Еліміздің тәуелсіздігі қоғамдық, әлеуметтік, мәдени және рухани санамызға жаңашыл ізденістер мен түбегейлі өзгерістер әкелді. Арғы-бергі тарихты танып-таразылауға, танымал тұлғалардың кезеңі мен қызметін, өмірі мен шығармашылық мұра-мирастарын зерттеп-зерделеуге жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Егемендік кезеңінде «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» (1997ж.), «Халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих» жылдарының (1998ж.) ғибраттық-тағылымдық қырлары айқындалып, нәтижесінде 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді, ал «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның күшіне енуі (1998ж.) халқымыздың тарихи, әдеби-мәдени және рухани салалардағы тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбегін, қоғамдық қызметтерін қайта қарап, жаңа қыры мен соны сипаттарын ашу ісінде көп көмегі болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың: «Өткенді зерделеп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, оны бүгінгі күннің кәдесіне жарату – қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, тәуелсіздігіміз, егемендігіміз осы тарихты тандауға тікелей байланысты: өткенді білмей, болашақты анықтау мүмкін емес» [ 1,12] деген ойларын халқымыздың болашағын айқындайтын ұлттық идея деп түсіну қажет.
Осы орайда, Ұлт руханиятында бедерлі бетбұрыс болған Алаш арыстарының мұрасын зерттеу ісі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасынан кеңінен көрініс тапты. Бұл игілі іс болашақ үшін ұлттық идеологияны насихаттай отырып, тарихты танытуда келешек ұрпақ тәрбиесінің бірден бір құралы десек артық болмас.
Бұл ретте осы мақала тақырыбына арқау болып отырған Әлихан Бөкейхановтың педагогикалық көзқарастарын зерделеу мәселесі көтерілмек. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы казақ зиялыларының қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға – Әлихан Бөкейханов. Оның есімі ұзақ жылдар бойы сирек аталып келсе, кейінгі ұрпаққа қалдырған орасан мол аманат — мұрасы бір кісінің ғүмырындай уақыт бойы шаң басып жатты. Әлихан Бөкейханов – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген ғалымдардың бірі.
Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейханов «Мен тірімін, дем аламын, туған елімнің ауыр жүгін арқалап өмір сүремін және мен үшін Отанымның жарқын болашағынан асқан бақыт жоқ… Оны ойлағанда түн ұйқым төрт бөлінеді» деп туған халқымыздың ұлттық санасын ояту жолын таңдап, аянбай тер төкті.
Ұлт зиялыларының бірі, отансүйгіштігі мен ұлтжандылығы тұрғысынан биік рухты кемел тұлғалардың үлгісі болар Ә. Бөкейхановтың 1890 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтына түсерде өрімдей жас кезінде өзінің шығармасында: «Өзгеге жамандық тілеу – өзіңе жамандық жасау, себебі, басқалармен қосылып барлығымыз бір адамзат баласымыз. Адам баласы үшін ең қиыны рухани тыныштық жағдайына жету, оған біз санамен де, байлықпен де жете алмаймыз, тек ілім мен білім жолына түсу арқылы ғана адам баласы толыққанды рухани кемелдікке жете алмақ» деген ойларынан бастау алған оның педагогикалық мұрасы бүгінгі жас ұрпақ тәрбиелеуші ұстаздар үшін баға жетпес құндылық.
Бүгінгі таңда да өз маңызын жоймаған Ә. Бөкейхановтың оқыту мен тәрбиелеу ісі жөніндегі пікірлері ғылыми қағидаға айналған десек те болады.
Ол практикалық әдістің лабороториялық әдіске жақын екендігін дәледейді. Оның ойынша, практикалық әдіс мұғалімнің басшылығымен сабақты бекіту кезеңінде қолданылады. Әлихан Бөкейхан оқушының қажетті білім алуы мұғалімнің шеберлігіне байланысты екендігін айтады. Ол былай деп жазады: «Баланы баулыған оқытушы ісіне шебер болса, өзі де, балаларды табиғатты әліп-бидей оқып, аты бәйгеден келіп, бүркіті түлкі алып қызыққа батады да, қуанады. Бала оқуға күйі түскен қаршығадай, түлеп ұшады» [ 2,37]. Автор ең қажетті лаборотория ол қоршаған ортаны, табиғатты көзбен көру деп есептейді. Лабороториялық әдісті оқушылар табиғат құбылыстарын ұзақ бақылау арқылы іске асырады. Ғалым-педагог оқыту мазмұнын ұлттық психологиямен байланыстыруға ерекше мән берген. Ол оқушыларға өздерінің өмірлерімен, күнделікті тыныс-тіршілігімен байланысты соған қажетті материалдар беріп отырған. Әлихан Бөкейхан 1926 жылы орта мектеп оқушыларына арнаған астрономия оқулығын жазып шығарған. «Астрономия» — деген сөздің мәнін ол былайша түсіндіреді: «Астрономдар /астыр-грек тілінде жұлдыз, номос-заң, осы екеуінен, екі сөзден жұлдыз заңын зерттеуші деп астрономды шығарған». Сондықтан да ол мұғалімдерге жас жеткіншектердің бойларына диалектика — материалистік көзқарастарын қалыптастыру мәселесін алға қойған. Әлихан Бөкейхан зерттеулерінде оқыту мен тәрбиелеу бір-бірімен байланыста болатын үрдіс ретінде қарастырады. Тұлғаны қалыптастыруда тәрбиенің атқаратын рөлін Әлихан өз еңбектерінде жан-жақты дәлелдейді. Тәрбиесіз жинақталған білімнің қоғамға тигізер пайдасы болмайтындығын айтады. «Ән өлең һәм оның құралы» — атты мақаласында эстетикалық тәрбие мәселесін көтерген. Автор өнердің тұлғаны қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтеді. «Ән адамның бар ет тамыр, сүйек-сүйегін қозғайды, бәрін ерітеді, елжіретеді»[3,247] — деп жазады автор.
Әлихан өзінің «Ашық хат» атты мақаласында білім беру, оқыту мәселесін былайша жазады: «Ұлтына, жұртына қызмет қылу біліммен емес, мінезден. Адам баласын өзіндей жақсы көр, сүй деген сөз айтылғалы екі мың жыл болған, онан бері білім отарба, телеграмма, телефон шығарды, жақсы мінезге тоқталған адам аз, білім біліммен, мінез мінезбен» [4,365] — дейді. Адам қанша білімді болса да оның тәрбиелі болуы мүмкін емес екендігін айтқан. Адам білімді болмаса да тәрбиелі, әдепті болуы әбден ықтимал- деген қағиданы ұстанған. Әлихан Бөкейхановтың осы ой талдамасын тәрбие ісіндегі таным, тұлға теориясының негізі деп тануға болады.
Әлихан Бөкейханов мұрасында ерекше орын алатын туындыларының бірі – көркем аударма. Қаламгер аудармаларында тәрбие түрлері жан-жақты берілген. Л.Н. Толстойдың «Сурет кафеканасы», В.Г. Короленконың «Макардың түсі» атты әңгімелерін тәржімалаған Ә.Бөкейханов еңбек тәрбиесін насихаттаған. Балаларға тілі жеңіл мысалдар берген. «Көк кептер мен құмырсқа», «Бүркіт пен тасбақа», «Күзен», «Арыстан мен тышқан», «Ат пен атшы», «Арыстан мен бақа» т.б. әңгімелерінде тәрбиеге жете тоқталады.
Тәрбие теориясын оқыту теориясымен байланыста қарастыру мәселелерін қозғаған педагог-ғалым Ә.Бөкейхановтың сол кезеңде айтқан «оқытуды ана тілінде жүргізу керек» деген пікірі күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ. Сол кезеңде Алаш көсемі көтерген ана тілінде оқыту мәселесі бүгінгі таңда мемлекеттік стратегиялық құжат болып бекітілді.
Әлихан Бөкейхан қаламынан туған «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи», «Киргизи», «Жағрафия», «Астрономия», «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты еңбектері халқымыздың өткені мен бүгінгі, көнесі мен жаңасын сабақтастырып жатқан алтын арқау боларлық әдеби, педагогикалық мұра.
Бүгінгі таңда ХХ ғ. басында дүниеге келген алаш идеясы Тәуелсіз Қазақстанның мүдделеріне қызмет етуде. Алаш интеллигенциясының өнегелі де ғибратты қоғамдық ойлары, рухани тәжірибесі жылдар өте тарих толқынындағы келешек ұрпақ үшін өшпес ұлттық идея болып қалары сөзсіз…
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
- Назарбаев Н.Ә. Менің арманым да, мұратым да Қазақстан халқын бақытқа жеткізу.//Жұлдыз.-2000. №7.
- Бөкейхан Ә. // Жұлдыз. -1996. №1.
- Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін] : мақалалар :жазбалар : баяндамалар : үндеулер: ғылыми зерттеулер :әдеби аудармалар : хаттар(ашық хаттар) : жеделхаттар (телеграммалар) : 1915-1917. VI том. — Астана: Сарыарка, 2013. — 520 б.
- Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. V том: Мақалалар. Әдеби сын. Фольклорлық зерттеулер. Әдеби аудармалар. Хаттар. Жеделхаттар(Телеграмдар): 1907, 1913-1915 (Омбы-Павлодар-Самар-С. — Петербор — Орынбор) / құраст. Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы Ж. С. — Астана: Сарыарка, 2010. — 560 б.
Ж.А. Байленова, С.Г. Жупышева
№23 ЖББОМ
Қарағанды қаласы