Астана (Нұр-Сұлтан) қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Әлихан Тәліпбаев өзге планеталарды игеруге арналған құрылысшы-роботтың моделін жасап шығарды.
Жас ғалымның ерекше жобасы Назарбаев Зияткерлік мектептері және Қазақстан Республикасының жалпы білім беру мекемелері оқушыларына арналған «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында өткен ІХ Наурыз кездесулерінде үздік атанды.
«Smart colonization» атты жобасының басты мақсаты – ғарышкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, ғарыштық колониялар құрылысын жүргізу. Жас ғалымның болжауынша, барлығы автоматтандырылған жүйеде жүзеге асырылады. Айта кеткен жөн, «Smart colonization» жобасымен Әлихан Тәліпбаев Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 100 пайыздық оқу грантына ие болды.
«Бұл өзекті тақырыптардың бірі деп ойлаймын. Және ірі ғарыш агенттіктерінің қызығушылығын тудыратынына сенемін. Еңбегім қазылар алқасының көңілінен шыққанына қуаныштымын. Бұл жобаны зерттеп, талдау жасадым. Аталған роботтың шағын прототипін жасауға 2 айдай уақыт жұмсалды. Халықаралық ақпаратттық технологиялар университетінің 100 пайыз грантына ие болу – кез келген адамға бұйырмайтын бақыт. Осындай зор мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын.», — дейді жас өнертапқыш.
Жоба авторының айтуынша, құрастырылған робот моделі адамның орнына барлық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі пішіндер мен өлшемдердің колонияларын құруға, керекті ғылыми маңызды ақпаратты жинақтауға мүмкіндік береді. Робот-машина қорек, оттегі мен суды талап етпейді. Қуатты күн батареяларынан және жел генераторларынан алады.
Робот моделін құрастыру кезінде жас өнертапқыш көптеген ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, Марс ғаламшарының ерекшеліктері негізге алынған. Өйткені, аталған планетаны игеру – экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ.
Астана қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Оқушы: Әлихан Тәліпбаев 11-сынып
Тоқтар Ғалым (баспасөз)