Home » Мақалалар » Әлихан Бөкейханов – тарихи тұлға

Әлихан Бөкейханов – тарихи тұлға

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – адамзат баласының тарихында сирек кездесетін тұлға. «Сирек» дейтіндей, туған халқына кіршіксіз қызмет етуімен теңдесі жоқ тұлға болатын. Ол – қазақтың 20 – сыншы ғасыр басындағы мейлінше ілгерішіл ұлт зиялыларының лидері, қазақтың өлкетану ғылымының негізін қалаушы, қазақ халқының төл тарихы, әдебиеті, фольклоры, этнографиясы, Қазақ өлкесінің экономикасы мен халық шарушылығы бойынша жүздеген еңбектің авторы есебінде, ғұлама ғалым, дарынды публицист ретінде кең танылды және өмірінің соңына дейін ғалым болып қалды.

1905-1917 жылдарды қамтыған аса күрделі тарихи кезеңде Ә.Н.Бөкейханов туған халқының ұлт – азаттық күресінің теориялық негізін қалаушы әрі саяси серкесіне айналды.1917 – ші жылдың 13-ші желтоқсанында қазақтың ұлттық мемлекетінің шаңырағын көтеріп, туын тіккен Алашорда ұлттық-территориялық аутономиясы Саяси Кеңесінің төрағасы болып сайлануы – соның бірден-бір айғағы болатын. Бір сөзбен айтқанда, Алты Алаштың ұлы – Әлихан бүкіл Ресей империясының кеңістігіндегі ықпалды – беделді саясаткер, қоғам қайраткері санатына көтерілді.

Қазақ зиялыларының серкесі Әлиханның ұсынған «Алаш» идеологиясын, қазақтың ұлттық қозғалысының «Алаш» аталуының мән-мағынасын қарастырсақ.

«Алаш» этнонимі – қазақ зиялыларының ХХ ғасырдың басындағы қозғалысының ең басты уағыздамасына (идеологиясына) және бүкіл қазақ ру-ұлыстарының өздерін біртұтас ұлт ретінде сезініп, бірігуіне ұйытқы болған ұлттық ұраны болатын.Оны «Қазақтар» деген очеркінде Ә.Бөкейханов дәл нұсқап көрсетті: «Әрбір қазақ руы бір кезде өмір сүрген атақты өкілінің есімін әскери ұран етіп алған. Аты аңызға айналған Алаш атасының есімі қазақтардың сондай ұранына айналды. XVII ғасырда қазақ даласында қазақтар Абылай ханды ерекше пір тұтты, Орта жүзде (Семей және Ақмола облыстары) оның есімі  әскери ұранға айналды. Рудың ұраны көтерілгенде үйінде бұғып қалу – сол адамға жағылған ең зор қара таңба болып саналды, сондай қара таңбасы бар кісіге ешбір намысқой қазақ қызын бермейді»

Яғни, қазақтың іштей ру-тайпаға әлі бөлінбеген көне дәуірден келе жатқан аңызына сәйкес, бүкіл қазақ Алаша ханнан немесе Алты Алаштан тараған, шыққан тегі, түп –тамыры бір болып саналады. Оны ешбір қазақ, ешқандай ру жоққа шығармайды. Әлихан Бөкейхановтың осындай идеологияны ұлттық қайта өрлеу мен дамудың ұраны етіп ұсынуы, шынында да, үлкен тапқырлық әрі көрегендік болды.

«Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісісі» мағынасында. Демек, «Алаш» ұранының түпкілікті де ең басты мәнін Әлихан «Отан кісісі» немесе «Өз елінің патриоты» деп түсінді және солай кең насихаттады. Бір сөзбен айтқанда, «Алаш» ұраны – бірегей қазақ ұлтын қалыптастырушы идеяға айналды да, оның авторы Әлихан Бөкейхан мен оның А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, А.Бірімжанов және т.б. сынды үзеңгілестері осы идеяның басты насихаттаушылары болатын.

Көкейтесті ұлт проблемаларын – «Алаш» уағыздамасын бұқара халық арасында кеңінен насихаттау үшін қазақтың ұлт зиялылары үшін ұлт тіліндегі баспасөзді қалыптастыру, дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылды.

«Қазақ тарихы» айдарымен «Қазақ» газетінде шыққан мақаласында Әлихан, — «Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтау» — деп жазды. Мұнда Әлихан өзінің «көшпелі мәдениетінің» мұрасын сақтау мен өз алдына жеке ұлт болып жасау құқы үшін қазақтар саяси күресін бастауға тиіс деп есептеді. Осы мақсатына жету үшін, қазақтар рулық жікшілдігін қойып, өздерін мұң – мүддесі бір және болашағы ортақ бір халықпын деп сезініп, сол көздегеніне «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ұмтылуға тиіс деп санады Алаш лидері.

Газетті ұйымдастырып ашқан Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының және М.Дулатовтың апталықты «Қазақ» деп ұлттық этнониммен атауы да жай емес – ті: құрылтайшылар бұл атаумен «қияметке шейін қазақ болып жасамақ» деген түпкілікті мақсат-мүддесін белгіледі. Міне, осы ұлттық мүддені газеттің 3 санындағы «Қазақтың тарихы» атты мақаласының жалғасында «Түрік баласы» (Әлиханның көп лақап атының бірі) сөзбе-сөз былай деп жазды. «… тарих жазушылардың һеш бірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында аслан ілгі жоқ.Түркімен менен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел.Орыстардың, әсіресе үкіметтің, қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас,бірақ олар өзінің атты «Казачий» әскерінен айыру үшін – жаңылыс болса-дағы – қазақты қырғыз деп атап жүр. Өзіміздің түрік қауымдарының, әсіресе басшыларының, қазақ пен қырғызды айырмағаны хата,кешпестік айып. Қазақтың қырғыз атанбай қазақ атанғанын тәуір көруі орыстың қазаққа ұқсауы деген ноғайларда бар. Мұнысы бет алдына ылыққан сөз. Тарихтың көрсетуі бұған ереуіл келеді. Орыста бұрын атқа міну әдеті болмаған. Осы күнгі хохолша сиыр жегіп, өгіз мініп күн көрсекші, салт-әдет айтып, біздің қазаққа ұқсағаннан соң «Казаший» («Казачье войско») атанып кеткен. Орыстың атты әскері қазақпын десе, біздің қазақ өзінің атынан айырылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қиаметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ».

«Өзінің төл тарихын ұмытқан халықтың болашағы жоқ» деп санаған Алаш қайраткерлері қоғам алдында қазақтың іргелі ұлттық тарихын жазу міндетін қойды.

«Қазақ» газетінде жарияланған басқа да мақала – ізденістерінде қазақ зиялыларының лидері қазақтың «кір жуып, кіндік қаны тамған жеріне» деген құқын мойындамай, оның барлық жер-суын «қазына меншігі» немесе «орыс патшасының меншігі» деп жариялаған отаршыл әкімшіліктің ұлттық антагонизм саясатын батыл әшкереледі. Ол орыс әкімшілігінің саясаты көшпелі қазақтарды күшпен қоныстандыруды (жерсіндіруді) ғана емес, қазақтың қайталанбас ұлттық мәдениетін жоюды көздейтінін дәлелдеуге барынша тырысты. Мұны жоғарыда  «Қазақ тарихы» айдарымен берген мақаласында атап көрсетті.

Иә, ол — қазақтан шыққан тұңғыш дарынды кәсіби журналист әрі публицист болды. 1937 жылдың шілдесінде тұтқындалып, Бутырка абақтысында отырып өз қолымен толтырған «Тұтқынның анкетасында» Әлиханның негізгі кәсібін «журналист» деп көрсетуі тегін емес – ті. 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атаулы зерттеуінде Қ.Кемеңгерұлы «Жүрегі бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл Әлиханға қара тұрмыстың кіріне былғанып, саясат сандалына түскенше, пән жолына  түсіп, жоспар көрсетуі керек еді. … Расында Әлихан Бөкейханов саяси іске езілген елі үшін амалсыздан кірді.» — деп өте орынды атап көрсеткен.

Алаш алыптары саясаттың сахнасында сақырлап қайнап жүргеніне қарамастан ұлт дамуының қай саласын да қамтуға тырысты. Сондықтан да, өздері арнайы маманы болмаса да, ғылымның әр саласы бойынша кітаптар жазып, халықтың ой-санасын жетілдіруге тырысты. 1920 жылғы «алашордашыларды» мемлекеттік саяси қызметтен шеттеткенде халықтың сауатын ашуға бағытталған оқулықтар жазу ісін қолға алды. Мәселен, Ж.Аймауытұлы «Психология», М.Жұмабайұлы «Педагогика», Ә.Бөкейханұлы «География», А. Байтұрсынұлы «Қазақ тілі», Қ.Сәтбаев «Алгебра», М.Дулатұлы «Есеп кітабы» т. б. оқу құралдарын дүниеге әкелді. Осы басылымдардың басында Әлихан Бөкейхан тұрды.

Көзі тірісінде-ақ қазақтың саяси да рухани көсемі ретінде танылған Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған бай да мол мұрасы – қазақ және орыс тілдерінде жазылған қазақ қоғамы туралы статистикалық мақала-очерктері, монографиялары, ғылыми ізденістері, әдеби аудармалары, талдаулары, ауыз әдебиетінің үлгілері, ғылыми-публицистикалық туындылары. Алаш қозғалысы мен қазақтың тұңғыш «Алаш» саяси партиясы көсемінің журналистік және ғылыми бай мұрасы бүгінгі Қазақстан Республикасының ұлттық интеллектуалдық меншігінің құн жетпес игілігі болып табылады.

Қазақтың тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау үшін жұрт жұмысының жауапкершілігін мойнына жүктеп,   бәйгеге тіккен тарихи тұлға. Иә, бұл кезеңде елге адал қызмет еткен ұлт зиялыларының әрқайсысының тарихымыздағы өзіндік орны, ұлтымыздың оянуына, өркендеуіне сіңірген зор еңбегі бар. Ол айдан анық. Алайда, солардың арасында қайсар мінез, табанды қайраткерлік болмысымен, саяси күрескерлік рухының биіктігімен және жан-жақты білімділігімен, бүтін бір елдің тағдыры мен оның алдыңғы қатарлы зиялы қауымын қалыптастыру, азаттық үшін бірігіп күресу жолында көшбасшылық қасиетімен ерекшеленіп, дараланып тұрған ең көрнекті тұлға — Әлихан.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Әлихан Бөкейхан.Шығармаларының толық жинағы, I том Астана,2009
  2. Әлихан Бөкейхан.Шығармаларының толық жинағы, IY том Астана,2010
  3. Әлихан Бөкейхан.Шығармаларының 9 томдық толық жинағы, YIII том Астана,2013

 

Лайла Сейдазимова,

 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша

 ПҚБАИ аға оқытушысы, Тараз қаласы

Алмат Токтамуратов

№22 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

 Меркі ауданы, Жамбыл ауданы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.