Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек бала ғана мейірімділікке сенеді, өз құпияларын айтып, бізге сенім артады.
Күлян Бегимжанқызы Шапиева 32 жыл өзінің саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап келеді. 1989 жылы Павлодар педагогикалық колледжін бітірген соң, бірден өз мамандығы бойынша өмірлік тәжірибесін балаларды тәрбиелеу мен білім беруге арнады. №6 сәбилер бақшасында ашылғаннан бері 2009 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Жоғары санатты, әр іске жауапкершілікпен қарайтын ұлағатты ұстаз-тәрбиеші, аяулы ана, қазіргі таңда немерелерінің тәтті қылықтарына бөленген бақытты әже. Ешқашан қиындыққа мойымай, өнегелі шәкірт тәрбиелеп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісе отырып, жас маман тәрбиешілерге кеңесін айтып, үйретуден, қол ұшын беруден еш жалықпаған. Бойындағы адамгершілік қасиетімен, ашық, сыпайы, биязы мінезімен әріптестерінің ортасында сыйлы да, беделді.
Күлян Бегимжанқызы қажырлы еңбегін айғақтаған дипломдары, Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарымен қатар, тәрбиеленушілерінің жетістіктері де аз емес. Ол – қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері. Өз білімін жетілдіруде «Қазақ халқы өміріндегі қасиетті бесіктің орны» (2012-2013ж.) және «Мектепке дейінгі ұйымдағы салауатты өмір салты» (2014-2015ж.) тақырыптары бойынша екі әдістемелік құрал шығарды. «Мектепке дейінгі балалардың тілдік құзіреттілігін мазмұнды-рөлдік ойындар арқылы дамыту», «Тіл дамыту әрекетінде модульдік оқыту технологиясын қолдану арқылы, балалардың байланыстыра сөйлеу құзіреттілігін дамыту» атты облыстық семинарда ПМБАИ курс тыңдаушыларының алдында өз тәжірибесімен бөлісті. Облыстық «Қазақстан-Павлодар» телеарнасында тәрбиеленушілері «Павлодар-Семей-Өскемен-Қарағанды» телекөпірінде және «Туған тілім – байлығым» атты бағдарламасына белсене қатысты. Тікелей эфирде, «Ертіс таңы» телебағдарламасында «Ойыншықтар» тақырыбында сұхбат берді және облыстық «Ұстаздар» газетінде «Бала ойыншықтары» атты мақаласы шықты.
Мектепалды даярлық тобының балаларын осылайша шығармашылықтарын дамыта отырып, қазіргі заманғы педагогикалық теория мен тәжірибені басшылыққа ала отырып, өзінің еңбектерінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде сабақ барысында инновациялық технологияларды пайдалануда. Күлян апай бүлдіршіндердің ұлағатты, білгір, батыл, еңбекқор, ойшыл өнерпаз болып өсуіне аянбай тер төгуде. Сол себепті, балалар мен ата-аналардың да о кісіге деген құрметі ерекше. Тіпті, бақшаны бітіріп кеткен тәрбиеленушілерінің ата-аналары әлі күнге дейін бұл кісінің зор еңбегін бағалай біліп, мерекелермен құттықтап, сыйлай білуде.
Жанаргуль Жумагожина
№6 мектепке дейінгі
мекеме тәрбиешісі,
Павлодар қаласы