Home » Білім және тұлға » Әйел-ананың Исламдағы орны

Әйел-ананың Исламдағы орны

Мейірімді де рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Ислам діні – халқымыз ерікті түрде көңілімен қабыл алған ұстанымы. Оны ешқандай адамның жүрегінен бұйрық беру арқылы алып тастау мүмкін емес. Елбасы Н.Назарбаев : «Біз – зайырлы мемлекетпіз. Дін мемлекеттен бөлінген. Бірақ бұл Қазақстан небір діни қозғалыстардың қоқысына айналуы тиіс деген сөз емес» , — деген. Сондықтан өскелең ұрпақты дәстүрлі дінге бағыттағанымыз дұрыс. Ал баланы тәрбиелеуші әйел туралы дініміз не дейді?

Әңгіменің түп-төркінін сонау Хауа анадан бастағанды жөн көріп отырмын. Өйткені Жаратушының мейірі түскен алғашқы әйел сол Хауа анамыз емес пе? Құдіреті күшті Жаратушы алғашқы адам Сапиолланы топырақтан жаратып, демімен үрлеп жан беріп, оған күллі періштелерді бас идірген соң, жанына серік болар жанды оның өзінің қабырғасынан жаратуы да тегін болмаса керек. Адам ата мен Хауа ананы жер бетін мекендеуге жібергенінде, оларға көбейіп, өсіп-өнуді нәсіп етті. Бүкіл дүние жүзіндегі адамзаттың Жаратушының мейірі түскен осы екі жаннан тарауы да ғажап емес пе?

Ана – өмір сыйлаушы: құдіретті Алланың шапағатымен өмірге адам әкелу құрметіне ие болды. Ал енді осы ананың балаға деген махаббатының шексіздігіне, тіптен, сөз жоқ! Бауыр еті баласы үшін түн ұйқысын төрт бөледі. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп тілейтін де – Ана. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген баласын ақ сүтін беріп өсіретін, сонымен бірге адалдық, имандылық, адамгершілік қасиеттерді сәби бойына сіңіретін де – Ана. Сондықтан бар адамзат ананың алдында бас иеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың : «Ең алдымен, анаңа құрмет ет, екінші, тағы да анаңа құрмет ет» деуі бекер болмаса керек. Жұмақтың кілтін де ананың табанының астына салып берген. Бабаларымыздың : «Анаңды

Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген ұлағатты сөзі де осының дәлелі. Дүниеге өмір сыйлаушы әйел-ананың Аллаһ Тағаланың мейіріне бөленгені туралы әңгімелер де өте көп.

Ибраһим әйелі Ажар мен баласы Сымайылды ебелек ұшпас елсізге апарып тастағанда, ана мен балаға жар бола көруді Алласына ғана тапсырады. Бірақ осы елсізде шөліркеп кенезесі кепкен баласы үшін жанын шүберекке түйіп, көз жасы көл болған Ажар Сафа тауының әр тасын түгел аралап шығады. Марва тауына да жеті барып, жеті келеді. Жас нәрестенің қиналғанын көруден асқан азап жоқ шығар ана үшін. Жаратушыға жалбарынған Ажар ананың тілегі қабыл болып, Сымайылдың өкшесінің астынан бұрқылдап су шықты, құдіреті күшті Аллаһ Тағаланың мейірімі түсіп, тасты жарып мөлдір бұлақ ақты. Құдіретінің күштілігін дәлелдеді. Бұл су әби зәмзәм еді. Ал енді осы суды Жаратушымыз кімнің тілеуімен берді дейсіз? Әрине, баласына бір жұтым су таба алмай шырылдаған ананың сәбиіне деген махаббаты, көз жасы, ниет-тілегі оның мейірімді жүрегін жібітті. Осындай аналарға қалай ғана табынбассың!

Ел қорғаған батыр да, сөз маржанын терген ақын да ананың құрсағынан жаратылды. Алтын құрсақты аналарымыздың арқасында небір даналар, небір ғалымдар, небір батырлар, хандар мен билер дүниеге келді. Анасының ақ сүтімен бірге өн бойына сіңірген ана тілінің қасиетін сезінді. Халқына қызмет етті.

Ананың ақ сүтімен иман нұры да бала бойына тарайды. Аналарымыз баланы ақ сүтін беріп емізгенде , басына орамал салып, дәретпен емізуі де – имандылықтың басты шарты . Ұлы Абай данамызға анасы Ұлжан, Шоқандай ғұламамызға анасы Зейнеп, Мұхтардай заңғарымызға анасы Нұржамал, Нұрсұлтандай Елбасыға анасы Әлжан иман нұрын осылай сепсе керек. Басқаша болуы мүмкін емес те!

Бүгінгі күні де жас аналарымызға баланы дүниеге әкелер алдында дәрігерлік кеңестер ғана беріп қоймай, имандылық шарттарын да үйретіп қойғанның артықшылығы жоқ. Өйткені болашақтың тізгіні – жастардың қолында. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығын әрдайым есте ұстағанымыз абзал.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», — деген Мұхтар Әуезов сөзін де естен шығармаған дұрыс шығар. Сонда ғана елімізде тастанды бала, тастанды ата-ана болмасы сөзсіз. Осы бір жаныңды шырқыратар шындықтың қоғамымызда белең алып бара жатқаны жүрекке шаншудай қадалады. Осы бір келеңсіздікпен күресудің жолы да аналарымызға, олардың иманы мен тәрбиесіне байланысты деп есептеймін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Егер залымның мазлумға (зәбір көрушіге) қиянат жасап жатқанын көрген адам шамасы келгенше залымды тоқтатуға тырысуы керек. Олай істемесе, залымның сыбайласындай күнә жамылады», — делінген. Ендеше, абзал аналар, баламыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Күнәдан ада болайық.Ел тізгінін ұстайтын, халқы үшін еңбек ететін, иманы бетіне төгіліп тұрған, Құран сөзімен қаруланған адал ұл-қыз тәрбиелейік.

Демеуова Гулхан Каскырбаевна

№8 П.Д.Осипенко орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Қызылорда қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.