Республикада алғаш рет Жаңаөзен қаласында сыбайлас жемқорлық тақырыбында көңілді тапқырлар клубының ойындары өтті.
«Өзенмұнайгаз» АҚ демеушілігімен «Елу жылда — ел жаңа» атты республикалық жайдарман сайысы мұнайшылар қаласының 50 жылдық мерейтойы аясында өтті. Сайысқа еліміздің әр өңірінен 6 команда қатысты. Атап айтар болсақ Шымкенттен келген «Байдың балдары», Ақтөбелік «Фемида», Орал өңірінен «Грант», Атыраудан «Сағыз», Маңғыстаудың намысын қорғаған «Боранқұл» және «Өзенмұнайгаз» командалары. Сайысты тамашалауға келгендердің көп болғаны соншалық, залда ине шаншар орын болмады.
Ал қазылар алқасының төрайымы — ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназаровамен бірге, әділқазылар құрамында бокстан Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев, жайдарманшы Дәулет Сағынтаев және ардагер жайдарманшы Әлқуат Насухаұлы болды.
Бұл жолғы ойын бағдарламасының ерекшелігі сол, қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың көріністерін әзілмен жеткізе алды. Әсіресе, бюджет қаражатын талан-таражға салу, ақшаға құнығу, жең ұшынан жалғасу, ақша бопсалау, қаржы жымқыру мәселелерін әзілмен жеткізген ойындар қызықты да тартысты өтті. Бұдан басқа, меритократия қағидаты негізінде қызметтік мансаппен жоғарылау, қатардағы қызметкерден әкім немесе басқа да үлкен басшылық қызметке дейін көтерілу сияқты қойылымдар көрсетілді.
Өз кезегінде сөз алған Нұргүл Жанназарова, қоғамда пара алу немесе қаржы жымқыру, қызметтік жағдайыңды асыра пайдаланудың соңы жақсылыққа апармайтындығын ескертіп, мұндай жағдайларды бей-жай қалдырмау қажеттігін алға тартып жиналғандарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы үндеу тастады.
«Командалар ойынға жақсы дайындалған және көтерілген тақырыптар да маңызды. Сахнада қойылған әрбір қойылым барша көрермендерге терең ой салды деген ойдамын. Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор. Баршаңызға алғысымды айтамын және сыбайлас жемқорлықтың бетінен аулақ қылсын, бұл індетке қарсы тұру баршамызға ортақ міндет», — деді ол.
Осылайша 2 сағаттан астам уақыт көрермендерге күлкі сыйлаған жайдарманшылар ойын соңында төмендегідей жүлделерге қол жеткізді. Бас жүлдені ақтөбелік «Фемида» ойыншылары жеңіп алды. «Сағыз» командасы бірінші орынға шықты, ал екінші орынды «Өзенмұнайгаз» және «Байдың балдары» бөліссе, үшінші орынды «Грант» және «Боранқұл» командалары өзара бөлісті.
Сайыс кезінде ойынды тамашалауға жиналған көрермендерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық парақшалар таратылды.