Менің мамандығым — болашақтың жарқын бейнесі!
Әйел затының ең үлкен карьерасы – бала тәрбиелеу. Баланың көрегенді, өнегелі, рухының мықты болуы сіңірген тәрбиесінде. Осы орайда қазақтың бас ақыны «Абайды» тәрбиелеген әжесі Зере мен анасы Ұлжанның орны қашан да жоғары. Әкесінің тамыры терең жұмбағын шешіп, әжесі мен анасының даналығынан сусындаған Абайдың жүрегі «Қазағым» деп соқты. Рухы мықты, еңсесі биік тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыруда отбасында ата-ананың, балабақшада тәрбиешінің алатын орны ерекше.
Қазіргі таңда Отбасын асырау мақсатында әйелдер қауымының жұмысбастылығына байланысты бала тәрбиесінің ақсап жатқан тұсы тағы бар. Екі жақтан көтерген арбаның жүгі жеңіл. Екі жақтан берілген тәрбие де жеңіл. Отбасында ата-анасынан қолдау көрмеген балаларға анасы ретінде де тәрбиелеуге тура келеді. Баланың қуанышы тәрбиешінің қуанышы. Баланың проблемасы тәрбиешінің проблемасы.
Тәрбиешілерге бағыт-бағдар беріп, бала тәрбиелеудегі түрлі әдіс-тәсілдерді меңгерту менің негізгі жұмысым. Бірнеше жыл балабақшада тәрбиеші қызметін атқарып, баланың қыр сырын танып, тәжірибемде жинақтағанымды қазіргі таңда әдіскер ретінде тәрбиешілермен бөлісіп келемін.
Балабақша менің екінші үйім. Бүлдіршіндер пәктік пен тазалықтың және болашақтың жарқын бейнесі! Сондықтан, «Тәрбиеші» мамандығын киелі мамандық деп санаймын. Қызығы да бар, қиындығы да бар. Балалармен жұмыс істеген жан ғана бұл мамандықты түсіне алады деп ойлаймын.
Бауыржын Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзінде тәртіпке бағынуды меңзесе, дана Әл Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп, білім алу үшін алдымен тәртіпке ден қоюды айтқан. Бүлдіршіндерді білім ордасына қанаттандыру балабақшадан бастау алатындықтан, бала тәрбиесі біздің басты міндетіміз.
Заман талабына сай баланы өмірге бейімдеуде ауданымызда түрлі іс-шаралар мен семинарлар өткізілуде. Мақсаты — тәжірибе алмасу. Өзгеден үйреніп, өзгемен бөлісу. Бұл дегеніміз, күнделікті өтіліп жатқан сабақтарды түрлендіру. Жаңа әдіс-тәсілдерді алдымен тәрбиеші толық меңгеріп, сабағында балаға меңгерту. Жаңа бағытқа бет бұру. Олай дейтініміз, еліміздің жаңа қадамдарға бет бұруын балабақшадан бастау.
Топқа келген балалардың әрқайсы әртүрлі. Әрқайсысы әр үйдің еркесі, бұзығы, ақылдысы, тәттісі. Әр баланың жүрегіне жол тауып, ортақ тәрбиеге бейімдеу үлкен ізденіс пен жан-жақта қабілеттілікті талап етеді. Тәрбиеші тәрбие беруден бұрын өзі тәрбиелі, білімді және қабілетті болуы тиіс. Тәрбиешіге дұрыс бағыт беріп, оның іске асуын қадағалау менің басты міндетім.
«Тәрбие — тал бесіктен басталады» десек, тәрбие беруден кеш қалғанымыз. «Тәрбие – құрсақтан басталады». Құрсақтан беріледі дегеніміз, өзіңізден беріледі деген сөз. Өзіңізден беріледі деген сөз, өзіңді тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан, білімді мемлекет болуда тәрбиеге мән беру балабақшаның басты міндеті. Бұл міндетті жүзеге асыруда тәрбиеші мамандардың маңызы өте зор!
Еліміздің өсіп өркендеуіне өз үлесімді қосу менің адамдық та, аналық та парызым. Бала біздің бақытымыз, қуанышымыз, болашағымыздың жарқын бейнесі! Отбасымда ұл қыздарым мен немерелерімнің тәрбиешісі, ал балабақшада тәрбиешілерім мен балалардың тәрбиешісімін.
Бар бақытымды баладан табатын мен бұл қызметімді әйелдің ең үлкен карьерасы – бала тәрбиелеу деп білемін!
ОҚО Ордабасы ауданы,
Бадам елдімекені,
«Ақмарал» бөбекжай бақшасының
Әдіскері: Жантөре Айсұлу Абатханқызы.