Қазіргі таңда білім беру жүйесін қоғам сұраныстарына сәйкес жаңарту мен дамыту мәселелері өзекті болып отыр. Осы орайда, елімізде білім жүйесін ізгілендіру, білім берудің үздіксіздігі, білім жүйесін ақпараттандыру, білім беру жүйелерінде пәнаралық ықпалдастыруды жүзеге асыру істері негізгі бағыттар болып, жалғасын табуда. Жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оларды жаңаша дағдыларға тәрбиелеу қажет. Ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани – адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық қабілетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіру. Өзекті болып отырған мәселелердің ішіндегі білім жүйесін ізгілендіруде «Өзін – өзі тану» пәні іргелі рөл атқарады. «Өзін – өзі тану» пәнінің мақсаттарын іске асыру ретінде басқа оқу пәндері мазмұнының құндылықты мәнін күшейту мәселесі ретінде де қарастырылған. Өзін-өзі тану пәні адамның қоршаған ортаны дұрыс қабылдауынан, оларға деген дұрыс қарым-қатынасынан басталады.[6,3бет] «Өзін – өзі тану» пәні мемлекетіміздің ертеңгі азаматтары болатын, бүгінгі жас жеткіншектерге рухани – адамгершілік тұрғыдан бағыт – бағдар беру міндеттерін атқарады. «Баланы – жастан» деген халық мәтелі тегін айтылмаған. Кішкентай кезінен тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, ұйымшылдыққа, отаншылдыққа тәрбиеленген бала адамгершілігі мол азамат болып шықпақ. Осындай жағдайлардың жүзеге асуына «Өзін – өзі тану» пәні көмектеседі. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде, өзіндік таңдау жасауына ықпал етуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұрпақтың білім алып, тәрбие үйренудегі ұстаз рөлін жоғары бағалаған. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, оларды адами ізгі қатынастарға үйретуде «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызы ерекше. Осы пәннің негізін қалаушы Сара Алпысқызы «Әр баланың қабілетін ашу, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі, өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды!» -деген. Ал біз осы балалардың өмірдегі орнын табуына көмектесуіміз керек.
«Өзін-өзі тану» пәні өзгешелігі мен ерекшелігі мол сабақ. «Тәрбиесіз берілген білім бекер» демекші, бүгінгі заманда әр баланы тұлға ретінде тәрбиелеу өте қажет. «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты – рухани-адамгершілік тәрбие беру. Әсіресе, бастауыш сыныптан бастап оқыған балаларға өте жақсы болды. Себебі, кішкентай кездерінен өз-өздерін және қоршаған әлемді танып біледі. Балалар көңіл-күйлерін, мінездері мен тәртіптерін бағалауға үйренеді. Пәннің әр тарауы, әр тақырыбы болашақ ұрпақтың бойында рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптері мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. [9,17бет]
Мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Озық ойлы, тапқыр да, нәзік, сезімтал, пайымды шәкірттердің іскерлігін, мүмкіндігін ескеріп, бағыт — бағдар беру, ой — өрісін дамытатындай логикалық ой тастау әрбір ұстаздың міндеті. Сондықтан да әр сабаққа оқушылардың әр мәселеге сыни көзқарасын қалыптастырып, оларды ашық, еркін сөйлеуге баулу – әр ұстаздың міндеті. [5,13бет] Сабақтың тақырыбын ашу мақсатында, сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру – мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады. Сабақ барысында балалардың өз ойын еркін жеткізуі, балалардың көбірек сөйлеуі маңызды. Мұғалім тек бағыт беріп, сұрақ қойып негізгі ойды қысқаша жеткізеді. Жеке,топтық жұмыстар әзірлеу, эссе, әртүрлі кесте, бақылау жұмыстары, пікір алмасулар сияқты танымдық-рефлексиялық әрекеттер арқылы оқушылар өздері үшін маңызды болған мәселелер туындайды. Бүгінгі социумда бірлесіп әрекет ету, бірін-бірі тыңдау, көзқарасын ескеру, ескертпелерді есту, топта жұмыс істей білу аса маңызды. Бүгінгі білім беру жүйесінде монологтен гөрі диалог қажеттірек, бүгін жетелеп жұмыс істегеннен гөрі топтасып жұмыс істеу маңыздырақ. Оқушылардың өздігінен ізденуіне, шығармашылық жұмыстарға белсенділіктерін арттыруға тақырыптың мағынасын ашуға талқылау тәсілдерін қолдану да өз септігін тигізеді. Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуда берілетін сұрақтар маңызды. Мен оқушыларға Неге? Неліктен? Қалай? сұрақтарын қою, «Ойлан. Бөліс.Ұсын» әдісі арқылы олардың дербес пікірін қалыптастыру жолдарын қарастырамын. Мысалы, «Жаным толған жақсылық», «Жылы жүрек жақсы тілек», «Өзіңді де, өзгені де аяла» деген сияқты тақырыптарды өткен уақытта: Адамгершілік деген сөзді қалай түсінесіңдер? Қалай ойлайсыңдар, өмірде адамгершілік қасиеттер байқалатын қандай деректерді кездестіруге болады? Неге адамгершілік басты адами құндылық болып есептеледі? Кейіпкердің адамгершілік қасиеттері байқалған деректерді ата және т.б. Бұл тұрғыда әр оқушыны сұрақ тұрғысында өзіндік пікірін білдіруге талпынады. Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Сұрақ бар жерде диалог, диалог бар жерде пікір алмасу, ой бөлісу, шешім шығару, қорытынды жасауға болады. Сонымен қатар мультфильм, ертегі, аңыздарды көрсеткеннен соң қайта бағыттау сұрақтарын қою да маңызды.
«Шеңбер» әдісі- оқушыларды шеңбер түрінде отырғызып, ортаға талқылауға сұрақ тасталады. Сұрақ тұрғысында әрбір оқушының пікірін білу мақсатында шар немесе басқа да заттар қолданылады. Әр оқушы сұрақ тұрғысында пікірін білдірген соң, шарды басқа қатысушыға береді. Нәтижесінде әр оқушының дербес пікірі пайда болады.
«Жұлдыздар шоғыры» әдісі бойынша постер жасау-бұл әдіс топтық жұмыс түрінде жүзеге асырылады. Топтарға жұлдыз жапсырмалар мен постер таратылады. Әрбір топ жұлдыздарға берілген тақырып бойынша пікірін жазып, шоғыр құрайды. Мысалы, 3-сыныпта «Мейірімділік- асыл қасиет» тақырыбы бойынша өтілген тақырыптарда осы әдісті қолдануға болады. Сонымен қатар топтық жұмыс барысында оқушылар бір-бірімен өзара пікір алмасады, нәтижесінде әр оқушының тақырып тұрғысында дербес пікірі пайда болып, олардың сыни тұрғыдан ойлануына септігін тигізеді. Сабақты қорытындылау кезеңінде оқушыларға «Бес жолды өлең», «Еркін жазу» сияқты стратегияларды қолдануға болады. Бұл пән адамды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге бағыт ұстайды. Әрбір жеке тұлға, жеке азамат өмірдің мәнін түсініп, өзіндік орнын табуы үшін ішкі мүмкіндіктерін аша білуі қажет. Осыған орай өтілген әрбір сабақ баланы өзінше ойлауға, шешім шығаруға, өз ісіне жауапты болуға баулиды. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен халқымыздың мол мұрасы осы пән арқылы келесі ұрпаққа жетіп жатса біздің де мақсаттарымыздың орындалғаны. Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.
Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді. Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. 2007 ж.
- Өзін-өзі тану» пәнінен оқу бағдарламасы
- «Өзін-өзі тану» пәні бойынша ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты.
- Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. – М., 1989.
5.Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012. Мұғалімге арналған нұсқаулық
6.Өзін-өзі тану:Мұғалімге арналған әдістемелік құрал. Алматы, «Бөбек»ҮҒПББСО,2006.
7.Әлқожаева Н. Қазіргі кезде білім беру парадигмалары контексінде тұлғаның рухани дүниесін қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері. Монография. — Алматы 2012
- «Өзін-өзі тану» пәні оқушы тұлғасын қалыптастыруда. – Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы. –Алматы.-№12 (84). 2013. -19-21б.
- Методика преподавания предмета «Самопознание» в высшей школе: учеб.- метод. пособие / разраб. И.А. Абеуова, У.А.Ауталипова, М.К. Бапаева, Г.М. Касымова, Г.И. Калиева, К.Ж. Кожахметова, Х.Т. Шерьязданова. – Алматы, 2007. – 92 с.
- А.С. Сейтақов, «Өзін-өзі тану пәнін оқыту ерекшеліктері», «Самопознание.kz» журналы — 2011.
- Б. Айтуқызы, «Өзін-өзітану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ықпалдастыру әлеуеті», «Самопознание.kz» журналы — 2011.
- Райымбекова Т.Қ., Жаңабекова Г.Ж., «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бойынша ғылыми тұрғыда сапалы мониторинг өткізудің ерекшеліктері», «Самопознание.kz» журналы — 2011.
13.С. Ғ.Тәжібаева Мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастыру технологиясы. Оқу құралы. Алматы,Білім,2008
- О.К. Трубецкая Балалардың рухани- адамгершілік құндылықтарын қалай жетілдіруге болады // Сынып жетекшінің анықтамалығы №12(48) 2012.
Ордабаева Жанар Бейсенбаевна
№25 жалпы орта білім беру мектебінің
педагог-психологі
Павлодар қаласы