Home » Мақалалар » Әлемді тану әріптен басталады

Әлемді тану әріптен басталады

Бүгінде әлемнің 70% елі латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графика негізінде таралады дегенді білідерді.  Демек, латын әліпбиінің біздің елдің әлемдегі дамыған 30 ел қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз. Бұл орайда баланы бастан демекші, басты жұмыс балабақшадан басталуы тиіс. Тілін танып, таңбасын зердесінде тоқып, тарихын оқып өскен бүгінгі жас ертенгі күні ел болашағына етене араласар ел жанды азамат болары анық. Сондықтанда, бір әріптің өзі бір әлем екенін бала санасына сіңіру керек. Бұл орайда тәрбиенің тал бесігі саналар балабақшаларға артылар міндет ауқымды.

 

2017 жылдың 26 желтоқсанында Қарағанды қаласындағы «Алтын сақа» балабақшасында «Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырылып отырған іс-шараның мақсаты: Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бекіткен шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосу.

Іс-шараға Қарағанды облысы, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің ф.ғ.к., доцент Калиев Бектұрсын Аманқұлұлы; «Қарағанды қаласының білім бөлімі» ММ, әдіскері Жаркеева Гүлназ Бекетовна; Қарағанды қаласының ардагер ұстазы Тілеуғалы Әміртайұлы, Қалалық балабақшалардың қазақ тілі мұғалімдері қатысты.

«Білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы балабақшадан басталатыны белгілі. Сондықтан, балабақшада өткізіліп отырған бұл іс- шарада латын әліпбиіне көшу жұмыстарын жүзеге асырудың алғашқы қадамы дер едім»- деп өз ойын білдіре келе, балабақша директоры Оспанова Ж.К. «Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке бастар жол» тақырыбындағы шараның мақсат, міндеттері жайлы таныстырып өтті.

Қарағанды қаласының білім бөлімінің латын қарпіне көшу бағытында ұйымдастырылған медиа жоспарларды жүзеге асыруда іс-шараларды ұйымдастырып жүрген «Қарағанды қаласының білім бөлімі» ММ әдіскері Г.Б. Жаркеева дөңгелек үстел отырысын өзінің алғысөзімен бастап ашып берді. Одан кейінгі сөз алған Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің ф.ғ.к., доценті Калиев Бектұрсын Аманқұлұлы латын әліпбиіне көшудің тиімділігі, болашақ ұрпақтың ертеңі екені жайында өз пікірін айтып өтті.

Тәуелсіз еліміздің латын әліпбиіне көшуі тегін емес, ел үшін жеке басын сипаттайтын, ешкімге еліктемей ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыру мақсатында іске асырылып отыр. Елбасымыз ұсынған бастаманың қазіргі таңда қолдау тауып отырғанына өз басым ризамын деп сөзін түйіндеді ардагер ұстаз Тілеуғалы Әміртайұлы.

Латынша қаріп тануды қазірден қолға алғандар ортақ істе ортақ тәжірибе алмасу мақсатында латын қарпінде түрлі сөздер жазып әркім өзінің танба тану межесін көрсетті.

 

«Алтын сақа» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі К.М. Ибраева мемлекеттік тілді латын қарпіне көшірудің кезең-кезеңімен іске асырылатындығын, сондықтан оны игерудің аса қиындық тудырмайтындығын кеңінен айта келіп дөңгелек үстелді қорытындылады. Латын әліпбиіне көшу – қазіргі уақыт қажеттілігі екендігі жайында дөңгелек үстелге жиналған педагогтер көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, жақсы пікірлер айтылды.

Дөңгелек үстел соңында балабақша бүлдіршіндері қонақтарға музыкалық сәлемдерін жолдады.

 

 

Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.