Home » Мақалалар » Әдебиеттанушы, ғалым, ұстаз

Әдебиеттанушы, ғалым, ұстаз

 

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің 70 жасқа толуына арналған «Қазіргі фольклортану мен әдебиеттанудың көкейкесті мәселелері» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы өткізді.

Қазақтың қара домалақ баласы 23 жасында алғаш ғылым деген түбі жоқ тұңғиықтан су ішкен екен. Сонан бері табан аумай 47 жылын төл өнеріміз, оның ішінде әдебиет өнеріне арнаған ғалым, ұстаз 70 деген жасқа толып отыр. Ғалымның қаламынан 800 ден артық мақала, 20 дай том ғылыми-зерттеу еңбек дүниеге келген. Қарапайым мектеп мұғалімі болып өрлеген ғалым қазақтың бата сөздерін, шешендік өнер, айтыс өнері сияқты ауыз әдебиетінің жауһарларын жинап, зерттеп бір арнаға тоғыстырады. Оның сыртында Абайдан басталған жазба поэзияның бастауын, сал-серілердің шығармашылығын зерттеп әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосады. Бүгінде «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілік-көркемдік жүйесі» т.б. көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Осындай тұла бойы тұнған өнер иесіне жерлестерінің көрсеткен құрметі зор болды.

Конференцияға Серік Негимовті сыйлайтын жақын достары мен ғылымда бірге із салған әріптестері келіп, ғалым туралы өз ойларын өскелең ұрпаққа жеткізді.

Алғашқылардың бірі болып, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым Академиясының академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы «Профессор С. Негимов және Алаш мұрасы» деген тақырыпта баяндама оқыды.

Келесі кезекте, Қазақстан Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібекұлы «Профессор С.Негимов шығармашылығындағы Ұлы Дала жыраулары» деген тақырыптағы баяндамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Конференцияға Алматы, Павлодар, Көкшетау, Петропавл мемлекеттік университеттерінің ғалымдары баяндама оқыды. Алдағы уақыттқа Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мелекеттік университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде С.Негимовтің 70 жылдығына арналған конференциялар болатынын хабарлады. Конференция соңында профессорға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті прфессоры атағы берілді.

 

Көкбасқызы Жазира

«Білім айнасы»,

Қызылжар қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.