Home » Мақалалар » ҰСТАНЫМЫНА ҰСТАМЫ САЙ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

ҰСТАНЫМЫНА ҰСТАМЫ САЙ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Қазіргі таңда құтқарушы мамандығы – адам өмірін сақтап қалумен байланысты мәселелерді шешетін жауапты жұмыс. Бұл мамандықта да әскерилер секілді физикалық дайындығы нашар, рухы төмен адамдарға орын жоқ. Әскери қызметшілердің міндетіне аумақты қорғап, адамдық және материалдық ресурстарды сақтап қалу кірсе, құтқарушылар адам өмірін ажалдан арашалап алып қалумен тікелей байланысты.
Құтқарушардың жеке өзіне тез шешім қабылдау, қырағылық, батылдық, ұйымдастырушылық, төзімділік, жауапкершілік, тиянақтылық, тапқырлық секілді асыл қасиеттер тән. Себебі оларға бір ұжымда жұмыс атқарып, үнемі дене дайындығында болуы, тез әрекет ете білуі, батыл мінезге, тұрақты жүйке жүйесіне, қайыспас қайсар рухқа ие болуы қажет.    Мұндай асыл қасиетті адамдар санатына қаһарман тұлға Рамазан Татжанұлы Қадыровты жатқыза аламыз.

Рамазан Татжанұлы Қадыров 1964 жылы 30 қаңтарда Қарағанды облысы Теміртау қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Татжан Қадыров Қарағанды металлургия комбинатында сталевар болып жұмыс жасаған. Анасы Қадырова Рахимаш үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты.

Рамазан ағамыз мектепте өзінің қатарластары секілді футболға, волейболға жаны жақын болып, арман қуып өсті. Сабағын жақсы оқып, әр пәнді терең меңгере білді.

Рамазан Татжанұлы 1971 жылы мен Теміртау қаласындағы №7 орта мектепке қабылданып, оны 1981 жылы бітіріп шықты. Мектеп бітірген соң ІІМ қарасты Алматы өрт сөндіру техникалық училищесіне оқуға түседі. Училище бітірген соң 1985 жылы Қарағанды облыстық атқару комитеті ВП-12 ОПО УВД-да өрт сөндіру профилактикасының инспекторы қызметіне тағайындалады.
Мамандықтың жаманы жоқ, тек әрбір жан өзінің жүрегі қалаған кәсібін таба білуі керек. Сонда ғана ол маманның еңбегі жанып, кәсібінен береке таппақ. Бүгінгі кейіпкеріміз –Р.Т. Қадыровтің пікірі осындай.
Рамазан ағамыз 1986 жылы КСРО ІІМ-нің Жоғары инженерлік-техникалық мектебіне түсті. Жоғарғы мектепті бітірген соң 1990 жылы Теміртау қаласындағы СВПЧ-108-де аға инспектор қызметін абыроймен атқарады. Ал 1993 жылы сол жерге аға инженер болып тағайындалады.

Рамазан ағаның әңгімесін тыңдаған сайын бір өмір мектебін бі­тір­гендей боласың. Ойыңа көп нәрсе оралып, көңілдің көкжиегі кеңи түседі. Ол өзінің өмір өткелдері арқылы жастардың бойындағы ұлттық рухты оятып, па­расатты тірлікке баули береді. Мұның өзі сабырлылығы мен салиқалылығы, білімділігі, көргені мен түйгені мол ағамыздың абыройын аспандатып, беделін биіктете түскен еді. Шын мәнінде ол мектеп бі­тірген жылдарда ауыл балалары ғалым болудан гөрі агроном, зоотехник, дә­рігер болуды көп армандайтын. Ілу­де біреуі басқа мамандық таңдап жат­са, оған таңданыспен қарайтын. Алайда Рамазан Татжанұлының мамандық таңдауына еш таңданған жоқ. Өйткені, ол болашағынан үлкен үміт күттіретін, жүрегі жылы, адамдық қасиеті басым ойлы азамат болып өскен-ді.  Содан болар ол үлкен ұжымдардағы сан түрлі адамдардың сан түрлі мінез қақтығыстарына түсіністікпен қарай білді. Әр нәрсенің орнын білетін жас маманның салмақтылығы, өзі­не тапсырылған жұмысқа деген жа­уап­­кершілігі басшылар назарын тез аудар­­ды. Жылдар жылжып, күн­дер өте келе Рамазан ағамыздың қызмет бас­пал­дақтары да биіктей берді.

Ал 1994 жылы Госпожнадзор тобына жетекші, одан әрі Теміртау қалалық ПЧ-22 мекемесі басшысының орынбасары болды. 1998 жылы Рамазан Татжанұлын ҚР ТЖМ Көкшетау институтына ауыстырды. Институтта ол әртүрлі қызмет атқарады. 2002 жылға дейін оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарып, шәкір тәрбиелейді. 2002 жылдың шілде айынан бастап институттың күндізгі бөлім басшысы лауазымын атқарады. 2003 жылы 17 сәуірдегі өрт сөндіру күнінде екінің бірінің қолы жете бермейтін полковник шенін алды. Қай салада да аянбай тер төгіп, бейнетінің зейнетін көруге әбден лайық ағамыз 2009 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Бұйрығы бойынша ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институты басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Барша саналы ғұмырын жастарды терең білімнің қайнар бұлағынан сусындатуға арнап, білім беру саласынан ойып тұрып орын алған атпал азаматтың өз саласын дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Себебі өзі қызмет ететін Көкшетау техникалық институтында да көп еңбек сіңіріп, әр шәкіртіне өз саласына адал қызмет етуге баулыды. Көкшетау техникалық институты – Қазақстанның түкпір-түкпірінен құтқару қызметінің қызметкерлері жиналатын орын. Мұнда тәжірибелер алмасып, білім мен білік шыңдала түседі. Бұл оқу орны жоғары білімді білікті офицерлерді жоғары моральді әрі іскерлік қасиеттерге баулып, дайындайтын ҚР ІІМ ведомстволық жалғыз оқу орын болып табылады. Өрт сөндіруші мамандығы — әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірі. Жылжымалы баспалдаққа мінуді, газқағарды қолдануды, қою түтінде жүруді, жүгіруді, секіруді, ауырды көтеруді үйренуге әрине болады, алайда ең қиыны — өзге біреудің өмірін құтқару үшін әр сәтте өз өміріңді қатерге тігуге дайын болу. Өрт сөндіруші құтқарушы жұмысы – ең абыройлы мамандықтардың бірі, себебі көп орын алатын төтенше жағдайларға және табиғи немесе техногенді факторларға төтеп беру үшін кәсіби мамандар қажет, олар кез келген уақытта адамдарды құтқаруға дайын болулары тиіс. Бірі – өрттің алдын алумен, екіншісі жалынды сөндірумен айналысады. Менің  өрт сөндіру саласында тер төгіп, бүгінде тілсіз жаумен күресудің айла-шарғысын меңгеру – ауқымды жұмыс. Тілсіз жаудың алдын алу біліктілікті талап етеді. Рамазан ағамыз әр шәкіртінің санасына осы ауыр саланы өз деңгейінде меңгеріп шығуға күш салған азамат.

2011 жылдың шілде айында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде тәрбие ісі жөніндегі проректор болып тағайындалды. 2012 жылдан бері аталмыш университетте әскери кафедрада аға оқытушы қызметін атқаруда. Рамазан ағамыз атқарған ауқымды жұмысының өтеуі ретінде еңбегі ескеріліп, 2009-2010 жылдарда Астана қаласында өткен салтанатты шерулерге қатысты. Ал 2011 жылы қызметтік демалысқа шықты.   Рамазан Татжанұлы қандай басшылық қызметте болса да өз ортасына сыйлы болды. «Басшылар екі түрлі  болады. Бірі өмірден өзін іздейді. Екіншісі ізін іздейді. Өзін іздейтін адам күнделікті тірлік күйбеңімен күн өткізіп, жоғарыға жал­тақтаумен, жағынумен, жиналыста пре­зидумға ұмтылумен өтеді. Екіншісі ол «халқым үшін, ертеңгі ұрпақ үшін қандай өнегелі іс атқардым» деп өмір­ден өз ізін іздейді» — деген халық дана­лығын өзінің берік ұстанымына айналдырып, ел үшін, тәуелсіз еліміздің ғылымы үшін тынымсыз еңбек ете білді.

Отбасында жары екеуі 2 қыз тәрбиелеген шаттығы мол шаңырақ. Зайыбы Мәдина Амандыққызы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Үлкен қызы Дина Ақмола облыстық ГУ «СПиАСР» ДЧС-да бас маман, кіші қызы Диана аталмыш мекемеде диспетчер мамандығын абыроймен атқаруда. Бүгінде жолдасым екеуі немерелер қызығын көруде.

Ағамыз өрт сөндіру қызметінің құрметті ардагері, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, бірнеше орден-медальдармен наградталған.

«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ шешен бабамыз. Рамазан ағамыздың биік болмысын, табиғатын, тума талантын тарқататын да айшықтайтын түйін осы.

Рамазан ағамыздың тәлімін алып, тәрбиесін көрген шәкірті ретінде деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне жеміс, келешегіне кемелдік, абыройына асқақтық тілейміз!

 

Манас КАДЫРБАЕВ,
Астана қаласы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ
9 – ӨСБ қарауыл бастығы а.қ. капитаны

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.