Home » Эссе » Ұстаз — ұлағатты ұғым

Ұстаз — ұлағатты ұғым

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегін кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға.

Абай

         Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді.

Ұстаз- шебер әдіскер, нағыз психолог жан. Олар-оқушылары өз пәнінің қыр-сырын меңгеруі үшін, алған білімін өмірде кәдесіне жарата алуы үшін күні-түні тынбай ізденуден шаршамайтын, ішіндегісін тап басып біліп, бауырына қысудан жалықпайтын адам. Бұл-біздің тізбектелген, тұрақты ісіміз. Содан қанаттанамыз, күш-қуат аламыз. Өйткені уақыт көшіне ілесу-әр адамның мәртебелі міндеті.  Әр оқушысына сүйіспеншілікпен қарап, олардың қабілет-қарымын, мінездерін де ескеріп отырады. Әр оқушысының бойынан жылт еткен жақсылықты бағалап, жоғарыға жетелейді, талабын ұштайды.

Қаншама мехнаты көп болғанымен, адам баласы ақырындап, сол бейнеті зейнетке айналған сайын құмарлана түседі деп ойлаймын. Қазіргі заманның ұстазының болмысы осыған саяды. Ол-саяси сауатты, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, педагогикалық-психологиялық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, ізденімпаз өз ісінің шебері. Қорыта айтқанда, ұстаз-тәрбиеші, маман, жаңашыл, шығармашыл, психолог, тәлімгер, әдіскер, еңбекқор, шебер, балажан.

Г.Ж.Саримова
Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.