Home » Сценарийлер » Әке — шаңырақтың негізгі тірегі

Әке — шаңырақтың негізгі тірегі

Дуйсенова Куанышкул Кадиршиновна
Астана қаласы
Райымбек батыр атындағы
№50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

 

 

(Ардагер ұстаз Ысқақов Тілеубек Ысқақұлымен кездесу)

Мақсаты: Балаларға отбасының ұйтқысы, негізгі тірегі әке екенін, әкеге деген сүйіспешілікке тәрбиелеу. Бала мен әке арасындағы тығыз әрі ыстық байланысты ұғындыру. Отбасындағы әке орнын, рөлін көрсете отырып, халықтық тәрбие негіздеріне тоқталу. Оқушыларды үлкендерді сыйлауға, әкені пір тұтуға, адамгершілікке, әке мен ер азамат ұғымының мәнін ұғынуға тәрбиелеу.

Түрі: пікірлесу, сырлы сұхбат

Сыныбы: 6 «Д»

Қатысушылар: ата-аналар комитеті, сыныптағы балалардың әкелері, мұғалімдер

Күтілетін нәтиже:

—           Отбасының ұйтқысы, негізгі тірегі әке екенін ұғынады;

—           Әке мен бала расындағы тығыз әрі ыстық байланысты біледі;

—           Әке мен ер азамат ұғымының мәнін түсінеді.

Қолданылатын көрнекіліктер:  «Әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік» слайд. Нақыл сөздер.

Кездесу барысы:

1.«Әке — шаңырақтың негізгі тірегі»

  1. Ардагер ұстаз Ысқақов Тілеубек Ысқақұлымен сырлы сұхбат.
  2. «Сіз балаңызды жақсы білесіз бе?» (келген ата-аналарға әзіл сұрақ)
  3. «Айналайын жан әке!» (оқушылар мен ата-аналардың арнау жырлары)

Жүргізуші:

Армысыздар, ата-аналар мен оқушылар! (Оқушылар әкелерін ортаға алып шығып флеш-моб билейді)

«Ата — сая болар бағың болса,

Әке — асқар тауың» дейді қазақта.

Бір күн бар, жылытар күн, жұбатар күн,

Бір күн бар, мұңайтар күн, қуантар күн.

Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,

«Әке» деген сезімді ұмытар кім,-дей отырып, сіздерге арналған «Әке –шаңырақтың негізгі тірегі» атты кездесу сағатына қош келдіңіздер!

«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз,

Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше.

Әке-жарық дүниедегі ең жақын адамның бірі. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп, қадірлеу кез келген баланың перзенттік борышы. Әкесіз бала-жетім. Әке — асқар шың, бақыттың алтын бағы. Әке- баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы.Ол бала үшін барын аямайды, аялап тәрбиелейді, болашағына үнемі бағыт-бағдар беріп отырады. Халық ер адамды сыйлай білмесе тексіз деп атайды. Әке отбасының асыраушысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Бала мен әке ынтымағы болмаған жерде әке жылуы сезілмейді.Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. «Бір бала бар-атаға жете туады, бір бала бар-кері кете туады» деген тұжырымға сай баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі.

Сырлы сұхбат

Жүргізуші: Бүгінде ардагер ұстазсыз, қадірлі атасыз. Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтсаңыз?

— Сіздің отбасыңызда бала тәрбиесіне кім көп көңіл бөледі? Ал сіз кімнің көңіл бөлгені дұрыс деп айтасыз?

— Сіз өзіңіздің бойыңыздағы қандай қасиетті мақтан тұтасыз?

— Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге деген мақал бар. Сіз осы мақалмен келісесіз бе?

—  Жақсы әке — жаман балаға қырық жыл азық деген мақалды қалай түсінесіз?

—  Жалған айтып ата — анаңыздды алдаған кездеріңіз болды ма? Өтірік айтқан адамнан болашақта адал азамат шыға ма? Елдің тірегі бола ала ма?

— Істеген жақсылығыңды сату дұрыс па?

— Балаңыздың  бойындағы қандай қасиетті мақтанышпен айта аласыз?

Жүргізуші: Иә бүгін мектеп партасында отырған ұл, ертеңгі жігіт, ер азамат, елдің тірегі. Ал азаматтың жүгі ауыр. Мен қазақпын дейтін азамат өзінің шыққан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата — жұртын қастерлеп, жадында ұстау керек. Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді біледі деп айтамыз қазақ тегін айтпаған.

— Жеті атаны білу не үшін қажет?

Жүргізуші: Қазіргі балаларды, оның ішінде ер балаларды тәрбиелеудің қандай жолдарын айтар едіңіз?

Жүргізуші: Халқымыздың аяулы ұлы, зиялы азаматы Б. Момышұлы кезінде былай мұңайған екен.«Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ елі еді. Ендігі қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді болса да шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп келе жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан ата — ана жоқ».

«Сіз балаңызды жақсы білесіз бе?» (келген ата-аналарға әзіл сұрақ)

1.Балаңыздың туған күні, айы жылы?

2.Балаңыздың аяқ киім өлшемі?

3.Балаңыздың парталас көршісі?

4.Жақсы көретін пәні?

5.Балаңыздың сүйікті асы қандай?

6.Балаңыздың сүйікті түсі?

7.Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?

8.Балаңызға қандай еркелететін сөз айтасыз?

9.Балаңыздың ең жақын досы?

10.Балаңыздың сүйікті пәні?

«Айналайын жан әке!» (оқушылар мен ата-аналардың өлең-жырлары)

1.Таир:Айналайын жан әке, жасыл бағым!

Құттықтап келді бүгін боталарың.

Әрқашан анамызбен аман болып

Тең көріңдер бала-шаға қуанышын!

2.Мақсат:Айналайын жан әке, жасыл бағым!

Арқа сүйеп еркелейтін асқар тауым!

Ерекше қайталанбас даралығың

Өміріме жол сілтейді даналығың!

3.Темірлан:Айналайын жан әке, жасыл бағым!

Тілеймін өзіңізге Жамбыл жасын.

Бақ-даулет, береке, ырыс болып

Ата бабам әруағы қолдасын!

4.Ақәділ: Арманы едім аңсаған,

Әкелем бақыт мен саған.

Ұрпағым болып жалғастым,

Қуаншы, әке, сен соған.

5.Мағжан:Теңіздей шалқып жүремін,

Сүйенер сенсің- тірегім.

Барсам да қайда, жан әке,

Өзіңмен бірге жүрегім.

6.Даниял:Атам айтса «ұлым» деп,

Әжем айтар «күнім деп.

Екеуінен қаймығып,

Айтады мені інім деп.

Ықыласы бір менде,

Бір шытпайды қабағын.

Үйде, түзде, жүргенде,

Соған ұқсап бағамын.

7.Нарлан: Ата-анамның күнімін,

Туған елдің ұлымын..

Тілімде бал, өзім –бал,

Балдай тәтті қылығым.

8.Асанәлі: Өзіңнің ерке қызың бұл,

Арнайды бүгін саған жыр.

Жақсылық тілеп жолына,

Әрқашан әке, аман жүр.

  1. Санжар

Әкем біреу, анам да біреу менің,

Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.

Олар барда мереке, көрген емен

Қабақтарын шытқанын, түнергенін.

10.Ағзам

Менің досым әкесін жек көреді,

«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,

Жамандайды сыртынан, тістенеді,

Бір-біріне бітпейді өкпелері.

  1. Ернар

Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,

Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,

Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,

Жақсы әкесін бере ме басқа бала.

12.Даниял

Әке – білек, саусағы – балалары,

Қан тамырмен жалғасқан аралары,

Ана — тамыр бойымен бәріне де,

Тіршіліктің жылуы таралады.

13.Ж.Әлихан

Мен сізді жақсы көрем әке жаным,

Мен сіздің кіп-кішкентай балапаның.

Қолыма қалам алып алғашқы рет,

Құттықтап мерекеңе жыр арнадым.

Абай, Б.Алихан, Асылхан өз арнау өлеңдерін оқиды.

Ата-аналардың құттықтау жырлары оқылады.

Қорытынды:

Шешесін ұқпайтын

Әкеден ықпайтын

Ұл болмайды.

Шешеге тартпайтын,

Әкеге жүк артпайтын

Қыз болмайды — деп тегін айтпаған. Оларды жақсы тәрбиелеп, өнегелі еңбекке баулып, еліне пайдалы азамат етіп өсіру сіздердің абзал борыштарыңыз. Ерте ме, кеш пе сіздің тәрбие беру жолындағы еңбегіңіз белгілі бір табыстарға жеткізері сөзсіз.

Бүгінгі кездесу сағатымызға уақыттарыңызды бөліп, бала деп келгендеріңізге көптен-көп алғыс айтамын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.