Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемелекеттік бағдарламасы жобаларын, білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін базалық университеттер мен колледждерді дамыту жоспарын бекіткен болатын.
Бағдарламаға тоқталып тұрған себебім , бұл базалық оқу орындары арқылы шет елдің озық технологиясын Қазақстандық моделін жасап, жаңа үлгідегі оқу жоспарларын енгізіп, озық дамыған елдердің қатарына қосылу.
Қазіргі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білікті маман даярлауда серіктестік мекемелермен келісімге отыру маңызды.
Жүсіпбек Аймауытов өз еңбегінде «мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе өз басына да әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істелген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ,»-деген.
Бүгінгі білім алушы-ертеңгі маман бойынан қандай қаситеттер табылуы тиіс? Қазіргі білім алушылардың жеке басындағы басты сапалардың бірі – еңбекке көзқарасы, еңбекті бағалауы және өз бетінше кәсіп жасап, еңбек етуі.
Мамандықтардың дайындық сапасын көтеру және келешекте оларды жұмысқа орналастыру мақсатында біздің колледжіміз серіктестік байланыстарды жақсы жолға қоюда.
Нарықтық экономика жағдайында жұмыс берушілермен тығыз байланыста ғана жұмыс істейтін оқу орны өзінің басты –жоғары кәсіби даярлыққа және еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті білікті маманды дайындау мақсатын орындай алады. Бәсекеге қабілетті маман даярлау білім мен ғылымның және өндірістің кіріктірілуіне негізделеді. Тек осы үштік одақтың бірлігі ғана нарық талаптарына жауап беретін маман дайындау механизмдерін іске асыра алады.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледждің іс-тәжірибесіне тоқтала келе, әлеуметтік серіктестікпен жұмыста жаңа технологиялардың яғни, дуалды оқыту және модульдік оқыту жүйесінің маңызы зор деп айта аламын. Себебі, дуалды оқыту жүйесінде оқу жоспары өндіріс мамандарымен біріктіріле отырып жасалады. Ал модульдік оқыту жүйесінде сол мамандық бойынша өндіріске қажетті арнайы пәндердің сағат көлемін молайтып жасау мүмкіндіктері бар. Бұл нарық ережесін орындау болып табылады.
Серіктес мекемелермен жұмысты күшейту мақсатында индустриалдық кеңес құрудың маңызы зор.
Индустриалдық кеңестің тиімді жақтары:
Өндіріс үшін
- Өндіріс орындарында түлектердің үйрену мерзімін азайту;
- Оқу жоспары мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысу;
- Қызмет көрсету мен өнім сапасы өнімділігін арттыру;
Оқу орны үшін
- Шынайы өндіріске оқу орнының бағдарламаларын бағыттау;
- Материалдық-техникалық базаны нығайту;
- Түлектерді жұмысқа орналастыру;
- Мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын алу
мүмкіндігі;
- Талапкерлер санын арттыру;
Болашақ мамандар үшін
- Өндірістің шынайы жұмыс жағдайларында оқу мүмкіндігі;
- Еңбек нарығындағы бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігі;
Білім беру теория мен тәжірибенің байланысы принципіне негізделеді.
Колледжімізде аймақтық еңбек нарығының жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру, білікті кадрларды бірлесе даярлауға жұмыс берушілерді жұмылдыру мақсатында әр-түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады. Олар: дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар т.б. Мысалы: оқу-өндірістік технологиялық тәжірибелерінен соң колледжімізде үнемі мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыру, білім, білік дағдыларын қалыптастыру мақсатында конференциялар ұйымдастырылып отырылады. Онда студенттер мекемелер және жасаған жұмыстары т.б туралы пікір алмасады.
Серіктес мекемелермен қарым-қатынаста оқу процесінен бөлек, әдістемелік, тәрбие жұмыстарының да маңызының зор екендігін байқауға болады.
Қорыта келгенде, қазіргі заман талаптарын, әсіресі Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асырушылар еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігімен барлық қиындықтарды жеңері сөзсіз.
Сондықтан инновациялық білім бере отырып, бәсекеге қабілетті маман даярлау-біздің басты міндетіміз болып саналады.
Абдрасилова Роза Серикбаевна
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық техникалық жоғары колледжі
арнайы пән оқытушысы