Home » Мақалалар » Әдістемелік семинар өтті

Әдістемелік семинар өтті

Ақтау қаласының №10 «Толқын» бөбекжайында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасының пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
Семинарды бөбекжайдың директоры Айгүл Худайбергенова ашты. «Өзін-өзі тану» пәні бойынша, «Көліктер» тақырыбына №7 ересек тобында, курсқа қатысушы Маңғыстау ауданы, Жармыш орта мектебінің өзін-өзі тану мұғалімі Нұржихан Кадирова шеберлік сынып көрсетті. №1 кіші сәбилер тобының тәрбиешісі Гүлнара Нұрымбетова «Сиқырлы пішіндер» тақырыбында «өзін-өзі танумен» интеграцияланған қоршаған орта, математикадан ашық оқу қызметін өткізді.
«Менің отбасым» тақырыбына №2 ортаңғы сәбилер тобында тәрбиеші Перуза Айбасова оқу қызметін ұйымдастырып өткізді. Балалар отбасына, отанына деген құрметі мен сүйіспеншіліктерін ән, тақпақтар мен мақал-мәтіндер, жылы тілектер арқылы, ойын арқылы көрсете білді. Тыңдаушылар семинар арқылы өзін-өзі тануды өзге пәндермен сыртқы және ішкі интеграциялауды оқу қызметтері арқылы түсінді.
«Өзін-өзі тану — білім беру үдерісіндегі біртұтастықты, адамилықты және руханилықты қамтамасыз ететін метапән. Әрбір оқытылатын пән балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болуға тиіс. Біз бүгінгі семинардағы өткізілген оқу қызметтері арқылы осыны тәжірибе жүзінде көрдік», — деп, қорытынды жасады Қарақия ауданы №1 орта мектептің өзін-өзі тану пәні мұғалімі Фариза Маширова. Ары қарай семинар «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ тренерлері ұйымдастырған дөңгелек үстелге жалғасты. Дөңгелек үстелде Өзін-өзі тану мен өзге пәндерді интеграциялау — ол, ең алдымен білім беру ұйымындағы білімді жандандыру, оның рухани-адамгершілік болмысын жарыққа шығару, ол біртұтас білім, барлық пәндерді мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жинақтау және әр алуандылықтың біртұтастығын көре білу екендігі туралы мәселе талқыға салынды. Семинарға қатысушылар бөбекжай ұжымына семинар ұйымдастырудағы белсенділіктері үшін, курс тыңдаушысы Кадирова Нұржиханға батыл, тез шешім қабылдап үлгілі десант сабақ көрсеткені үшін алғысын айтты. Бөбекжай ұжымы тыңдаушыларға өз тәжірибелерімен бөліскендігі үшін ризашылықтарын білдірді.

Р.Ж. Нұрова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау бойынша ПҚ БАИ тренері;
Г.Б. Төлеуғалиева,
Ақтау қаласының МКҚК
№10 «Толқын» бөбекжайының әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.