Әлкей Марғұлан зерттеген «Ер Төстік» ертегісі
Жәнібек Болатұлы,
Астана қаласы әкімдігінің
«№1 Арнайы мектеп – интернаты» КММ
қазақ тілі пәні мұғалімі
Әлкей Марғұланның кім екеніне қалам түрпестен бұрын Елбасымыздың қанатты сөзіне тоқтала кетсек «Әлкей Марғұланның ашқан жаңалықтары қазір де жалғасын тауып жатқандықтан да Қазақстан Еуразияның көне мәдениетінің бесігі деп атай бастады»[1]. Жалғыз ауыз сөз арқылы тарихтағы тағылымы мол Әлкей Марғұлан Хақанұлын өмірі мен еңбек жолын терең түсіне аламыз. Ол-қазақтың біртуары. Қазақ жерінің сыр тартқан төзім иесі. Ол кезінде аты-шулы Орталық Қазақстан, Сарайшық, Талас, Шу экспедицияларын басқарып, Батыс пен Шығыс, Оңтүстік өңіріндегі түркі жұртына тиесілі тылсым сырды ашты.Аша алмай көкірек тұңғиығында кеткені қаншама. Біз Марғұлан Хақанұлы арқылы ұлы Шоқанды таптық. Қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановты ғалым ретінде дүниежүзіне таңылуда да, оның еңбегі ұшан-теңіз.Шоқанның барлық еңбектерін іздестіріп,мұқият жинап, оның шығармаларынан бес томдық толық жинағын жарыққа шығарды.Көп жылдар бойы «Манас» жырының Шоқан жазып алған бөлігі ғылымға белгісіз болып келген еді.Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Әлкей Хақанұлы Марғұлан сол оқулықтың орнын толтырып, Шоқанның нұсқасын мұрағат қазынасынан тапты. Бұл түрік тілдес әдебиеттердің тарихына қосылған зор үлес [2].
1941 жылы Әлкей Марғұлан Қ.Жұмалиевпен бірле.сіп «Қазақ әдебиетінің оқулығын ең алғаш жазды. Орта мектептің 8-сыныбына арналған ауыз әдебиеті нұсқасын талдау.Көлемі 160 бет.[3].Сонымен қатар Әлкей Хақанұлы қазақ ауыз әдебиетіндегі салт-дәстүр жырларын, батырлар жырын, аңыздарды, ертегілерді зерттеп, олардың қойнауындағы ашылмаған сырларды ашып, әдебиетіміздің өркендей түсуіне үлкен бір үлесін қосты деп айтсақ, қателеспеген боламыз.Қазіргі таңда біздің әдебиетімізде ертегілердің алар орны орны ерекше. Сондай қиял-ғажайып ертігілердің бірі «Ер Төстік» ертегісі. Міне, Әлкей Хақанұлының зерттеуі бойынша біздің сүйікті ертегіміздің ең көне жыр екеніне көз жеткіздік.Ұлы ғалым «Ер Төстік» жырын зерттеп, оның көне грек жырларымен ұқсастығын тапқан.Ең ескі дәуірдегі шыққан эпос жырдың бүгінге дейін сақталып келгені- «Ер Төстік» варианттары «Төлеген батыр», «Сұр Мерген», «Хан мерген», «Шолпан мерген», «Құла мерген», «Арғы мерген», «Қара мерген», «Хан болай», «Жерден шыққан Желім батыр», «Ер Дотан», тағы сол сияқты бергі кезде ұмытылып, ертегіге айналған жырлар. Бұлардың ішінде «Ер Төстік»-ең ескі дәуірде шыққан бақташылық жырдың бір ерекше түрі. «Ер Төстік»-тарихи дәуірден қалған әңгіме, ерлік жыры.Онда кездесетін жер аттары да сондай ескі, алғашқы қоғам дәуірін көз алдымызға келтіреді.Бұл жырлар ғасырлар бойы талай өзгеріске түсіп, бұрынғы ерлік жыр қалпынан шығып, бергі кезде ертегі түрге айналған.
Халық айтып жүрген ескі эпос жырлары ғасырлар өткен сайын жыр түрі ұмытылып, қара сөзбен айтылатын ертегіге айналған. «Ер Төстік» жырларында белгілі феодал дәуіпіндегі «қал», «шәлар», «қақпа», «кешен», «сарай», «алтын күйме» деген сөздер сирек жолығады. Не болмаса Ер Төстік жоғарыда айтқандай, қолына айбалта, болат сүңгі алып, жауға шаппайды. Оның жойқын ерлік қасиеті ескі грек Антей, Геракл тәрізді жаратылысты кездесетін сихиямен алысу, сұрапыл боранға, жойқын дауылға қарсы шығу, мал өсіру тыныштық бермейтін аждаһамен, жайынмен, дәумен алысу,жұт болған, күйзелген жылдары тайпалардың малына жайылым тауып беру [158,I]. Ол кездегі халықтың тілегі бі ғана аман-есен мал өсіріп, тек жаратылыс стихиясымен алысу. Бұл әсіресе, «Ер Төстік» жырында жақсы сипатталған. Ер Төстік сегіз аяқты жирен айғырға мініп, тоқсан мың жылқының алдынан қобыз тартып , жер шолып отырады.Әңгіме былай басталады:
Ер Төстіктің әкесі Тоқпан бай болыпты,төрт түлігі сай болыпты.Қора толған қой болыпты.Тоқпанның сегіз ұлы болыпты.Содан бір жыл үлкен жұт болып, ел малын алысқа, айдап кетті. Тоқпанның сегіз ұлы малмен бірге кетіпті.Бір қыстық азығын алып,кемпір мен шал ұлы кеткеннен хабарсыз кетеді. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Тоқпанның азығы таусылады, ашығады, жеуге тамақ таппай, орнынан тұра алмай, әлсіреп қалады. Бір күні кемпір төсегіннен тұрып, түндік ашып жүрсе, шаңырақтың күлдіреуішінде ілініп тұрған төстікті көріп қуанады.Ашығып жатқан шал мен кемпір төстікті асып жеп, әлденеді. Ұзамай кемпір жүкті болып, оның атын төстік жеген соң туды деп Төстік қояды. «Ер Төстіктің» бұдан кейінгі әңгімесі «Қозы Көрпеш» жыры мен « Манас» жырына ұқсайды.Ер Төстік бір күні садақ атып жүріп, өрмек тоқып отырған,бір кемпірдің өрмегін үзіп кетеді.Кемпір Ер Төстікті қарғап: жүгірмек, бүйтіп аласұрғанша, қаңғып кеткен сегіз ағаңды іздеп тауып алсайшы дейді.Кемпірдің бұл сөзі Ер Төстікке ой түсіреді. Шешесіне келіп, ағаларым болды ма деп сұрайды. Шешесі айтпай, жасырады. Бірақ Төстік шешесінің еркіне қоймай айтқызып , ағаларының болғанын біледі.
Ер Төстіктің негізгі ойы-ағаларын іздеу.Кемпір мен шалға аң мен құстың етін толтырып, қақтап беріп, өзі жолға шығады.Беліне садақ байлайды, қолына темір таяқ алады, аяғына темір етік киеді.Ай жүреді, жыл жүреді, талай жерді аралайды, әбден шаршап қажиды. Беліне садақ байлайды, қолына темір таяқ алады, аяғына темір етік киеді. Ай жүреді, жыл жүреді, талай жерді аралайды, әбден шаршап қажиды. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағымданып бел көрінеді. Келіп оның басына шықса, анадайдан қарауытып жатқан қалың жылқыны көреді. Бұл ағалары бағып жүрген жылқы екен. Жылқыға келіп, ағаларын көріп қуанады. Ағалары жұрттан қалған күрең биені бағып, он бір қос жылқы өсірген екен, соны әңгіме етіп айтады. Бірақ ел-жұрттың қай жақта екенін біле алмай, сол келген жерінде тұра береді. Көп жылқы Ер Төстіктің келгеніне қуанып, тұтасымен шұрқырайды. Жылқыға құт болған жойқын айғырлар жылқыны бастап еліне тартады. Ер Төстік сегіз ағасымен бірге «Құлынды» дейтін өлкеге тоқтап, бие құлындатады, жылқыны семіртеді. Ертістің суынан жүзіп өтіп, еліне келеді. Ағаларының аман-есен келгеніне Тоқпан ұлы той жасап, түйеден бура, жылқыдан айғыр, қойдан қошқар сояды. Той өткен соң балаларына қыз іздеп, тоғыз ұлына тоғыз қызды бір атадан әпермекші болады. Күндерде бір күн Тоқпан қыз іздеп жүріп бір үйге келсе, жоғарыда ілулі тұрған сегіз сырғаны көреді, бірақ сырғаның біреуі жетпегеніне қатты қамығады. Үйдің кемпірі кенже қызы Кенжекейді тоғызыншы деп көрсетеді. Тоқпан ол үйге құда түсіп, Кенжекейді Ер Төстікке алып береді [4].
«Ер Төстік» әңгімесі, жоғарыда айтқандай, қазақ елінде айтылатын ең ескі әңгіме. Ол — ең мағыналы, ең сұлу жыр. Демек, мұнда бір жағынан фантазия күшті болса, екінші жағынан, кәрі заманның мифі. Кең сахарада бақташылық тұрмыспен күнелткен тайпалардың жүйрік қиялы «Ер Төстік» жырын өте әдемі суреттеген. Бұл сияқты ғажайып миф ескі шумерлерде, гректерде көп болған. Жер астында Ер Төстікке ерген алыптар ескі гректің «Илиада», «Одиссеясында» айтылатын алыптармен бірдей. Ер Төстіктің де Одиссей сияқты ұлы батыр. Одиссей Троя қаласын бұзып, кемесіне отырып еліне қайтқанда, жолда сұрапыл қара дауыл соғып, Одиссейдің кемесін толқын айдап, жалғыз көзді дәу -Полифемнің ордасына алып келеді. «Ер Төстік» жырында Ер Төстік жалмауыз кемпірден егеуін алып, Шалқұйрықпен жосытып келе жатқанда, жер қақ айырылып, жер астындағы жылан патшасының қолына барып түседі. Мұндағы айырма — Одиссей теңіз стихиясында кемемен жүзсе, Ер Төстік даланың жүйрігіне мініп, сары даланың құба жонымен жортады. Одиссейдің кемесін Полифем жалғыз көзді дәу жүргізбей дауыл соқтыра бергенде, Одиссей жел тәңірісі Әуелден бір көрік жел алып, теңізге тыныштық орнатады. Ер Төстік жер үстіндегі дәумен алысқанда, жел соқтыратын алып қара құс оған бір тал қанатын беріп: қиындық көрсең, осы қанатты тұтат, сонда саған болысуға барамын дейді. Ер Төстіктің қасындағы тауды тауға соғатын, көлдің суын бір-ақ ұрттайтын жайын алыптары гректің Тезей, Зевс, Уран сияқты алыптарымен бірдей. Зевс жұртқа тыныштық бермейтін дәулерді құрту үшін Олимп тауына жұртты шақырып, жаумен соғысады. Соғыста Зевс Олимп тауының басына шығып, нарлық дәуді жеңіп, олардың сүйегін отқа өртейді. Ер Төстік жалмауыз кемпірден туған Шойынқұлақ дәуді жапан түзде жеңіп, оның бесікте қалған баласын теңізге тастайды. Осы сияқты ұқсастыққа қарағанда, «Ер Төстік» — грек мифтері сияқты ең ескі заманның жыры.
«Ер Төстік» бір кезде көлемді ұзақ әңгіме болған. Ол сол қалпында осы күнге дейін қырғыз халқының «Манас» жырының бір бөлімі болып айтылады. «Ер Төстікті» бұрын бір күн, бір түн айтып, бітіре алмайтын деседі. Ер Төстік әңгімесінің Баянауыл мен Ерейменде жырмен айтылатын нұсқалары бар.
Ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның зерттеуі бойынша «Ер Төстік» ертегісінің жырдағы нұсқасы халыққа осылай талданады.Бұл ғалымының әдебиетке қосқан үлкен үлес деп толық айта аламыз.
Пайдаланылатын әдебиеттер.
1.Егемен Қазақстан, 2004 жыл 8-бет
2.Әлкей Марғұлан, Шығармалары, «Алматы-Болашақ» Алматы,2011
3. Әлкей Марғұлан, Шығармалары, «Алатау» Баспасы, Алматы,2007
4. Әлкей Марғұлан, Шығармалары, «Алатау» Баспасы, Алматы,2007