Әр жас өркеннің азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ететін қоғамдағы негізгі сала, ол – білім беру жүйесі. Ал білім беру жүйесіндегі басты тұлға — мұғалім. Ал білім беру терең және жоғары мәдениетті, ғылым мен техниканың жетістіктерін игерген оқушының өзін-өзі тануға ұмтылуына, ізденуіне жол ашу мұғалім алдындағы үлкен міндет. Заман талабына сай жаңа технологиямен жұмыс жасай отырып, жеке тұлғаға бағытталған білім берудің алғышарттарының бірі — оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас әдебі деп айтуға болады.
«Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе — оның басқа адамдармен қарым-қатынасы», — деп А.Линкольн айтқандай, педагог өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның оқушылармен арадағы тиянақты қарым-қатынасы. Мұғалімнің оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнатуы — оқу үрдісін тиімді ұйымдастырып, тәрбие мәселесінің ең ұтымды әдіс-тәсілдерін қолданып, әрбір оқушының білім игеруде мақсатты деңгейде меңгеріп, алған білімдерін әрі қарай дамытуына мүмкіндіктер туғызады.
Оқушыларға білім берудегі мұғалімнің жеке қасиеттерінің маңызы зор, яғни, мұғалімнің педагогтік әдебі. Педагогтік әдеп — әр ұстаздың дара қасиеті. Ол мынандай адамдық қасиеттерден тұрады:
- Ұстамдылық;
- Ілтипаттылық;
- Дәйектілік;
- Талап қоя білушілік;
- Зейінділік;
- Ептілік;
- Орынды қалжың, т.б.
Кейбір ұстаздардың бойында кездесетін орынсыз әзіл, тұрпайы мінез-қылықтар, ерсі сөздер оқушыларға жағымсыз әсер қалдырады. Бұл сабаққа оқушысы құлықсыз, немқұрайлы қарайды. Ал қатал талап қоя отырып оқытқан сабақтар жаттанды жауаптардан аспайтыны бесенеден белгілі.
Мұғалімнің педагогикалық әдебі болмайынша, ол өз пәнін қанша терең білгенімен, тәрбиелік жұмыста алуан түрлі әдіс-тәсілдерді меңгергенімен, өзінің алдына қойған мақсатына жете алмайды. Мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынасындағы педагогтік әдеп әлемі үшін төзім мен сабыр сақтау сияқты қасиеттердің көп жағдайда шешуші мәні бар.
Педагогикалық әдеп — мұғалімнің ең басты моральдық қасиеттерінің бірі, онсыз ол ұстаздық ете алмайды.
Басқа мамандық иелеріне қарағанда мұғалім мамандығы ерекше, ол әрдайым үлкен аудитория ішінде және көпшілік көз алдында. Сондықтан жан дүниесімен ғана емес, тартымды бейнесімен де әдемі көріне білуі керек. Мұғалімнің киім киісі, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері арқылы да оқушыға үлгі бола алады.
Болашақ ұстаздар өз ісінің әрбір қыр-сырын жетік игеру жолында кәсіптік сапаларды толық меңгерсе, бүгінгі қоғамымызды байытатын, дамытатын, жаңартатын адам тәрбиелеуге мол мүмкіндік ашылатыны сөзсіз.
Әшімбек Шынаркүл,
Хамза атындағы №2 жалпы
орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі