Home » Балабақша » Өзгеге шынайы жеткізудің өзі –өнер

Өзгеге шынайы жеткізудің өзі –өнер

Шындығында көркем образ арқылы жандүниені тебірентіп, бір жылатып, бір күлдірген өнердің құдіретін түсіне білген жандар шынайы жеткізе аларына көзіміз жетті. Қарапайым ғана балабақшада тәрбиеші болып қызмет етіп  жүрген педагогтардың өнерге деген осыншама құлшынысы, ізденісі, жоғары дайындығы, сахнада өз кейіпкерлерін айнытпай ойнап шығуы, тіпті сөзбен, дауыс ырғағымен-ақ отырғандарды өз әлеміне жетелеуі таңқаларлық дүние. Ұстаздың ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын бар ынтасымен атқара білуі осында шығар.
Бастаған істерін байсалды жалғастырып, ұстаздық атты ұлы істе өзіндік орындарын ұжым болып таба алған аты затына сай Астана қаласындағы №88 «Баян сұлу» балабақшасы кезекті кластер бағыты бойынша өткен қалалық  семинарында жиналған қауымды өз өнерлерімен тәнті ете білді.
Осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген білім ордасында 12 топқа бөлінген 300-ден астам бүлдіршін таза қазақ тілінде тағылым тәрбие алуда.  Қысқа уақыттың ішінде шығармашылық белсенділігі, жаңашылдықпен ізденімпаздыққа жаны құмар, педагогиканың әдіс-тәсілдерін меңгеруге құлықты педагогтардан құралған осындай ұжымды «жасақтай» білген балабақша меңгерушісі Жантасова Гүлжан Тұрсынбайқызы тәжірибелі маман, іскер басшы.
Қаңтар айының 18 күні «Өнер» бағыты бойынша серіктес балабақшаларына арналған семинардың тақырыбын театр қызықтары деп атаған  балабақша ұжымы «Құмырысқа мен шегіртке» ертегісін заманауи тұрғыда сахналаса, қуыршақ театры « Бақытын іздеген бала» қойылымы арқылы өнер айдынына кең құлаш сермеді. Тәжірибелі маман Токишева Айгерим Бактыбайқызының дайындаған «Балабақша –бақыт мекені» атты бейнефильмі патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбиенің алтын қақпасы жайлы толық мағлұмат берді.
Екі жыл бойы «Көркемдік –эстетикалық тәрбие» бағытында құрылған кластердің  жетекшісі №38 «Шаттық» балабақшасымен қатар №60 «Арай», №87 «Қадыр», №90 «Еркежан» жүйелі жұмыс жасап өзара пікір алмасып, әр жаңашылдығына қолдау білдіріп келе жатқан тілекшілері. Сахналық қойылымдар арқылы балалардың көркемдік талғамын қалыптастырып, музыка құдіретін түсінуге мүмкіндік беруді мақсат еткен ұжым өздері қойған межеге  жете білді деп айтуға болады. Олай дейтініміз
1. Театрландырылған іс-әрекет арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту;
2. Балалардың шығармашыл дамуына заттық-кеңістік дамытушы орта құру;
3. Театр іс-әрекеті арқылы балалардың сөйлеу белсенділігін арттыруға ықпал ету;
4. Адамгершілік рухани тәрбие беру, балалардың әлеуметтік мәдениеті мен біліктілігін арттыру.
Балабақшаның 2018-2019 оқу жылына арналған жылдық міндеттемелері болатын.

Б
алалар шығармашылығын жүйелі дамыту, балалардың театр өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру, сахна мәдениетіне баулу, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, дамытуды көздеген педагогтар өздерінің нағыз өнер жанашырлары екендіктерін көрсете білді.
Тәрбиеші болу үшін шындығында тәрбиелі болуы қажет екендігі дәл осындай жауапты міндет үстінде көрінетін айта кету қажет.
Сонымен өнерлі ұжымның алғашқы қойылымы баласына еңбексүйгіштікпен өз ісіне деген жауапкершілікті үйретуге бағытталған «Құмырысқа мен шегіртке» ертегісі әжесінің баласына айтқан ақылынан туындаған көрініс ретінде алынып,  Оспанова Динара, Айгерим Токшиева, Динара Ақпамбетова, Жұлдызай Маханбет, Жанель Оспанова, Айтолқын Шахметова, Арухан Бекинбаева, тәрбиеленушілер Самат Кәусар, Көкен Айару, Бурлыбаева Аружан, Ермахан Айзеренің шеберлігімен тамаша шықты.
Өз ісінің шебері, ұзақ жылдар ұрпақ тәрбиелеу саласында тәжірибе жинақтап келе жатқан әдіскер Абдикаримова Дана Базарбайқызының авторлық жұмысы «Бақытын іздеген бала» қойылымында  жиналған көпшіліктің жан жүрегін тебірентіп, көздеріне жас, көңілдеріне жұбаныш ұялата алды. Қазақи ұлттық киімдегі қуыршақтармен сахналанған қойылымға тәрбиешілер дыбыс беру арқылы ойларын  шынайы  жеткізе білді. Автордың «бала бақыты – анасының аялы алақаны» екенін ұғындырсам деген ойы толық ашылды және көпшілікті сендіре білді. Музыка жетекшісі Алпысова Диана, орыс тілі маманы Хамидуллина Галия, логопед, дефектолог Беркинбаева Арухан, Қасенова Дамира, Токишева Айгерим, Маханбет Жұлдызай Аяпберген Айнаш, Оспанова Жанельдің өнеріне тәнті болмаған жан жоқ.
Тәрбиеші Н.Д.Түркейдің «Алжапқыштағы театр» атты шеберлікті шыңдауға арналған екі  топтық жұмысын семинар қатысушылары өз өнерлері мен ой ұшқырлықтары арқылы тамаша орындап шықты. Зал ішіне қойылған қуыршақтармен ертегілер ойластыру, викториналық сұрақтар, психологиялық тренингте көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Балабақша қызметкерлерге қажетті оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтылса, тәрбиеленушілерге қажетті мүліктер мен тәрбиешілер өз қолдарымен жасаған ойыншықтар және кешенді әдістемелік құралдармен толық жабдықталған. Оған қоса барлық топтарда  тәрбиешілер ата-аналардың көмегімен театр бұрыштарын  толықтырып, оқу қызметтерінде пайдаланып келеді.
Екі жыл бойы балабақша  мерекелік іс-шараларды  өз мәнінде өткізіп ғана қоймай, биіктен көрініп жүрген жеңімпаз білім ордасы.
«Қош келдің, Алтын күз!», «Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті күні», Тәуелсіздік күніне байланысты «Тәуелсіз елдің ұланымыз» тақырыбында іс-шаралар,  «Менің Қазақстаным!» атты суреттер көрмесі және Жаңа жыл мерекесі ұйымдастырылған.    Жаңа оқу жылында біздің балабақша бүлдіршіндері бірнеше қалалық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Атап айтсақ, хореография бойынша республикалық «Звездный дождь» байқауында ересектер «Әдемі» тобының тәрбиеленушілері ІІІ орынды, мектепалды «Балауса» тобының тәрбиеленушісі ІІ орынды иеленіп, Алматы қаласына жолдама алған.  Астанада өткен «Сарыарқа велотрек» жарысында балабақша тәрбиеленушілері жүлделі ІІ, ІІІ орындарды жеңіп алған. Ересектер «Алтын бесік» тобының тәрбиеленушісі Сәрсеналиева Дария қашықтықтан өткізілген қалалық шығармашылық сайыста бас жүлде иегері атанған. Осының барлығы тәрбиешілердің жемісті еңбегінің нәтижесі.
Қорытынды сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы қос шәкірті  балабақша меңгерушісі Гүлжан Тұрсынбайқызымен әдіскер Дана Базарбайқызына бір ауыз сөбен « Ұстаз бақыты- озып туған шәкірті» деген өзінің жүрек жарды лебізін білдірді.
№87 «Қадыр» балабақшасының меңгерушісі Рахимжанова Лейля Мұратпекқызы осындай қойылымды серіктес балабақшаларда өткен семинарларға келіп қойса келе алмаған  тәрбиешілер де тәжірибе алып, ой қорытар еді деген ұсынысын жеткізді.  Жетекші балабақша осы кластер бағыты бойынша өзгелер үлгі алар деңгейде өнерлерін көрсеткен №38 «Шаттық», №69 «Еркемай», №60 «Арай» балабақшаларының меңгерушілері Сәуле Нұрғалиқызы, Ақмарал Абдрасилқызы, Жарқын Күзембайқызыда  семинарға жоғары дәрежеде өтті деген бағаларын берді.
Әр істі қал жібермей қадағалап отыратын аталмыш балабақшалардың әдіскерлері Каримова Айжан Қуанышбекқызы, Ғалия Сапарқызы, Гүлжан Шахмұратқызы, Бибигүл Абылайқызы, Нүрзия Хабиқызы, Нұршат Зейтханқызы, Шинибекова Айгүлде семинардан өткен әсерлерімен бөлісіп, әріптестерінен  үйренген дүниелерін өз  тәрбиешілерімен бөлісетіндіктерін жеткізді.
Алған қойған мақсаттарынан жаңылмай, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білген ұжымның береке-бірлікпен әлі де талай биікті бағындыратынына сенімдіміз. Өнермен өрге қадам баса беріңіздер.

 

Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,  Астана қаласы   

  

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.