Home » Баяндамалар » Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романында кездесетін қардың түрі, қардың жаууы және аяздың түрі

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романында кездесетін қардың түрі, қардың жаууы және аяздың түрі

 Жұмыстың мақсаты мен міндеті:

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы қардың жаууы мен қардың сан алуан түрінің болатындығын талдау арқылы шығармада кездесетін аяздың түрлерін талдау. Сөз қолданыстарының мағынасын ашу, шығарма мазмұнына терең үңілу арқылы әдеби теория тұрғысынан  талдау.

Тақырыптың өзектілігі:«Қан мен тер» романын оқу барысында қардың жаууы мен қардың түрін, аяздың түрлеріне талдау жасау арқылы кейіпкердің іс – әрекетіне баға беру. Барлық өмірін жазушылыққа арнаған жазушының шығармаларымен кеңінен танысуыма зерттеу жұмысы барысында жол ашты.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

Мектеп бағдарламасында әдебиет сабағында әдебиет теориясын өткенде теңеу, эпитет, шендестіру тағы басқа көркемдегіш құралдың түрлерін табумен шектелеміз. Романды оқу барысында шығармада кездесетін аяздың түрі мен қардың жаууы, қардың түрлеріне талдау жасадым. Көркем шығарманың мазмұны мен идеясын ашуда сөздерді түрлі құбылтып отыруға болатынын аңғардым.

Зерттеу жұмысымның негізгі жаңалығы:шығармада кездесетін аяздың түрі, қардың жаууы, қардың түрліше болатына зерттеу жасау арқылы тіл байлығымыз бен сөздік қорымызды байыту. Шығарма мазмұнын ашудағы ролін айту. Оқушыға қауымға шығарма оқу барысында детальдарға назар аударту арқылы кейіпкер мен табиғат арасындағы байланысты білгізу.

«Қан мен тер» трилогиясы рухани қайсарлық пен суреткерлік кемелдіктің тоғысы. 1913 – 1920 жылдардағы Арал өңірінде өткен тарихи оқиғалардың күллі қазақ сахарасына ортақ шындығын толғап, ескі қоғамдық формацияның аласапыран күрес нәтижесінде шұғыл төңкеріс екпінімен жаңа формацияға орын беруінің адам рухы арқылы көрінуі.

Роман кейіпкерлерін сөйлете отырып, замана шындығы мен астарлас келетін адам образын шыншыл суреттегенін шығарма барысында терең аңғаруға болады. Табиғат пен адам арасындағы байланысты автор шебер суреттеу арқылы оқырманның көз алдына алып келген. Алда болатын оқиғаны табиғат сезініп, өзінің тылсым күші арқылы сездіреді. Роман барысында мынандай мысал келтіруге болады. Достың ұлынан айырылғандығы табиғат ананың бірге күрсінуі. Күннің алабұртып аяқ астынан бұрқай түсуі, түнеріп келуі адам баласының ішкі психологиялық күйзелісін білдіреді.

«Қан мен тер» романын құрайтын «Ымырт», «Серделең», «Күйреу» романдарынан атының өзінен – ақ байқалып тұрғандай, төбеден жарқырап тұрған  күнді аз кезіктіреміз. Негізінен алғанда роман тартысқа құрылу арқылы кейіпкердің бет – бейнесін, ақыл – парасатын көз алдымызға алып келеді. «Қан мен тер» романында кездесетін қардың жаууы. Кешегі қара суықтан кейін сабалап жауып кеткен алғашқы қармен араласа қимылдап жүріп, көптеп – көлемдеп жерқазба салып алды. Тек Қасқакөл, Қаратомаққа келе бергенде теңіз беттен қатты жел соғып, жапалап қар жауып берсін. Кешке қарай мына қыламық қардың сабалап жауып кететін сынайын де байқамады. Іле – шала көктен қар қыламықтап, жер бетін жеңіл кірпік қар басты.

Сонан қашан күз түсіп, жерге кірбік қар жауғанша жағаға келмейміз.

Аспаннан жапалақтап қою жауған қарды, дауылды жел жерге түсірмей үйіріп, көзге түк көрсетпеді.

Кейіпкер бейнесін ашуда, алда болатын оқиғадан хабар беру, табиғаттың тылсым күшінің адам өміріне тигізер әсері туралы автор шебер суреттеп берген. Қардың жаууын шығармасында қолдану арқылы оқырманға «енді не болар екен?» — деген сауал тастайды. Осы тығырықтан кейіпкерін қалай алып шығар екен деген ой салады. Осы арқылы автор романның сюжетін, тақырыбын кеңінен ашып көрсетті деуге болады. Қардың жаууын жай жазып қоймай оны құбылтып, алда болатын оқиғамен байланысты суреттей білген. Осы арқылы кейіпкерлердің бет – бейнесін, іс – әрекетін, оқиғамен байланыстыра шебер суреттеген.

«Қан мен тер» романында кездесетін қардың түрі

Иван ысылдап – пысылдап, үстінің қарын есіктің алдына тұрып қақты да, ұлтанына сіреу қар қатқан етігін сықырлата басып, төрге беттеді.

Үйге жеткен асығып, бет жағын кірбік қар шалған мұздай тайғанақтап басып келе жатыр.

Осы қырқаның бергі, көлеңке жақ етегінде әлі де бір күнге аппақ қар жатыр.

Онан орыс байымен жалданған азалы мол ауыр күндер, сықырлаған сары аяз  борасын қар жаққа қатқан жас мұз.

Қатпар – қатпар қарлы таулар.

Шыңылтыр қатты қар кей тұста шыныдай сынып, күтір – күтір ойылып, саптама етігі жуан санына кіріп кетеді.

Оққа ұшқандар, сүзектен, аштан қырылғандар ақ қар үстінде қарайып қалып жатыр.

Қиғаш түскен қиыршық қатты қар кісі бетін шып – шып ұрды.

Қатты боран шемендеп кеткен қарға  адам аяғы із сала алмайды.

Автор  қардың түрлерін шебер қолдана отырып, көркем әдебиетте тілдің эмоциялық және эстетикалық қуатын көрсете білгенін аңғарамыз.

«Қан мен тер» романында кездесетін аяздың түрі

Тіфу деген түкірік жерге түспейтін аяз мынау маңдайға найзағайдай қадалып, бетті темірдей қарып барады.

Қанша сыр бермейін десе де, таң алдындағы сары аяз шыдатпай, Еламанның ығында дір – дір етіп тұр.

Іштегі, тыстағы жайларды ойлап, қатты қиналған Тәңірберген кешкісін ауыл сыртына шығып, сықырлаған аязда көз байланғанша жүрді.

Биылғы жыл сықырлаған аясыз, қытырлаған борансыз жұмсақ басталып еді.

Жұқа шыт көйлек, жеңсіз камзолмен тұрса да, темірдей қарыған аяздысезінбейтіндей қарап тұрып қалыпты.

Аппақ қар, қыстың нағыз шаңытқан үскірік кезінде шықты.

Автор аяздың түрін шығармасына арқау ету арқылы кейіпкерлерінің шыдамды, төзімді, алғыр екенін оқырманның көз алдына алып келді. Басты кейіпкер Еламан табиғаттың осындай алапат кезіне қарамастан өзіне берілген тапсырманы тиянақты орындап, өз өмірін құрбан етуге дейін барды. Тектек Шодырдың озбырлығын, паңдағанкөрнісін сықырлаған аяз, бұрқанған боран, сіреу болған қар сияқты суреттеу барысында оның образын аша білген.

Көркем әдебиет тұнып тұрған шындық десек, осы шығарма оның нақты дәлелі. Өздеріне берілген тапсырманы орындау үшін Еламан, Дос, Кәлен, Сүйеу, Мөңкелер табиғаттың асау мінез танытқан құбылысына қарамастан теңізге шығады. Табиғаттың тосын мінезі арқылы кейіпкердің ішкі дүниесіне үңіліп,оның бойындағы қасиеттерді суреттеуде автор оқырманның ыстық ықыласына бөле білген. Шығарманың негізгі тақырыбы – балықшылар өмірін суреттеу арқылы сол кездегі замана шындығын суреттеген десем, автор сол суреттеуде тағдырдың қатал сынына кейіпкерлерін төтеп бергізе отырып шыдамдылық пен қайсарлықты дәріптеген.

Қорыта келгенде «Қан мен тер» романы біріншіден, тарихи шындықты қозғау арқылы заманалық мағынасы бар шығарма санатында.зерттеу жұмысы барысында кейіпкерлердің бойынан қайсарлықты, өмірге құштарлықты, намысшыл екенін аңғардым. Зерттеу жұмысынан алған әсерім:

  • Туындыны қабылдауым, әсерім, эмоцияны тану;
  • Эстетикалық талғам қалыптастыруға сеп болу;
  • Таным қабілеті, ойлау белсенділігі мен дербестігін ұштау;

Ең бастысы – көркем туынды бойынша талдау жасау, пікір айту жолдарын меңгеру, тақырыбы мен идеясын, композициялық құрылымын талдауды үйрене білдім. Әбдіжәміл Нұрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. Қан – өмір, билік мүдделер жолындағы күрес символы болса, тер – тіршілік, көнбіс бейнеткерлік пен үзілмес үміт символы екенін автор шығармасынан кеңінен аңғаруға болады.

 

Елубаев Жомарт Серікұлы,
Тимирязев қазақ жалпы білім беретін мектеп – интернаты
Солтүстік Қазақстан облысы
11 сынып оқушысы
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Уатхан Еркегул

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.