Мақсаты: Балалардың бойында мейрімділік, достық сезімдерін тәрбиелеу, ой-өрісін кеңейту. Еліміздің табиғатын көрсете отырып, эстетикалық талғамдары мен шығармашылық қабілеттерін дамыту. Балаларды табиғатты аялай білуге тәрбиелеу.
Міндеті: Кез келген уақытта табиғатты білу қажеттілігін түсіндіру. Қоршаған ортаға қамқорлыққа тәрбиелеу.
Құрал-жабдықтар: Күннің шуақтары, үнтаспа, теледидар, табиғат аясы, шежіре талы, шаңырақ.
Психолог балаларды таңғы жылулық шеңберіне шақырады.
Арайланып таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Жарқырайды күніміз,
Жарқырайды даламыз,
Қайырлы таң, қайырлы күн,
Күліп шықты күн бүгін.
Сәлеметсіз бе? Амансыз ба?
Бәріміз күндей жарқырайық. Бәріміз дос болайық.
Психологиялық сәт:
Ал, балалар,
Шенберді жасайық,
Ортаға келіп тұрайық.
Бәріміз де достармыз,
Бірге ойнап жүретін!
Қол ұстап, бір-бірімізге әсем де, әдемі көңіл-күйімізді сыйлайық.
Тілек шеңбері. Балалар, бүгін сендер күн нұрлары болып, өз жылулықтарымызды бір-бірімізге, қонақтарға – тобымызға сыйлайық. Қол ұстасып, көзімізді жұмып жылулығымызды бір-бірімізге өткізейік.
Балалар бір-біріне жылулықтарын табыс етеді, күлкілерін сыйлайды.
— Туған елімізді сүйейік!
— Күн шуағы бізге нұрын төге берсін!
— Қайырымды болайық!
— Күн нұрындай әдемі болайық!
— Аспанымыз ашық болсын!
— Табиғатты аялайық!
Психолог: Күннің сәулесінен табиғат та оянып өз тіршілігіне кірісті.
— Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
— Көктем.
— Көктемде қандай өзгерістер болады?
— Күн жылынады. Ағаштар бүршік атып гүлдейді. Жер көгеріп, шөптер шығады. Гүлдер гүлдейді. Құстар ұшып келеді. Төрт түлік малдар төлдейді, көбейеді.
— Иә дұрыс, балалар, өте тамаша. Табиғат өзгерістерін жақсы біледі екенсіндер.
— Олай болса, бұның барлығын көзімізді жұмып, елестетіп көрейікші. Табиғат туралы ән орындалады.
— Ал, балалар, ақырын көзімізді ашайық, кәне, кім нені көз алдына елестетті?
— Өте тамаша, керемет! Ал мен сендерге мұның бәрін теледидар арқылы көрсетейін.
— Табиғат неткен әдемі! Табиғат әрқашан көркем болып тұруы үшін не істеуіміз керек?
— Табиғатты ластамауымыз керек. Ағаштарды сындырмауымыз керек. Гүлдерге су құю керек. Гүлдер егіуіміз керек.
Тақпақтар:
Бауырласпыз бәріміз,
Қазақстандай даласында,
Ұлы Отан аясында,
Жадырайды жанымыз.
Керемет биік тауларың,
Туған жердің жырлары.
Кең өлкенің сырлары
Туған жерім тамаша.
Көгілдір аспан да,
Көк сеңгір тастар да,
Құлпырады, жайнайды,
Май гүлін ашқанда.
— Жарайсыңдар, балалар. Сендер табиғат туралы өте көп тақпақ біледі екенсіңдер.
— Ой, бұл ненің дауысы?
— Осы уақытта Қарлығаш ұшып келеді. Қарлығаш:
— Сәлеметсіңдер ме, құрметті қонақтар, балалар!
Менің атым – Қарлығаш.
Біз, құстар, туған жерімізді өте жақсы көреміз, сондықтан біз жыл сайын туған өлкемізге, Отанымызға ораламыз.
Біз балалар бақшасының шатырына жылы ұямызды қалап, балапандарымызды тәрбиелеп өсіреміз. Сендер сияқты балаларымыз да сүйкімді, қайрымды, шыншыл болса екен деп армандаймыз.
Біздің кішкентай балапандарымыз өте тату, бірге ойнайды, жақсылыққа талпынады. Балалар, қарандаршы, мен сендерге тапсырма алып келдім, осы тапсырманы орындауға көмектесіндерші, мен де өз балапандарыма үйретейін.
Балалар Қарлығашпен бірігіп, геометриялық пішіндердің көмегімен гүлдер жасайды, оны жайлауға отырғызады.
Қарлығаш: Рахмет сендерге, балалар, мен де енді барып өз балапандарыма үйретейін. Сау болындар, балалар!
Психолог: Балалар, сендер Қарлығашқа жақсы көмектестіңдер. Осы күш жігеріміздің бәрі- отбасымыздың, яғни ата-әже, ата-аналарымыз, балабақшамыздың арқасы. Мына ағашқа көңіл бөлейікші. Балалар, ағаштар да біз сияқты өсіп-өнеді екен. Тамырын жаяды, тамырынан нәр алып, діңі шығады, діңінен бұтағы, бұтағынан шыбығы, шыбығынан жапырақтарын жайып, жемісін салады. Біз де осы тал сияқты өсіп-өнеміз. «Тал – жапырағымен көрікті, адам – ұрпағымен көрікті» дегендей, бәріміз бірігіп «Туыстық шежіре» ағашын жасайық. Бір тамырына атаның суретін іледі. Екінші тамырына әженің суретін іледі. Діңіне әке-шешенің суретін іледі. Бұтағы, жапырағы, жемісі – біздер, яғни аға, әпке, іні, қарындас. Балалар психологтің көмегімен шежіре талын жасайды.
— Өте тамаша, «Күн бірлікте» деп бекер айтпаған екен. Біз бірігіп, шежіре талын жасадық, талдар да біз сияқты өсіп-өнетінін білдіңдер. Ал енді, балалар, отбасы туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?
— «Әр атаның өз ұлы бар, әр бұтаның өз гүлі бар», «Әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ».
— Әкем менің – қуанышым,
Апам менің- сағынышым,
Ағам – менің қанатым,
Атам болса — қадірім.
Бәрі-бәрі мақтанышым,
Мен бүлдіршінімін отбасымның.
- Балалар, отбасы шежіресін құрдыңдар. Бізде тағы бір отбасы бар:
- Ол – біздің балабақша отбасымыз. Бәріміз шеңберленіп тұрып, мына лентаның бір-бір ұшынан ұстаңдар. Артқа жылжып, қолымызды биікке көтерейік, қараңдаршы, неге ұқсады? Әрине, біз бір шаңырақтың отбасымыз.
- Жарайсыңдар, балалар! Бүгін сендер өте үлкен жұмыстар жасадыңдар.
Жүрегіміздегі ізгі ниеттерімізді, тілектерімізді қонақтарымызға тілейік. Түрлі-түсті ленталармен айналу арқылы тілектер айтылады.
Қорытынды:
Күнге қарап шуақтанып,
Суға қарап нәр алып,
Табиғаттан шабыттанып,
Өмір сүріп жүрейік.
- Халқымыздың мәртебесі биіктей берсін!
- Ана тілім өркендей берсін!
- Білімді де, білікті азамат болайық!
- Денсаулығымыз мықты болсын!
- Әрқашан да күліп жүріңіз!
- Шаңырағымыз биік болсын!
- Бәріміз бақытты болайық!
- Ұлттар достығы нығая түссін!
Асыл Саванкуловна Курмангалиева,
№ 33 «Ақ бота»
сәбилер бақшасының психологі,
Павлодар қаласы