«Әуелі бойыңда талант болсын,
Талантыңа талабың қанат болсын» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Бүгінде еңбегінен ел танып, талантынан қанаттанып жүрген Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қызылжар ауылының тумасы Әділғали Баяндиннің «Суретші көзімен» атты шығармашылық көрмесі өтті.
Көрменің аталуынан-ақ суретшінің болмысын, жүрегіне жақын бағытын, тұла бойына сіңген еңбектерін көре аламыз. Себебі, арнайы сәулетшілер жасаған, ең ерекше безендірілген, Елбасымыздың маңызды кездесулері өткен үлкен залдардың бірі мен кіші залға қойылған Әділғали Баяндиннің елу шақты туындысының ерекшелігі – қарындаш пен акварельмен салынған үлкен картинаға дайындығы. Суреттер ұлттық рухқа жан беріп, әрбір боялған бояулары мен сызған суреттері құндылықтарымызды насихаттай отырып, тарихи маңызды оқиғалар мен әдеби шығармашылығымызды бейнелейді. Солардың бірі ретінде, үлкен залдың төрінде тұрған «Қамшы» туындысына тоқтала өтсек.
Әдебиетіміздегі «Қыз Жібек пен Төлеген» киносында көпшілік мән бере бермейтін ұрпағымызға өмірлік мәні зор, тәрбиемізге үлкен маңызы бар жайттың бірі – ұлттық құндылық саналатын қамшының рөл ойнауы. Яғни, көрме авторының өзі баяндай отырып, мысалға алған киносында «Қыз Жібек пен Төлегеннің» кездесуі кезінде араларында тұрған қамшының мән-мағынасы «өзгенің ала жібін аттама», «арыңды зұлымдыққа жеңдірме» деген тәлім-тәрбиеге тікелей қатысы бар қамшыны шеберлікпен бейнелей отырып түсіндірген.
Әрине бұдан шығатын қорытынды, Әділғали Баяндиннің өзіндік ерекшелігі, өнеріне деген ғашықтығы, ұлтына деген сүйіспеншілігі деуге болады. Ал, кіші залдың ішіне енсеңіз өн-бойыңызды ауылға деген сағыныш сезімі билеп, асқан шеберлікпен салынғандығы сондай – картинаға қарап-ақ, сағыныштың көз жасы еріксіз жиналады. Мұндай әсерлі көрменің ашылуына бір жыл уақыт кеткен екен. Көрмеге батасын жаудырған өнердегі әріптестері мен бағасын берер қонақтар көп болды.
Мақаланың жазылуына арқау болған Әділғали Баяндиннің ең алғашқы көрмесін 2017 жылдың 11 қазанында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Ақтаева Күләйша Қабдуәлиқызы салтанатты түрде тұсауын кесті.
Ал көрменің соңында көрме авторы ізбасарларына мына бір тілегін арнады: «Мен көкейімде жүрген сауалыма жауап алдым. Артымыздан келе жатқан жас ұл-қыздарымыздың бар екеніне көзім жетті. Оларға, табандылық, шығармашылық табыс тілеймін. Әрине, бұл өнер нәтижесін бірден беретін өнер емес. Сондықтан қаламдарыңызды ұштап, жігерлеріңізді жоғалтпаңыздар. Оған шыдамдылық керек. Себебі, осы салада оқу бітіріп тұрмыстық қиындықтарға байланысты басқа салаға кетіп жатқандар да бар. Мүмкін кезінде мен өзім де сөйткен шығармын», — деп жастарға қолдау көрсетіп қанаттандырды.
Жансая Мұстафина
Білім айнасы
Астана қаласы