«Әлемнің өзгеруін қаласаң,
сол өзгерудің алғашқысы өзің бол»
Махаттма Ганди
Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздар қауымына зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді.
Шығыс даналары: «Егер алдағы бір жылыңды ойласаң күріш ек, он жылыңды ойласаң ағаш отырғыз, ал бүкіл өміріңді ойласаң — шәкірт тәрбиеле» — деген екен. Білім жолы, қиын жол. Бүгінгі мұғалім балаларға білім беріп қана қоймай, оларды өмір сүруге бейімдеуі тиіс. Ақ парақты қалай шимайласаң солай сурет түседі, ал таза, пәк балаларды қалай тәрбиелесең сондай тұлға қалыптасады. Ұлт болашағы ұрпағында болса, ұрпақ тәрбиесі – ұстаздардың қолында. Бүгінгі күні ұстаздардың алдында ұлт болашағы үшін қиын да, қызықты міндет тұр. Қазіргі кездегі білім саласы басқа әлемдік білім беру жүйесіне кіру үшін ең алдымен өз мемлекетіміздің білім жүйесіне өзгеріс енгізу керектігін түсіндім. Бұл өркениетке барар жолдың бастауы.
Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер білім саласындағы қызметкерлердің де өзгеруін талап етуде. Әлемдегі барлық елдер өздерінің білім беру жүйесін өзгеріске байланысты қайта қарауда. Сондықтан да заманның өзгеруіне байланысты біз өзгерісті өзімізден бастауымыз керек сияқты. Әрине, ол үшін бойымда «мен өзгере аламын» деген сенімділік нық орын алу керек.
Мен 2015 жылы мектеп басшыларының біліктілігін жетілдіру курсына алғашқы күні келгенде мен өзімді басқа әлемге еніп кеткендей сезіндім. Айтылған деректерге бірде сеніммен қарасам, бірде көкірегімде күмән ұялаған кездер де болғанын жасырмаймын. Алайда білікті тренеріміздің тұщымды дәлелдерінің көмегімен, біртіндеп жаңалықтар әлеміне ене бердім. Және бұл идеялардың өте тиімді екеніне күн санап көз жеткізе бастадым. Бағдарлама идеялары мұғалімдердің ойлауы мен оқыту әдістерін өзгерту қажеттігін, мұғалім мен оқушы арасында еркін диалогтік қатынас орнатып, альтернативті тұжырымдарға қол жеткізіп, өзіндік ойы мен жеке көзқарасы бар тұлға қалыптастыруымыз керектігінайқындап көрсетті.
Мен бұл курста өзімді толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап алдым. Бағдарлама идеялары алға жетелеп, жаңа серпінді істер атқаруға бағыттады. Мен түбегейлі өзгеріске бет бұрдым. Мектеп оқушыларының интелектуалдық мүмкіндіктерін, оқуға деген мотивациясын, потенциялын көтеруге, олардың әлеуметтік салада да, қоғамда да жауапты тұлға болып қалыптасуына бағытталған жұмыс барысында өзімнің қабілетімді толық пайдалана білуге мүмкіндік алдым.
Н.Ә. Назарбаевтың: «Болашақта өмір сүретін, еңбек ететін, ел тұтқасын ұстайтын — бүгінгі мектеп оқушылары. Оларды мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстанның деңгейі сол дәрежеде болады» деген сөзі менің бойымдағы жауапкершілік сезімді одан әрі қамшылып, мен 2016 жылы педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Мектеп тренерлері» курсын оқып шықтым.
2016-2017 оқу жылында мен өз мектебімдегі мұғалімдерді жинақтап, «Тәжірибедегі рефлексия» курсын бастадым. Курсқа қатысушы әріптестерімнің қызығушылығы мен қолдауы менің бойыма одан да жоғары сенімділікті ұялатты. Бұл мен үшін қуаныш болды, алдыға қарай серпіліс берді. Мұғалім шеберлігі – ізденіс нәтижесі. Сондықтан, орыстың ұлы педагог-ғалымы К.Д. Ушинскийдің: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» – деген сөзін басшылыққа алып, жұмысты жүргізе бердім.
Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады демекші, менің әріптестерімнің шыңдалуына бағдарламадан, әріптестерімнен алғанымның, үйренгенімнің септігі тигеніне қуанышты сезіммен жұмысты жандандыра түстім. Мұғалімдермен өткізген тренингтерім олардың жаңашылдыққа деген құштарлығын оятқандай. Қазіргі күні мектебімнің әрбір қызметкері, әрбір оқушының бойынан өзгеріске деген құлшыныс сезімі байқалады. Бұл менің білім деген теңізге бір тамшы тамызғандай өзгеріс енгізгенім болды. Бүгінгі күнгі әлемдегі өзгерісті, мен де бойыма сіңіргендеймін. Өз бойыма сіңіре отырып, басқа да әріптестерімнің жаңашылдыққа құштарлығын оятқаныма шексіз қуаныштымын. Курсқа мектептен 30 мұғалім қатысты. Барлығы да есептерін жазып, куәлік алуға тас түйін дайын отыр. Іске – сәт, құрметті әріптестер! Тек қана АЛҒА!
Нурсейтова Нуржанат Омирболатовна
Алматы қаласы,
М. Дулатов атындағы
№136 мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі