Home » Жаңалықтар » Әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері

Әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері

27 қарашада сағат 11.00-де Елбасы кітапханасында әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері өтеді.

Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы – Махмұт Қасымбеков, Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі – Әли Гасанов, Халықаралық түркі академиясының президенті – Дархан Қыдырәлі қатысады.

Тұсаукесерге шақырылған қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасында шетелдік дипломатиялық міндеттерін атқарып жүрген өкілдер, Башқұртстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Түркия ғылым академиясының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

Жобаның жетекшісі және кітап авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков көп жылдар бойы Мемлекет басшысының қол астында қызмет етіп, президенттік институтты кәсіби зерттеумен айналысты.

Кітап Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-өмірбаяндық тұрғыдан зерттеудегі алғашқы тәжірибені ұсынады. Онда қарапайым ауыл баласынан ұлт көшбасшысына дейінгі жолы егжей-тегжейлі қарастырылған. XX–XXI ғасырлар тоғысындағы Қазақстан дамуын драмалық және елеулі оқиғалар, үдерістер, тарихи өткенге шолумен баяндайтын Елбасының саяси өмірбаянына ерекше назар аударылған. Кеңейтілген ауқымды мұрағаттық материалдар негізінде дайындалған Елбасы өмірбаяны Қазақстанның жаңа тарихы бойынша маңызды құжаттық дереккөз болып табылады. Онда мағыналы фотосуреттер материалдарымен қатар, алғаш рет тарихи сипатталған оқиғаларға көз жүгіртуге мүмкіндік беретін жеке құжаттардың тура көшірмесі ұсынылады.

Орыс тілінен әзербайжан тіліне Әзербайжан Жоғары медиа сыйлығының және Исмаил Гасприн атындағы Халықаралық түркі академиясының медиа сыйлығының лауреаты, журналист-публицист Аида Эйвазова аударған. Кеңесшілері – Халықаралық түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәлі және Милли Меджлис (Әзербайжан ұлттық жиыны) депутаты Джаваншир Фейзиев. Редакторы – Вели Акперов. Кітаптың алғы сөзін әзербайжан тілінде Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтары жөніндегі көмекшісі, Президент Әкімшілігі бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Гасанов жазған.
Ә. Гасанов тарихи тағдыры ұқсас екі ел арасындағы достық және бауырластық өзара қарым-қатынасты айта келіп, халқымыздың өміріндегі көшбасшылардың ерекше рөліне тоқталады.

«Қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов өз естеліктерінде Әзербайжан жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевті Өз ісінің шебері деген еді. Біз де түркі әлемінің белгілі ақсақалы – қазақстандықтар Елбасы деп мақтанышпен атайтын құрметті Нұрсұлтан Назарбаев туралы дәл солай айтар едік», – деп жазады Ә. Гасанов.

Ә. Гасановтың сөзіне сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында бүгінгі күні Қазақстанда тұрақтылық ту тігіп, ертеден тұрақтап қалған ұлттар мен халықтар арасында мызғымас татулық орнаған. Мультимәдениетті құндылықтары қалыптасқан қоғам — соның дәлелі болмақ. Бұл елде жалпыұлттық ниеті бір 130-ға жуық ұлт өкілдері, оның ішінде әзербайжан ұлты да тату-тәтті өмір сүруде.

Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының Елшілігінде: «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы – Қазақстанда тұратын әзербайжан үшін ана тілдерін сақтап қалу жағынан үлкен сый болды», – деп мәлімдеді.

2012 жылы жарық көрген сәттен бастап, Қазақстан Президенті туралы өмірбаян кітабы тек Отанымызда ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де қызығушылықпен қолданысқа ене бастады. Қазақ, орыс тілдерінен басқа ағылшын, араб, венгер, неміс, серб және француз тілдеріне аударылып, басылып шықты, енді бұл қатарға әзербайжан тіліне аударылған нұсқасы қосылды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ
Жұртшылықпен байланыс қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.