Менің мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Бала кезімнен ұстаз болуды армандаған едім. Осы арман-мақсатпен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіндегі «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын меңгердім. Бастауыш сыныпты таңдаған себебім, ол – өте қызықты мамандық. Балалар сені жақсы көреді және сеннен әрдайым қандай да бір жаңалық нәрселерді күтеді. Ал мен болсам олардың армандарын орындауға тырысамын, олардың жеткен жетістіктеріне қоса қуанамын.
Оқу-білім қайнарымен сусындататын абыройлы мамандығымды мақтан тұтам. Біз мектепте татулығы жарасқан байтақ мекеннің болашағы үшін құс қанатымен су сепкендей болса да көмегімізді тигізіп жатырмыз деген мақтаныш кеудемді кернейді.
Бастауыш сыныптарға сабақ беретін әрбір ұстаздың алға қойған мақсат-міндеті мен педагогикалық ұстанымы болу керек.
Менің ұстанымым – жүрек қалауымен таңдаған мамандығыма жауапкершілікпен қарау. Ұстаз болу жай ғана мамандық емес, ол – адамды бағыттаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Бұл ұстаздың үлкен жауапкершілік иесі екендігін айқындап тұр.
Нұрмахан Гүлдана Қойшыманқызы
№57 орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі
Астана қаласы, Алматы ауданы