Болар елдің болашағы оның жастарының білімі мен бәсекеге бейімділігімен бағаланады. Ал бұл тұста бала бағбанының алар орны ерек, ісі бөлек. Яғни мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы қызмет. Тап осы «қасиетті қазанда» қайнап, ел ертеңін қалыптастыруда қалтқысыз қызмет етіп жүрген Ләззат Ғазизжанқызы «Үлгілі ұстаз» айдарының бүгінгі кейіпкері.
Бүгінгі буынға ертегі, аға буынға ақиқат. Кеңестік кезеңдегі ұстаз беделі биік-ті. Сондықтан да Ғазизжан Шериязданов тұңғышының ел қадірлейтін тұлға болғанын қалады. Ақ халатты дәрігер не мәнерлеп сырғанаушы болуды армандаған Ләззатты жетелеп, Н.Құлжанова атындағы Арқалық педагогикалық училищесіне оқуға түсіреді. Әке шешіміне қарсы келмеген қарагөз бала қиялымен 17 жасында қоштасып, үлкен сүрлеуге бет алады. Екі жылдан соң еңбекке етене араласады. Алғашқы еңбек жолын Б.Майлин атындағы №3 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болудан бастайды. «Әр істің көзін тапқанға кеніш» деген әке сөзін санасына сіңірген жас маман жұмысын жауапкершілікпен атқарады. Осы жылдар аралығында білімін жетілдіріп те үлгереді. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтынан орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғарғы білім алады. Тоғыз жылғы тынымсыз еңбегінің арқасында Ләззат Ғазизжанқызына 1993 жылы Арқалық қаласындағы В.И.Ленин атындағы №4 орта мектеп директорының орынбасары лауазымы жүктелді. Бейнетті еңбегі еленіп, 1999 жылы оған ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі тағылды. Ал 2004-2005 жылдар аралығында Арқалық қалалық білім бөлімінде әдіскер міндетін атқарады. 2005 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда директор қызметін атқарады. Білім берудегі мол тәжірибесімен Ләззат Ғазизжанқызына ұжымды басқару және мектеп рейтингін көтеру қиынға түспейді. Әріптестерімен де, оқушыларымен де тіл табысудың қыр-сырын игерген кәнігі басшы білім беру ошағының шаһардағы мерейін үстем етті. Түлектердің мемлекеттік грантты иемденуі, ЖОО-на түсу көрсеткіші, ҰБТ-ның орта балы жыл сайын артты. Оқушылары халықаралық, республикалық, аймақтық пәндік олимпиаларға қатысып, жүлдегерлер қатарын толықтырады. Бәсекеге қабілетті шәкірт әзірлейтін оқытушылар қауымына да қолдау көрсетті. Уақытылы біліктілігін арттыру курстары мен семинар-тренингілерге қатысып, білімін жетілдіруге жағдай жасады. Нәтижесінде тоғыз жыл Л.Шериязданова басқарған мектеп-гимназия білім үйлері сатысында алғашқы үштіктен тапжылмады. Төккен терінің қарымтасына 2007 жылы Л.Ғазизжанқызына «Ы.Алтынсарин төсбелгісі» табысталды. 2011 жылы Арқалық қаласының 55 жылдық мерейтойына орай Қостанай облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
2014 өз ісінің білгірі Астанаға қоныс аударып, қалалық білім басқармасында әдіскер болып жұмыс жасайды. Жыл басынан бері №32 мектеп-гимназия директорының әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Ол тек білікті басшы, белді менеджер ғана емес, білімді ағартушы. Бүгінде осы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
– «Әке балаға сыншы» дейді ғой. Балалық қызығушылығымды тыйып, ағарту саласына бағыттаған әкеме бүгінде мың алғыс айтамын. Мүмкін әкем менен «жақсы ұстаз» шығарын білді. Қазір қандай да жетістікке жетсем, ол әкемнің жемісі, жеңісі деп білемін, — дейді Ләззат Ғазизжанқызы.
Түйін. «Ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын бар ынтасымен атқара білуі керек» дейді В.Маяковский. Демек оқытушы болу арманына айналмаса да, әке салған сүрлеумен жүріп маңызды міндетін мүлтіксіз атқарған Ләззат Шериязданова нағыз ұстаз.
Жазира ӘКІМ
«Білім айнасы»