«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Себебі барлығымыз да сол ұстаздың алдынан өттік.
Ұстаз — ұлағатты есім. Ол диқан сияқты, ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Шәкірт — ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады. Осындай ұлағатты есімге лайықты ұстаздар қаламыздағы «Жаңаөзен қалалық жалпы арнайы білім беретін және мектепке дейінгі ұйым» коммуналдық мекемесінде баршылық. Мұнда білім алатын оқушылар — мүмкіндігі шектеулі балалар. Мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істеудің қиындығына қарамастан ұстаздарымыз озық технологияны, жаңа тәсілдерді пайдаланып, жоғары деңгейде сабақтар, әртүрлі тақырыптарда тәрбиелік шаралар өткізуде. Соның бірі — «Өзін-өзі тану. Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігі. Шара аясында мектебіміздің алғашқы басшысы, қазіргі таңда ардагер ұстаз, әлеуметтік педагог – Р.М. Қайрлиеваның ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық шарасы өтті. Қайырымдылық шарасында аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетіліп, мектеп мұғалімдері оқушыларға кітаптар тарту етті. Онкүндік кезінде мектеп мұғалімдері арасында педагог-психолог А.К. Габбасованың ұйымдастыруымен «Жүрек қуанышы» атты тренинг өткізілді. Кітапханашы Т.Жарасова «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім және тәрбие беру бағдарламасының авторы С.Назарбаеваға арналған «Мейірім төгетін ана» атты кітап көрмесін өткізді. Оқушылар арасында өткен «Ән — көңілдің ажары» атты ән байқауына балалар белсенді түрде қатысты.
Осындай шаралардың мектепте жоғары деңгейде жиі өткізіліп тұруы мектеп басшысы Ақсауле Есбайқызының, оқу ісі меңгерушісі Айгүл Төлекбайқызының, ардагер ұстаз, әлеуметтік педагог Рабиға Мұратқызының және мектебіміздің тәрбие жөніндегі орынбасары Айгүл Ордалықызының біліктілігінің, ұйымдастырушылығының және мектеп ұжымының ауызбіршілігінің арқасы деп білемін.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұжымдағы барша әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін.
Қамар САНДЫБАЕВА,
«Жаңаөзен жалпы арнайы білім беретін
және мектепке дейінгі ұйым»
коммуналдық мекемесінің мұғалімі,
Жаңаөзен қаласы