісіміздің нәтижелі болғаны.

Ордабаева Жанар Бейсенбаевна

№25 жалпы орта білім беру мектебінің

педагог-психологі

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.