Home » Сценарийлер » ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСУ ЕРТЕҢГІЛІГІ

ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСУ ЕРТЕҢГІЛІГІ

Мақсаты:Оқу тілін дамытып, сөздік қорын молайту. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау.
Әр оқушының іс-әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу;
Оқушылардың елін, Отанын сүюге, оны қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақ әліпбиі, суреттер, нақыл сөздер, «Әліппе», «Ана тілі», «Математика» оқулықтарының мұқабасы, ауызша есепке көрнекіліктер.

Барысы: Атасы немересін жетектеп келеді.
Автор:
Жеті жасар баласын,
Жетпісте шал жетектеп.
Келе жатыр көшеде,
«Қайда әлгі мектеп» — деп.
Жетпіс келеді жүгіріп.
Ата:
Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол тентегім.
Немере:
Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.

Мұғалім:
Армысыздар құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы «Әліппе». Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі — әліппені бітіру тойына хош келіпсіздер дей отырып, ертеңгілігімізді бастайық.
І-жүргізуші:
Қайырлы күн, уа, халайық!
ІІ-жүргізуші:
Армысыздар, мұғалімдер , әз жандар,
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар,
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, әнде бүгін шырқалар.
І-жүргізуші:
Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
Мұғалім:
Өсті міне бойларың,
Өсті ақыл — ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларын!
Балалар мен сендерге сұрақ қоюдан бастайын. Сендер оған жауап айтыңдаршы.
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Хормен:
Болашаққа жол ашар —
Ол сүйікті — Әліппе!
Ол сүйікті — Әліппе!
Мұғалім:
— Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппе:
Армысыздар жас достар!
Армысыздар, ата-аналар!

Мұғалім: Әліппе сен енді біздің қадірлі қонағымызсын. Төрлет
1-оқушы:
Әліппем менің Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
2-оқушы:
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріпте,
Оқимыз қазір ертекте,
Үйреткен оны Әліппе!
3-оқушы:
Әліппе деген алтын жол
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол
Тырысып бақ намысқа.
Ән: «Әліппе»
Қане беріп қарайық,
Зейін қойып тыңдайық
Әріптермен танысу
Тақпақтардан бастайық.

І-жүргізуші:
Енді ортаға әріптерді шақырайық.
«ОТАН» сөзі шығатындай
1-оқушы:
Оспан да өлең жаттады,
Олжас та өлең жаттады.
Мына менен басталған
Екеуінің аттары.
2-оқушы:
Торғай, торғай, торғайсың
Таяу келіп қонғайсың.
Жем шашайын тойып ал,
Сонда аязға тонбайсың.
3-оқушы:
Астана — Астанам,
Астана — бас қалам.
Ардақтап атыңды,
Аузымнан тастаман.
4-оқушы :
Ас біткеннің атасы,
Қасиетті «нан» осы.
Қайсы әріптен басталып,
Аяқталғанын қарашы.
Мұғалім:
Рақмет балалар, Білмесбек болмай, Білгішбек болыңдар!
(сахнаға кір-қожалақ Білмесбек келеді)
Білмесбек:
— Мыналар неге жиналған-әй. Менің атымды атаған қайсың?
Мұғалім: Сәлеметсің бе Білмесбек! Сені атаған мен ғой. Бүгін бізде «Әліппемен қоштасу» мерекесі.
Білмесбек: Әліппемен қош-та-су. Қоштасыңдар, қоштасыңдар! Қой мен кетейін. Чао!
(кетіп бара жатып, бір баланың шарына ұмтылады)
Бала: Тиіспе, менің шарыма . Мұнда әріп жазылған.
Білмесбек: Әріп дейді. Қайдағы әріп, мынау доңғалақтың суреті, ал мынау есіктің суретін салып қойыпты-ей. Бұлардың бәрін… Әліппені оқымай-ақ білемін.
Мұғалім: Ол не дегенің Білмесбек. Бұлар О, П әріптері. Дегенмен балалар Білмесбектің сөзінің жаны бар. Әрбір әріп бір нәрсеге ұқсас. Кәне, енді мақалдар құрастырып, оқу сауатымызды көрсетейік. Мақалдарды дұрыс оқу үшін сандарды өсу, кему ретімен орналастыру керек. Содан соң шыққан сөзді оқимыз. Білмесбек бірнеше рет ұмтылып, балалармен бірге жауап бергісі келеді де, әріпті білмейтіні есіне түсіп, желкесін қасиды.
Мұғалім: Міне Білмесбек, көрдің бе? Балалар әріпті қалай жақсы біледі. Сонымен қатар ежіктемей  мәнерлеп оқи алады да.
Білмесбек: Онда мен де кітап оқығым келеді.
Мұғалім: Бұның дұрыс болды. Тек алдымен үсті – басыңды тазалап, жөнге сал. «Әліппені» таза, ұқыпты балалар ғана ұстайды.
Білмесбек: Жарайды (шығып кетеді).
Мұғалім: Балалар, әріптерді танып қана қоймай, олардың басын қосып осылайша оқи білулерін ата-ана үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш.
ІІ- жүргізуші: Иә, бүгін біздің қуанышымызда да шек жоқ. Өйткені, біз тұңғыш сауатымызды ашқан «Әліппені» бітірдік. Рақмет саған «Әліппе» (хормен).
Қыздардың орындауында би.
1-оқушы:
«Әліппе» даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған,
Рақмет ұстаз алғашқы.
«Ұстазым» әні.
Бізді осындай күнге жеткізіп, бірге қуанып, бірге ренжіп жүрген әкелеріміз бен әжелеріміз, аналарымызға мың алғыс айтамыз. Ендігі ән-шашуымыз сіздерге арналады.
Әліппе:Балалар! Сендер менімен ғана достасып қана қойған жоқсыңдар. Сонымен бірге математика оқулығымен де таныстыңдар.
Мұғалім: Математика – ғылымдардың атасы деген. Ендеше математикадан алған білімдерін тексерейік ( ауызша есеп).

  1. Оң қолымда 5 алма,

Сол қолымда 5 алма.

Барлығын қосқанда,

Болады неше алма?

  1. 5 алманың үшеуін,

Досың сұрап алады.

Айтшы сонда нешеуі,

Өз қолыңда қалады?

  1. Шығармақ боп есеп,

Жиналады бес есек.

Бесеуі ұйықтап қалды,

Шығарды есеп неше есек?

  1. Он асықтың жетеуін,

Досың сұрап алады.

Айтшы сонда нешеуі,

Өз қолыңда қалады?

Ерасыл  Алфавитте қанша әріп бар?

Нурия Дыбыс нешеге  бөлінеді?

Рахат  Табиғаттың тірі денелерін ата?

Зарина Қосудың компонеттерін ата?

Әділхан  Табиғат құбылыстарына не жатады?

Альбина 1 таңбалы сандарды ата.

Нұрасыл 10 санының құрамын ата.

Әліппе: — Ал достар, бүгін сендер енді менің жолымды әрі қарай жалғастыратын ана тілі пәнімен танысасыңдар. Ана тілін ортаға шақырайық.
Ана тілі:

Сәлеметсіңдер ме, балалар?!
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.
Балалар мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарына сенемін.
Әліппе: Ал, енді мен сендермен қоштасамын. Қош болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар! Бестік таратады.

Мұғалім
«5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз!
Хормен: Қош бол, қош бол, құтты Әліппе!
Мұғалім
:
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға ана тілін аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз!

КММ № 9 орта мектеп

Жакубаева Саягүл Бағдатқызы

бастауыш сынып мұғалімі

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.