Әлихан Бөкейхан — қазақ тарихындағы ұлт болмысын айқындаушы, өркениетке өріс кеңейтуші, қайталанбас біртуар тұлға.Ол ағарту ісінен бастап ел, ұлт тағдырына қатысты мәселелердің бәрімен айналысты. Талантты шығармалар қалыптастырды, тарих пен этнология саласында айтулы туындыларын жазды, қазақ ұлттық баспасөзінің дәстүрін түзді, әдебиет саласында елеулі із қалдырды.Әлихан Нұрмұхамедұлы шын мәнінде ХХ ғасыр басындағы көшбасшысы реформаторлар қатарының алдында болды.Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан-адамзат баласының тарихында сирек кездесетін дара тұлға. «Сирек» дейтіндей, туған халқына адал да ,шын мағынадағы кіршіксіз қызмет етумен теңдесі жоқ тұлға болатын.Әлихан Бөкейханов–төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп өткен Шыңғыс ханның 23-ші ұрпағы-Төре тұқымынан бола тұра, Қасым хан, Абылай хан, Бөкей, Кенесары сынды халқы ақ киізге көтеріп, хан тағына отырған емес-оның заманы өтті-кетті. Алайда төре тұқымынан бола тұра, Әлихан Бөкейханов ешқашан да өзін елден, жұрттан дараламаған. Керісінше, «Хан баласында қазақтың хақысы бар. Тірі болсам, соны қайтарамын, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп серт еткен.
ХХ ғасырдағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, тамаша ғалым, публицист, әдебиетші, Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан бір кездегі Семей облысы, Қарқаралы уезіндегі жетінші ауылда дүниеге келген. Шығу тегі жөнінен әйгілі Шыңғыс ханнан таралатын дала аристократиясына жататын Әлихан Бөкейхан бастауыш білімді медреседен және үш сыныптық орыс-қазақ мектебінен алады. Одан кейін Қарқаралыдағы, кейіннен Омбыдағы техникалық училищеде оқиды. Әрі қарайғы білімін Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтында жалғастырады.Негізгі пәндерді үздік меңгеруімен қатар, Әлихан Бөкейхан құқықтануды, Батыс Философиясы мен орыс әдебиетін де мұқият оқып-үйренеді. Мұның сыртында студенттердің саяси үйірмелеріне қатысып, сол кездің өзінде-ақ «саяси сенімсіз» адам ретінде полиция назарын өзіне аударады.Оқуын тәмамдап, Омбыға орманшы-ғалым ретінде оралған Әлихан Бөкейхан әуелде социал-демократиялық бағыттағы «Степной край» газетіне қызметке тұрады. Одан кейін орыстың бюджеттік статистикасының негізін қалаушы Федор Щербининнің жетекшілігіндегі экспедицияға қатысып, Далалық өлкенің ұлан-ғайыр аймағын және ең бастысы, қазақтардың мал шаруашылығының жай-күйін зерттеу міндеті жүктеледі. Кейінірек Әлихан Бөкейхан экспедиция жұмысы барысында жинаған білім–тәжірбиесімен Омбы көші-қон басқармасының санақ маманы болып қызмет етеді. Қазақ жері мен елінің тағдыры ұлттың азаттығы мен болашағы туралы мақалалары, публицистикалық толғаулары «Дала уәлаятының» газетінен бастап, өмірінің соңғы кездеріне дейін баспасөзде үзбей жарияланып келді.Орыс және қазақ тілдерінде бірдей жазды.
Қазақ халқының тарихында Шыңғыс ханның кейінгі ұрпақтары қарама-қайшы, екіұшты рөл атқарды: бір жағынан, алғашқы кезеңде олар көшпелі ру-тайпалардың бірігіп, жаңа және қуатты қазақ мемлекетінің құрылуына ұйтқы болса, екінші жағынан-олардың билік үшін ішкі күрес-тартысы салдарынан «қазақ» деген этнонимді құрағанымен де, бірегей халық, ұлт болып толық пісіп-жетілмеген халықтың Орта, Ұлы, Кіші жүздер ретінде «үштік одаққа» бөлініп бытырауына түрткі болып, ақыр соңында бірінің соңынан бірі орыс империясының отаршылдығына душар етті.
ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысының саяси стратегиясын бастан-аяқ анықтап, өзінің үзеңгілестерін осы жолға салған ең алдымен Әлихан Бөкейханов болатын. Ресей Думасы арқылы қазақтың мұң-мүддесіне қажетті, қазақтың жерін сақтауға қажетті заң жобаларын әзірлеп, сол Дума арқылы өткізуге барлық күшін салды.
Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы өкілдерінің таңдандырған дүниесі, олардың халыққа кіршіксіз көңілі мен көзқарасы, сүйіспеншілігі еді. Бұлар осы қасиеттерімен өздерінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетті. Әлихан Бөкейхан қазаққа жасаған жақсылығына, сіңірген еңбегіне, қосқан үлесіне мейлінше әділ бағасын бергендер болды. Мәселе жазушы –драматург, 20-шы ғасыр басындағы көрнекті қоғам қайраткері Қошмұхаммед Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде Әлихан Бөкейханов туралы былай деп жазды:«Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауында абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған — Әлихан. Оның қазаққа істеген тарихи қызметі әдеби тіл тууына себеп болды. Өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып тарапдан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».
Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір үрдісін күрт өзгертуге үзілді-кесілді қарсы болды. Қазақтардың жартылай көшпенді болуы обьективті шарттарға, яғни табиғи орта жағдайларына байланысты екендігі баса айтты. Сондықтан да «отырықшылық өмірге көшу кешенді түрдегі әлеуметтік-экономикалық шаралардың көмегімен» біртіндеп, кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс деген ұстамда болды. Әлихан Бөкейханов сондай-ақ көші –қон басқармасының «жерді үлестіру» саясатын сынға алды. Ең бастысы, Әлихан Бөкейханов Ресей империясына қарасты халықтардың өмірін бірегейлендіруге қарсы шықты. Ұлттарға автономия беру идеясын қолдап, қуаттады.
Мемлекеттік думаға мүше болған кезінде де, Кадет партиясының сьездерінде сөйлеген сөзінде де, басылым беттерінде жарияланған мақалаларында да осы бағытты ұстанды. Әрине, Әлихан Бөкейхановтай көрнекті тұлғаның қайраткерлік болмысын , ұлт Тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық енбегін бір мақала аясында жан-жақты ашып көрсету қиын. Алаш арысының күрескерлік жолы, өзіндік ұстанымы, жеңісі мен жеңілісі тұрғысынан алғанда бірқатар сауалдар туындайды. Соларды алға тарта отырып, тарихшылар мен алаштанушы азаматтардың пікірін білгеніміз жөн.
Әлихан Бөкейхан өмірінің 1922 жылғы желтоқсанынан 1937 жылдың қыркүйегіне дейін 15 жылға дерлік созылған ақыреті «мәскеу кезеңі» де әлі жан-жақты зерттелмеген, жұмбағы жетіп-артылатыни сәтінің бірі. Алаш көсемінің Мәскеуге өз ықтиярымен қоныс аудармағаны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «айдан анық, сүттен ақ оны соңғы жылдары Ресейдің бірқатар мемлекет мұрағатынан табылған тың құжаттар бұлтартпай дәлелдейді. Бұл құжаттардан, атап айтқанда, Түркістан автономиясының бірінші басшылары Т.Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанұлының 1927 жылдың мамырында И.Сталиннің құпия жеделхаттары НКВД –ның тергеу материалдары мен Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің (БОАК) хаттамалары және т.б.
Алаш көсемінің өз басы газет-журналға мақала , қазақ оқу мекемелерінің оқытушы-оқушыларына арналған кітаптар мен оқу құралдарын және оқыту әдістемелерін жазып, халқына қызмет етудің теңдессіз үлгі-өнегесін көрсетеді. Өзі алыс Мәскеуде тұрса да, оның Қыр баласы, сирек те болса Ғ.Б.немесе V деген таңбамен қол қойған мақаласы, қайсібір көркем шығармаға не әдеби және т.б аудармаға жазған пікірі, зерттеуі, ашық хаты және т.б. туындысы жарық көрмеген мерзімді қазақ баспасөзін ұшырату қиын еді.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының терезесін өзгелермен тең етуді көксеп, ұлы мұрат жолында жан аямай тер төккен ұлт зиялыларының үлесіне тиген тағдырдың ащы сабағы Әлихан Бөкейханов өмірінен де көрініс тапты. Тап күресін мейлінше ушықтырып жіберген сталиндік қызыл қырғын ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмірін тозаққа айналдырды. Саяси қайраткерлігі үшін патшалық билік жүйесі басынан сипай қоймаған Бөкейханов кеңестік дәуірде де талай қуғын-сүргінге ұшырады. 1922 жылдан бастап қашан ату жазасына кесілгенге дейін атамекеніне келу құқығынан біржола айырылды. Ал КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасында үкім шығарылып, өзіне соңғы рет сөз берілгенде , 72 жастағы Әлихан Бөкейханов: «Мен Кеңестік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ мойындадым», -деп қысқа да нұсқа, жалғыз ауыз сөз айтқан көрінеді.
Көрнекті Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың тағдыр-тәлейіне жеңіс пен жеңіліске, үмітке толы күрделі ғұмыр. Абылай мен Кенесары аталарының даңқты жолын лайықты жалғастырған ол, ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясы мен оны жүзеге асырудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін негіздей отырып, ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көшбасынан табылды.
Еңсесі түскен елдің есін жиғызған, жапа шегіп, зар жылаған халықтың көзінің жасын тыйғызған кімдер еді? Азаматынан айырылған арғымақққа қайтадан ер салдырған, тұтастық туын қолға қайтадан алдырған кімдер еді? Қасиетті бабаларымыз Төле-би, Қазбек-би, Әйтеке-би еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, ел болудың ең ауыр белесінен өттік».
Қазақтың қазақ болып құрылуына үлесін қосқан талай майталмандары-мыздың ішінде
Әлихан Бөкейхановтың атқарған рөлі зор.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақ әдебиетінің тарихы., 6-том (Алматы 2006)
- Қазақстан тарихы. Әбдіжаппар Әбдәкімұлы (Алматы-1997)
- Әлихан Бөкейхан (шығармаларының 1-2-3-4-5-6-7-8-9 томдық толық жинағы) ( Астана 2013 )
- Оңтүстік Қазақстан (облыстық қағамдық-саяси газет 12 ақпан 2016 жыл)
- Алаш айнасы- ( Республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет 2011жыл- 18 ақпан -5 бет)
Б.МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ
«Өрлеу»БАҰО»АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ,
«Қоғаммен байланыс және басапа ісі бөлімінің бас маманы