Астана қаласы
№2 Өнер мектебінің мұғалімдері
Каленова Асылзат Өржанқызы
Кенжегулова Алтын Қауазқызы
Әр мереке өзінше ерекше. Ал, жас тәлімгерлерді білім нәрімен сусындатып, әркез жақсы мен жамандықты айыра білуге үйрететін ұстаз атты ерекше тұлға үшін ерекше мереке бар екенін біз жақсы білеміз. Осы ерекше мерекені еліміздің түпкір-түпкірінде өзінше бір салтанат-жиынымен атап өтеді. Аталмыш игі дәстүрден еліміздің бас қаласы Астана шаһарында орналасқан, қосымша білім беретін №2 Өнер мектебі де тыс қалмады. Ағымдағы жылдың қазан айының 5 жұлдызында өнер шаңырағында «Ұстаз — ұлы тұлға» атты халықаралық ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Бұл іс-шараның өткізілу мақсаты: өскелең жас ұрпақты ұстаз еңбегін бағалап, әркез құрметтеуге, сыйлай білуге жеткіншектерді тәрбиелеу. Ұстаз мамандығының қыры мен сырын түсіндіре отырып, ұстазбен оқушы арасындағы қарым-қатынасты көрсету болды. Мектебіміздің «театр өнері» бөлімінде оқитын, талантты жас жеткіншектер осы бір атаулы іс-шараның шымылдығын «Ұстаз» композициясымен ашты. Іс-шараның жалғасы мектебімізде оқитын қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, мектебіміздің мақтаныш оқушылары өздерінің төл ұстаздарымен бірігіп өнер көрсетуге ұласты. Одан кейін, би сыныбының оқушылары оқытушысымен бірге би билеп, көрермендердің көңілін бір көтеріп тастады. Домбыра, жетіген, дәстүрлі ән сыныбында тәлім алушы жеткіншектер тәлімгерлерімен айрықша өнер көрсетіп, баршамызды шат-шадыман көңіл-күйге бөлегені рас. Жүргізушілер театр бөлімінің оқушылары Риза мен Дарын барша ұстаз еңбегінің зор екендігін, сол еңбектің арқасында осындай талантты да талапты оқушылар өсетінін ерекше атай отырып, кешті одан әрі қызықты әңгімелерімен қыздырып әкетті. Игі іс-шараның басында және соңында елімізге есімі белгілі «Айналайын» балалар хоры ән шырқап, соңы ұстаздарға құрмет ретінде гүл шоқтарын табыстаумен жалғасты. Әсем кешті көруге келген көрермендер ерекше сезімге бөленіп, шат-шадыман күйде тарқасып жатты. Көрермендердің көтеріңкі көңіл-күйі жарқырыған жанарларынан көрініп тұрды. Осындай көңілге нәр беретін, есте қалар есті іс-шаралар көп болсын деп тілек айтқымыз келеді.