Қазіргі таңда ел өмірінде орын алған елеулі өзгерістер мен жаңарулар үрдісі сапалы терең білімнің қажеттілігін уақыт өткен сайын дәлелдей түсуде. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ел азаматы. «Елімізді 2030 жылы барысқа айналдыратын күш – мектеп партасында отырған оқушылар мен 15-20 жас аралығындағы жастар», — деп Елбасымыз бекер айтқан жоқ. Жас жеткіншектердің тәуелсіздіктің көк байрағын биік ұстауы жас ұрпақтың білімі мен парасатына, іскерлігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осыған орай, бүгінгі таңда ұстаздар қауымына артылар сенім, жүктелген парыз өте жоғары. Қандай кезеңде де білім ордасындағы басты тұлға – Мұғалім.
«Дала жанының бағбаны, адам жанының инженері» саналатын ұстаз қоғаммен бірге біте қайнаса жұмыс жасайтын, үнемі белсенділік танытатын, үздіксіз ізденіспен тынымсыз еңбек иесі. Міне, осындай ұстаздардың бірі де бірегейі Айыртау ауданының, Дауқара орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қымбат Арапқызы Мажикеева.
Адам баласы өмірдің белгілі бір белесін артқа тастаған тұста артында қалған іздеріне зер салып: «Осы мен не бітірдім?» деген сұраққа жауап іздері анық. Қарапайым жанның өмір жолы да қарапайым.
Жер бетіне махаббат мейірімі мен күздің молшылығын ала келген 1966 жылғы қараша айының 17 жұлдызында Володар ауданының Шолақөзек ауылында дүниеге келген Қымбат Көкшетау қаласының мектеп-интернатын аяқтап, 1984 жылы Ш.Уалиханов атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1989 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Еңбек жолын аталмыш мектептің математика пәні мұғалімі болып бастады. 2000-2005 жыл аралығында СҚМУ шет тілдері факультетін аяқтап, екінші мамандық — ағылшын тілі мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырды. Қазіргі уақытта Ш. Уалиханов атындағы университетте математика мамандығы бойынша магистратурада білімін жалғастырауда.
Еңбек өтілі 28 жыл ішінде «Өрлеу» біліктілік курсының ІІІ деңгей дәрежесін алды.Алматы қаласында British Consul бағдарламасының ETTE Teacher Training course, халықаралық бизнес академиясында «The Best of Teaching Practices» курстары бойынша біліктілігін арттырды.
Жеке басының алғыс марапаттары да аз емес:мектеп басшысының,аудандық білім бөлімінің алғыс хаттары,құрмет грамоталары,М.Жұмабаев оқуларында «Жұлдызды-жүзік,айды-алқа ғып берейін» ән айту номинациясы бойынша ІІ дережелі диплом,ағылшын тілі пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадасына қатысқанын растайтын сертификаттар және т.б. марапаттары баршылық. Ұлағатты ұстаз бұл күнде инновациялық технологияларды пайдалана отырып, мектептегі білім беру бағдарламасын жоғары деңгейге көтеруге ат салысуда. Мұғалімнің еңбегі оқушы білімімен өлшенеді. Ұстаз жолын жалғастырған шәкірттері бұл күнде абыройлы қызмет атқаруда. Әріптестерінің арасында сыйлы, беделді, білімді, ардақты ұстаз қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы әдістемелік бірлестігінің жетекшісі.
Ағылшын ғалымы Улиямның: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген ойымен ойымды аяқтап, шығармашылық табыс пен шабытын шыңдаған әр оқушының жүрегіне жол таба біліп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі, өзінің бар күшін бүкіл өмірін шәкірттеріне арнаған деп айтар едім.
Бір сөзбен айтқанда, Қымбат Арапқызы – ұстаз деген ұлы ұғымды ұлық тұтып, сол биіктен көрініп жүрген жан.
Дюсенова Қарлыға Қаратайқызы,
«Дауқара орта мектебі» КММ
химия пәнінің мұғалімі,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы