Сұрақ қойған бес минут қана ақымақ болса,
Оны қоймаған өмір бойы ақымақ боп өтеді.
Қытай даналығы.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай», – деп Сократ айтқандай Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету –мұғалімнің басты міндеті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», — деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Міне, біз танысқан «Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады.
Әйгілі зерттеуші Л.С. Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту — бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе», жаңаша оқыту — «дамытуды өзімен бірге ала жүреді» — деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай, мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.
7 модульді ықпалдастыру: «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету»
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, оқушылар өзара қоян- қолтық қарым -қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзімізге сыни тұрғыдан ойлауымыз керек.
Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі, пікір алмасуы диалогпен жүзеге асты. Топтық әдісті қолданғанда оқушылардың бір- бірімен ақылдасуы, оны топтан біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді.
«Талантты және дарынды балаларды оқыту»
Рас, ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек».
Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс.
— Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.
— Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау.
— Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру
Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі.
«Оқыту мен оқуда АКТ қолдану»
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Ақпараттық технологиялардың білім берудегі пайдасы мыналар болып табылады.
— алыстағы ақпарат көздерін пайдалану,
— түрлі жүйелерге ену арқылы өз бетімен іздену,
— сұраныс бойынша ақпарат алу,
— интернет тарапында берілген тапсырмалар мен жаттығуларды орындау,
— ақпаратты кез-келген арақашықтықта тез арада жеткізу,
— өзі оқып отырған тілде электронды пошта арқылы хат алмасу,
— ақпараттың қажетті түпнұсқасына қосылу.
«Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау»
Білім алу кезінде бағаның орны ерекше. Бір сабақ үстінде бірнеше оқушыны бағалау мұғалім шеберлігіне байланысты. Баға алуда оқушылар алға талаптанады, ізденеді. Кейбір оқушы білім үшін емес, баға алу үшін оқиды. Сондықтан бағаны дұрыс қою және оның нақты болуын алға қою әр мұғалімнің есепке алар міндеті. Сабақ үстінде бірнеше бағалау әдістерін қолдануға болады. Суммативті баға мен формативті бағаны қою әрбір сабақтың негізгі сатысы болуы шарт.
«Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып оқыту»
Білім берудің мазмұнына енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы да ғылым негіздері бойынша білімді меңгертумен қатар оқытуды дараландыруға жағдай жасау арқылы оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, қажеттіліктері мен қызығуларына сай білім беруге бағытталып отыр. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек.Сол кезде сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді
«Оқудағы көшбасшылық және басқару» модулі арқалы сіз сыныпты басқару және өзгеріс оқыту мен оқу ортасын жоспарлау.
Сонымен сөзімді қорытар болсам сабақ барысында мынадай талаптар басшылыққа алынуы қажет:
- Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.
- Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.
- Балалардың оқуға деген ынтасын күшейту керек.
- Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.
- Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.
Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу — оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып , өз сұрағына өзі жауап іздеп жан-жақты білім алуына көмектеседі.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!
Омарова Зулфия Алдашқызы,
ОҚО, Созақ ауданындағы Науайы атындағы
жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі