Home » Мақалалар » Өзін-өзі танудағы халық даналығы – рухани байлық көзі

Өзін-өзі танудағы халық даналығы – рухани байлық көзі

                                                                 

Біржан Кәрімұлы  Сапиев                                                              

 

 

 

 

Анаргул Талғатқызы Зайнуллина

Орал, БҚО           
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің жаратылыстану кафедрасының оқытушылары

 

 

 

Ұлттық құндылықтарымыздың бірі даналық – ауқымы кең, күрделі құбылыс, оған біржақты, кесімді анықтама беру мүмкін емес. Олар күнделікті өмірлік қарым-қатынаста сөз түйінінің мән-мағынасын ашуда қолданылады. Даналықтың мән-жайын алғаш зерттеп, ашып беруге философия талпынған. Өйткені «философия» деген сөздің өзі грекше «даналықты сүю» мағынасын білдіреді. Даналық – адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілім-білімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой-пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс-әрекет жетінде жеткізу. Бұл күнделікті сабақта мәтінді, негізгі ойды ақпараттық өңдеу мен бейімделуге тікелей байланысты. Сонымен бірге даналық интеллектуалдық жетілудің ерекше жағдайы ретінде танылады. Өзін-өзін тану пәнінің 1-ші тақырыбынан-ақ Сократтың «Менің білетінім – өзімнің ештеңе білмейтіндігім, өзгелер оны да білмейді» деген ұлағатты сөзінен басталуы тегіннен тегін емес. Білмейтінін біліп, түсінуге, әлем ақиқатын танып, ой түюге ұмтылу – адамды рухани кемелдікке, данышпандыққа бастайтын жол.
Қазақ халқында «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз қарғыстың ең жаманы саналады. Ал тұлғаның білім мен өркениетке ұмтылуы алдыңғы ұрпақ тәжірибесіне сүйенерінде. Абай да «Атымды Адам қойған соң, қайтып надан болайын» деп толғайды; ештеңені біліп-тануға ұмтылмайтын, қарны тойып, құлқыны тоят тапқанына мәз хас надандықты, тоңмойын тоғышарлықты мансұқ етеді. Сабақ барысында негізгі идеяны даналық сөздердегі ұлылықты көкейге тоқумен, өз еркімен жақсылыққа ұмтылып, ой қорытумен, игілікті қам-қарекетпен ұштасады. Даналық жалпыны, тұтас құбылыстарды – дүниені, өмірді, дәуірді, тарихты қамтиды. Білім – өткінші, уақытша, салыстырмалы, даналық, яки түсінік жүйесі – мәңгілік нәрсе. Білімділер қай заманда да көп болған, қазіргі кезде де жетіп артылады, ал дана адамдар, данышпандар бұрын да, қазір де аз. Гераклит «Көп білгеннен дана болмайсың» деп осы шындықты меңзеген. Ұлы Абай да «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Абай үшін даналық өлшемі – адам мен уақыт, өнер мен қабілет – кәсіп мүмкіндігі, түсінік пен іс-әрекет бірлестігі. Ол халық шығармашылығымен сабақтас. Абайдың да, қазақ халқының да даналығы өзін-өзі танудағы, адамтанудағы, өнер табудағы, ағартушылықты жетілдірудегі ойшылдықтан, талпыныстан құралды, тірлік пен рухқа сүйенерлік сенімде жалғасын табады.Қазіргі колледждерге арналған  өзін-өзі тану бағдарламасында Абай, Шәкәрім шығармашылығы үлкен орын алады. Олар үшін туған жер мен туған ел ұқсас ұғымдар. Осы мекен ортаны адам мақсатына сай түсіну, талқылау және бағалау қабілетінен даналық қалыптасты. Шәкәрім даналығы: «Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас» және: «Дененің көзі – соқыр, сеніп қалмаңыз» дейді. Баршамыз да дүниені тек қана дененің көзімен көреміз, ал Шәкәрім кереметі – жан көзімен, көңіл көзімен көргендігі. Әлемге жан-жүрек көзімен қараған соң өзінің жан екенін, Құдай барын қолмен ұстағандай сезінген. Сол ақиқатты халыққа жеткізуге бар күш-қуатын сарқа жұмсаған. Міне, Шәкәрімнің кемеңгерлігі осыда болса керек. Ол адамгершілік те, ар-ождан да махаббаттан туады. Мінезің қиянатшыл ма, онда жарым адамсың. Тек «ақыл мен жан – мен өзім» деп білген адам ғана қиянатты аулақ серпеді. Нәпсіні ноқталауда өзге жол жоқ, осыны санаға жеткізу қамында Шәкәрім: «Мінезің – сенің тағдырың» дейді. Ессізді есті, қатігезді мейірімді, өзімшіл эгоисті көпшіл қып өзгерту кілті – санада дейді. Егер мінезің өзгерсе, тағдырың да өзгермек.Өзін-өзі тану сабақтарында нақыл сөздермен жұмыстың басты мақсаты – сезімді бейімдеу және тәжірибелік қабылдау, адами болмыстың түп-тамырын табу, салыстыру арқылы оны тірлікке тірек ете білу. Құндылыққа байланысты ішкі жан-дүниеңе  сай әрекет жасай білу – адамның күнделікті тіршілік әрекеттеріне дайындығын лайықты ескерту деген сөз.        Өзін-өзі тану даналықтың мазмұнын қалыптастырады, адам тұлғасында өзіне сену, адал іске және төзімдік қабілетке арқа сүйеуі артады. Абай «берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл» деп, көңілде түйген тұжырым әлденеше жетістікке ұйытқы болатынына кәміл сенді. Тіпті «жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен?» деген күдігіне «тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса» деп уәжін айтады. Ал әр сабақта қолданысқа енетін даналық – адамгершілікті танудағы, табудағы, табыстырудағы құбылыс, қасиет, құрал. Әр түрлі тақырып аясында берілетін сан түрлі сапа, адами ізгі қасиет, үлгі-өнеге, айналаға деген ыстық ықылас пен өмірге деген іңкәр сезім өмірлік құндылықтарды білім алушының  зердесіне жеткізетіні әрине, ұстаз. Олай болса, өмір оқулығындай ғажап дәрістерге толы бұл пәннен сабақ беретін ұстазға қойылар талап та ерекше. Жаһандану кезеңінде әрбір болашақ маманның құндылық қасиеттерін дамытып қалыптастыруға аса мән беріліп, олардың санасын халық даналығы тұрғысындағы біліммен қаруландырсақ, өзін-өзі тану мұғалімінің шешендігі де, қиыннан қиыстырар шапшаңдығы да, өмірге икемділігі де артары даусыз. Елдің рухани байлығын еселеп, тәуелсіздік құндылықтарын батыл іс әрекетпен ұштастырған жағдайда ғана  біз әлемдік аренада өзіміздің елдігімізді сақтап қала аламыз. Колледж оқытушылары әр сабақты  өткізу барысында студенттердің бойында мақал-мәтелдерге деген қызығушылықтарын, ынта-ықыластарын арттыру мақсатында көптеген жұмыс түрлерін ұйымдастырады. Даналық – адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілім-білімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой-пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс-әрекет түрінде жеткізе білетін адам қасиеті,тұлғаның тиімді анализбен, адамдар өміріндегі қүнделікті және ғылыми оқиғаны алдын ала жобалауымен және бағалауымен байланысты интеллектуалдық дамуының ең жоғары деңгейі, табиғи интелектінің бір жағы. Даналық нақыл сөздер мен ұлылардың кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі,тәрбиелік мәні баға жетпес құндылыққа тең еңбектерін күнделікті сабақ үрдісіне енгізіп білім беру – ең басты да маңызды міндетіміз деп есептейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жоғары оқу орындарында өзін-өзі тану пәнін оқыту әдістемесі: мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік құрал. – Алматы «Бөбек» ҰҒПББСО, 2007. – 96 б.

2.Өзін-өзі тану: мұғалімге арналған әдістемелік құрал. Алматы, «Бөбек»ҮҒПББСО,2006

3.А.С.Сейтақов,  «Өзін-өзі тану пәнін оқыту ерекшеліктері», «Самопознание.kz» журналы – 2011.
4.О.К.Трубецкая,  Балалардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалай жетілдіруге болады // Сынып жетекшінің анықтамалығы, №12(48) 2012.

5.Л.Хей. «Өзіңді өзің емде немесе біздің ішкі күшіміз». 2004.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.