Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен маңғыстаулық ақын, сазгер, балалар жазушысы, сатирик, Халықаралық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері Ерекен Қорабаевпен кездесу өткізді.
«Өзгерістерді өзіңнен баста» деп,сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Нұргүл Алмасқызы Жанназарова кеш қонақтарынаалғысын білдіріп, өнер иесінетабыстар тіледі.
Шығармашылық кеште қаламыздағы №21 мектептің мұғалімі Ж.Мұрсалованың жетекшілігімен бір топ оқушы Е.Қорабаевтың өлеңдерін жатқа айса, пән мұғалімі Ә.Бимурзаева ақынның «Сыр-сауал» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді.
Мемлекеттік қызметшілер өлең мен жырдан, әдемі әннен, үйлесімді әзілден өрілген өнер кешінде расымен де жан азығын алып, «Өнер алды – қызыл тіл» екенін мойындады.
Құйма құлақ ағаның жерлестері мен тұстастары туралы естеліктері шынайылығымен әрі дөп айтылған тапқырлығымен еріксіз езу тартқызып, отырғандарды бір сергітіп тастады.
Шара барысында көрермендер сұрақ қойып қана қоймай, ақынның өлеңдерінен үзінді де келтіріп, шығармашылық кештің шырайын келтірді. Департамент қызметкерлері Ж.Шыртанова «Қыз өлең» деген шығарманы нақышына келтіріп оқып берсе, ал ақынның жерлесі Х.Құспанова «Ескі тоған» атты өлеңді оқи отыра тоған жағалай ойнаған балалық шағы көз алдына келе қалатынын әңгімеледі.
Ақын ғана емес, сазгерлігімен де танымал ағаның шығармашылық кешінде есімі елге белгілі әншілер А.Көшеров пен М.Сафаров Ерекеңнің «Төр жайлау-Бейнеу», «Нарлы мекен», «Қаратау бойында» әндерін орындап берді.
Кеш соңында ақын ағаға алғысын білдірген Департамент басшысы ақынның «Маңғыстау әзілдері» кітабынан осы жұмыстың бағытына сұранып тұрған жолдарды мысалға келтіріп, «Өзіңді өзің түзегенің дұрыс шығар, әйтпесе үкімет араласып түзетсе, қиын болады» деген тіркестің Әдеп кеңесі отырысының ұранындай екен деп, отырғандарды бір серпілтіп тастады.
Департаментте мемлекеттік қызметшілерге арналып жасақталған «Рухани жаңғыру» атты кітаптар бұрышына ақын аға өзінің «Маңғыстау әзілдері», «Есі бар тентек» кітаптарын қолтаңбасын қалдыра отырып, естелікке ұсынды.
Былайғы күні қолға оңайлықпен түсе бермейтін ақын да сазгер ағамыздың әзілмен әрленген әдемі кеші мемлекеттік қызметшілердің жанына жылы шуақ құйған, рухына күш берген, мақсатына жеткен шара болды.