Home » Мақалалар » Өзгермелі заманның талабына мектеп ілесе алуда ма?

Өзгермелі заманның талабына мектеп ілесе алуда ма?

 «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі.
Мектебімізді таза, берік  һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек,  келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады»

Мағжан Жұмабаев

        Жаһандану —  жаңа әлемдік саяси экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құру үрдісі.  Бұл ұғым әлемдік өркениет өлшемдерінің  жалпы адамзаттық өлшемдерге ие болуы  дегенді білдірсе керек.  Жаһандану қазіргі білім  беру жүйесінен де өз орнын алып келеді.

 Қарқынды өзгерістерге толы осы  заманда  мектептің заман көшінен қалмай аяқ басуы қазіргі қоғамымыздың басты талабы болып отыр.

Қазіргі таңдағы жаңартылған білім мазмұнына сәйкес  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Мұғалімге арналған нұсқаулықта» :   «Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті» делінген.  Яғни, қазіргі білім беру  «ХХІ  ғасырда  нені оқыту керек?», «Мұғалімдер оқушыларды  ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» деген сұрақтар төңірегіндегі маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.

Дамыған 30 елдің қатарына ену бағытында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ел келешегі жас ұрпақтың қолында, бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі-білімде»,- деген сөздерін берік ұстана отырып, жаһандық үрдістерден қалыс қалмағанымыз жөн.  Олай болса, жаңа білім, жаңа мектеп, жаңа технология, жаңа бастама болып жатқан кезде бізге неге өзгермеске?  Оған қазіргі мектеп ілесе алуда ма? деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Қазіргі заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі  оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады. Алайда заман дамыған сайын тек шәкірттің қабілетіне қарай талап қойылмайды. Ендігі жерде мұғалімдердің де әдістемелік әлемі өзгермек.

А.Байтұрсыновтың: «Мектептің жаны- мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» деген сөздерін негізге алсақ,  қазіргі мектепке жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалім қажет деп ойлаймын.

Жаңа ғасыр мұғалімі осындай талапқа сай болып, сапалы әрі сан алуан салиқалы тәрбиелік, білімділік қызметтерді атқара білгенде ғана ұстаздық мақсатына жетеді.

Бүгінгі мұғалімге тек пән мұғалімі ретінде баға беру немесе оның жұмысы тек сонымен ғана шектеледі деп айту олқы болар. ХХІ ғасыр- ілім мен ғылымның ғасыры,  сондықтан мұғалім әмбебап болуы шарт.  Өйткені қазіргі мұғалім – оқытушы, оқулық авторы, технолог, іздендіруші, тұлға қалыптастырушы, жаңа ақпарат таратушы. Қазіргі кезде мұғалім оқушының өздік білім алуға, ойлауға, әр түрлі мәселелерді үңіле қарауына, оны шешу жолдарын табуға, өздік даму жолын анықтауға бағыт – бағдар беруші.

Мектепте жаңартылған білім мазмұнына сәйкес жаңашыл әдістердің қолданылуы, оқушыларды бағалаудың мектептегі көшбасшылықтың түрлері, мектеп мәдениеті, эволюция, коучинг, желілік қоғамдастық, SWOT, SMART, іс-әрекетті зерттеу түрлері мен тізбектелген сабақтар топтамасының /Lesson Study әдісі/  жаңаша ойлау мен өзекті мәселелерді іздеу жолдары,  пайдалану негіздері жаңаша мазмұнның көрнекті жемісі екенін күнделікті сабақ барысында байқай аламын.

Жаңа білім беру мазмұны, кәсіби бағдар беру, үштілділік, Назарбаев зияткерлік мектебінің іс –тәжірибесін тарату сияқты жаңашылдықтар білім беру  саласына қандай да бір өзгертулер енгізіп, оны заман талабына сай, заман ағымына ілесе алатындай  етіп қалыптастыруда.  Егер әр мектеп заман талабына сай толық қамтамасыз етілсе, көштің одан әрі ілгері басары сөзсіз. Қазір оқушылар заманауи тұрғыда қалыптасып бейімделіп келеді. «Көш жүре түзеледі»  демекші мектептің заман ағымына қарай алға басатынына сенімдімін.

Алайда ол үшін  мұғалім білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтерумен қатар жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа инновациялық технологияларды күнделікті жұмысында қолдана білетін, білгір иесі болу керек. Сондықтан, жаңа бастаманың жолында әлі талай үйрену барысында жеңістердің де, жеңілістердің де болатынын біле отыра тек мойымау керектігін түсіндім.

Халықтың «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген қанатты сөзін ескере отырып, мектептегі ұстаздық қызметімде көп жылдан астам тәжірибем болса да, заман талабына сәйкес жаңа бағдарламаны іске асыру жолында әлі де болса үйренетін дүниелерімнің көп екендігіне көзімді жеткіздім.

Мұғалім жеке тұлғаны қазіргі өзгермелі ортада өмір сүруге бейімдеп отыруымен қатар, өзіміздің  салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды қоса жаңғырту қажет деп есептеймін.

Осы орайда  М.Жұмабаев,  Ш.Құдайбердиев,  А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин сынды қазақ зиялыларының  ұлттық педагогикамен ұштасқан  идеяларының  терең ойлы мазмұнын әсте естен шығармағанымыз жөн.

Бүгінгі мектеп – зиялылық пен зияткерліктің, елжандылық пен дарындылықтың қайнар-бастауы,  ұлттың күре тамыры.  Сондықтан, өзгермелі заманның талабына қарай мектептің ілесетініне көзіміз жетеді.

Олай болса саннан сапаға шығуды мақсат етіп, ағысы күшті жаңа қоғамның талабына сақадай сай болу керек. Әсіресе,  Елбасының жағымды жаңалыққа толы кейінгі Жолдауы мұғалімдер мәртебесін көтеруді мақсат етіп отырған тұста әр ұстаз қамал бұзған қазақтың текті ұрпақтарын тәрбиелеп, білімдар ету міндетіне аса жауапкершілікпен қарағаны жөн.

«Басқаларды үйрете жүріп, өзіміз үйренеміз» деген нақыл сөзі менің бүгінгі ұстанымыма сайып келгендей, барша қауымды жұмылдырып іске бастаған көштің ұранына айналғандай. Мен де сол көштің легіндемін.

С.Сыздыкова,
Балқаш қаласы жалпы білім беретін №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектебінің  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.