Home » Мақалалар » Ұстаз – ұлы тұлға

Ұстаз – ұлы тұлға

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, — деп ақын ағаларымыз айтқандай, ұстаз – адамзат баласын білім нәрімен сусындататын, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тағылымы мол тәрбие беретін аяулы да ардақты жан. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез — келген шəкірт ұстазымен мақтанады.Өзінің ісімен, өзінің сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері – ұстаз. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – білім ордалары десек, оның басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан басталады» деген Абай атамыздың қанатты сөзін өмірлік ұстанымдарына айналдырып жүрген, талғамы жоғары, еңбекқорлығы басым, бүгінгі таңда шырқау биікке қанат қаққан, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан, өзгенің бақытын аялап, өз уақытын аямай шәкірттеріне тағылымы мол тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарымыз аз емес. Ұстаздардың бала көңілі əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде.«Ұлттың ұлағаты — мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты — оқу мен әдебиетте», — деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз тәрбиелейді.Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы жолдауында өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап, қиын да жауапты істі арқалап жүретін ұстаздар қауымының қоғамдағы орны ерекше екендігін атап өтуде.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деп Абай атамыз айтқандай, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздарды шәкірттері әрдайым мақтан тұтары сөзсіз! Қажырлы ерен еңбектің арқасында шәкірт жүрегінен жол таба білген ұстаз болу — қандай бақыт!

Айнабекова Кульзипа,
Алматы қаласы,
«Тұран» колледжінің ұстазы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.