27 қарашада Елбасы кітапханасында әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы – Махмұт Қасымбеков, Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі – Әли Гасанов, Халықаралық түркі академиясының президенті – Дархан Қыдырәлі қатысты.
Жобаның жетекшісі және кітап авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков көп жылдар бойы Мемлекет басшысының қол астында қызмет етіп, президенттік институтты кәсіби зерттеумен айналысты.
Махмұт Қасымбеков іс-шараны ашқан алғы сөзінде:
– Әзербайжан тілінде шыққан кітап Қазақстан халқы мен оның Мемлекет басшысына деген құрметті білдіреді. Кітаптың қазақ және орыс тілдерінде шыққанына бес жыл болды, осы уақыт ішінде ағылшын, неміс, кәріс, араб, венгер, серб және қытай тілдеріне аударылып үлгерді. Қазақстандағы латын қарпіне көшу маңызды мәселесі қаралып жатқанда осы кітаптың латынға аударылып шығуы ел жетістігінің тағы бір нышаны болды.
Махмұт Базарқұлұлы кітап аудармасының бастамашылары мен ұйымдастырушыларына – Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Гасановқа, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты, философия ғылымдарының докторы ДжаванширФейзиевке, танымал әзербайжан журналисі, «Дискавери Азербайджан» журналының редакторы, аудармашы Аида Эйвазоваға, Халықаралық түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәліге шынайы алғысын білдірді.
Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Гасанов:
– Бүгін мен Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі ғана емес, алғы сөздің авторы ретінде қатысып отырмын. Өз өмірін халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған түркі әлемінің белгілі әрі беделді ақсақалы, Ұлы дала елінің Тұңғыш Президенті жайлы баяндайтын осындай мазмұнды кітаптың кіріспесіне алғы сөз арнау мен үшін үлкен мәртебе. Осы іс-шараны Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнінің және екі ел арасында орнаған дипломатиялық қатынастың 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында өткізу маңызды сипатқа ие болды. Мүмкіндікті пайдалана отырып, бүкіл Қазақстан халқын осы елеулі мерекемен құттықтағым келеді. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбековке оқырмандарға заманауи Қазақстанның негізін қалаған қайраткердің өмірі мен саяси қызметінің кезеңдерін көріп қана қоймай, сондай-ақ Елбасы өмірбаянының көпшілікке беймәлім тұстарымен танысып, мемлекеттің жаңа тарихының маңызды беттерін парақтауға мүмкіндік берген ерен еңбегі үшін риясыз алғысын білдірді.
«Қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов өз естеліктерінде Әзербайжан жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевті Өз ісінің шебері деген еді. Біз де түркі әлемінің белгілі ақсақалы – қазақстандықтар Елбасы деп мақтанышпен атайтын құрметті Нұрсұлтан Назарбаев туралы дәл солай айтар едік», –деп жазады Ә. Гасанов.
Ә. Гасановтың сөзіне сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында бүгінгі күні Қазақстанда тұрақтылық ту тігіп, ертеден тұрақтап қалған ұлттар мен халықтар арасында мызғымас татулық орнаған. Мультимәдениетті құндылықтары қалыптасқан қоғам соның дәлелі болмақ. Бұл елде жалпыұлттық ниеті бір 130-ға жуық ұлт өкілдері, оның ішінде әзербайжан ұлты да тату-тәтті өмір сүруде.
Дархан Қыдырәлі өз сөзінде Қазақстан-Әзербайжан қатынасы үшін бүгінгі оқиғаның маңыздылығына тоқталды:
– Тарих ұлы тұлғаларды жаратады деген қанатты сөз бар, алайда ұлы тұлғалар ұлы тарихты жасайды. Кітаптың кіріспесінде Әли Гасанов мырза әзербайжан тілінде біздің Елбасымыз әлем мойындаған лидер екенін атап өтеді. Елбасы – қазақтың ғана емес, барша түркі халқының сүйеніші. Тәуелсіз Әзербайжан елінің негізін қалаған Гейдар Әлиевтің туған жері Нахичевань қаласында 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық түркі академиясы құрылды.
Кітап Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-өмірбаяндық тұрғыдан зерттеудегі алғашқы тәжірибені ұсынады. Онда қарапайым ауыл баласынан ұлт көшбасшысына дейінгі жолы егжей-тегжейлі қарастырылған. XX–XXI ғасырлар тоғысындағы Қазақстан дамуын драмалық және елеулі оқиғалар, үдерістер, тарихи өткенге шолумен баяндайтын Елбасының саяси өмірбаянына ерекше назар аударылған.
Кеңейтілген ауқымды мұрағаттық материалдар негізінде дайындалған Елбасы өмірбаяны Қазақстанның жаңа тарихы бойынша маңызды құжаттық дереккөз болып табылады. Онда мағыналы фотосуреттер материалдарымен қатар алғаш рет тарихи сипатталған оқиғаларға көз жүгіртуге мүмкіндік беретін жеке құжаттардың тура көшірмесі ұсынылады.
Орыс тілінен әзербайжан тіліне Әзербайжан Жоғары медиа сыйлығының және Исмаил Гасприн атындағы Халықаралық түркі академиясының медиа сыйлығының лауреаты, журналист-публицист Аида Эйвазова аударған. Кеңесшілері – Халықаралық түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәлі және Милли Меджлис (Әзербайжан ұлттық жиыны) депутаты ДжаванширФейзиев. Редакторы – Вели Акперов.
Милли Меджлисінің депутаты Джаваншир Фейзиев кітаптың жұмысы туралы естелігімен бөлісті:
– Өткен жылы «Ұлы дала» форумында болғанымызда Қазақстанда басылып шыққан туындылармен таныстық. Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап ерекше назарымызды аударды. Біз бұл кітапты әзербайжан тіліне аударып, Әзербайжан халқына ұсынуды ұйғардық. Мұндай ой қайдан келді? Себебі, Әзербайжанда Қазақстанға және оның Лидеріне деген үлкен танымдық көзқарас қалыптасқан. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағыдай Әзербайжанда, бауырлас түркі елдерінде де үлкен беделге және зор құрметке ие, сондықтан Елбасының өмірбаянына қызығушылық танытады.
Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының Елшілігінде: «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы – Қазақстанда тұратын әзербайжан үшін ана тілдерін сақтап қалу жағынан үлкен сый болды», – деп мәлімдеді.
Тұсаукесерге Қазақстан Республикасында шетелдік дипломатиялық міндеттерін атқарып жүрген өкілдер, Башқұртстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Түркия ғылым академиясының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Жұртшылықпен байланыс қызметі